Әскери кемелер жасайтын «Зенит» зауыты сатылымға қойылды
Оралдағы кеме жасайтын «Зенит» зауыты сатылымға шығарылды. Кәсіпорынның жалғыз акционері – «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы зауытты электронды конкурс арқылы сатпақ. Кәсіпорын 18,49 млрд теңгеге бағаланған.
Астана, NEGE. «Зенит» – Батыс Қазақстан облысындағы байырғы өндіріс орындарының бірі. Зауыт 1941 жылы Орал қаласында құрылған. Қазір кәсіпорын кеме мен катер жасап, оларды жөндеумен және жаңғыртумен айналысады. Зауыттың негізгі тапсырыс берушілері қатарында Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметі бар.
Кәсіпорын кеме жасаумен ғана шектелмейді. Мұнда металл конструкциялар, резервуарлар мен цистерналар, резеңке-техникалық бұйымдар және басқа да өнімдер өндіріледі. Зауытта дәнекерлеу, механикалық өңдеу, құю, электр монтаждау, бояу және басқа да жұмыстарды атқаратын өндірістік цехтар бар.
«Зениттің» аумағы шамамен 20 гектарды алып жатыр. Ғимараттарының жалпы ауданы 74 мың шаршы метрге жуық. Кәсіпорында мыңнан астам станок пен түрлі жабдық бар. Қазір зауытта 600-ге жуық адам еңбек етеді.
2025 жылы кәсіпорынның кірісі 10,16 млрд теңге, шығыны 10,08 млрд теңге болған. Таза пайдасы 81,7 млн теңгені құрады. Ал 2026 жылдың жоспары бойынша таза пайданы 513 млн теңгеге дейін жеткізу көзделген.
Сонымен қатар зауыттың кредиторлық берешегі бар. 2026 жылғы 31 тамыздағы мәлімет бойынша оның жалпы көлемі шамамен 3,09 млрд теңгені құраған.
Болашақ иесі зауытты сатып алғаннан кейін оның қызмет бағытын өзгерте алмайды. Конкурс талаптарына сәйкес, кәсіпорынның қазіргі мамандану бағыты мен жұмыс орындары сақталуға тиіс. Қызметкерлердің кемінде үштен екісі Қазақстан азаматтары болуы керек.
Сондай-ақ жаңа меншік иесі мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясындағы қолданыстағы келісімшарттарды орындауды және азаматтық мақсаттағы өнім шығаруды жалғастыруға міндетті. Бұған қоса, өндіріске жаңа технологиялар мен ноу-хау енгізіп, білікті мамандар тартуы қажет.