Әскери борышты өтеуді қандай жағдайда кейінге қалдыруға болады?
Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушы мәртебесін қалай тексеруге болатынын, сондай-ақ әскери борышты өтеуді уақытша кейінге қалдыру ережесін түсіндірді.
Астана, NEGE. Министрлік өкілдері қазіргі шақыру жүйесі мемлекеттік ақпараттық базалармен біріктірілгенін еске салып өтті. Жергілікті әскери басқару органдарында әскерге шақырылушы туралы негізгі мәліметтердің барлығы қолжетімді. Дегенмен әр азамат өз мәртебесін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы секілді мемлекеттік сервистер арқылы тексергені жөн.
«Бұл сіздің әскерге шақырылатыныңызды, қолданыстағы кейінге қалдыру негізінің бар-жоғын немесе қосымша құжаттар қажет екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Бұл ретте министрліктегілер оқу орны немесе жұмыс орны деректерді уақытында жібермеген жағдайда, сондай-ақ отбасылық жағдай өзгерген кезде мәліметтер дұрыс көрсетілмеуі мүмкін екенін ескертеді. Мұндай жағдайда азаматтың өзі ақпаратты растауы қажет.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру заңды негіздер бойынша беріледі және уақытша сипатқа ие:
- білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқу кезеңіне;
- денсаулық жағдайы – емдеуді немесе бақылауды қажет ететін аурулар болғанда)-;
- отбасылық жағдайлар – асырауындағы адамдардың болуы, жақын туыстарға күтім жасау қажеттілігі;
- кәсіби қызмет (жекелеген санаттар үшін).
Кейінге қалдыру тек құжатпен расталған жағдайда ғана күшінде болады.
Мына санаттағы азаматтар әскери қызметтен толық босатылады:
- медициналық комиссия қорытындысы бойынша денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылғандар;
- бұрын әскери қызмет өткерген азаматтар;
- заңнамада көзделген өзге де негіздері бар тұлғалар.
Кейінге қалдырудан айырмашылығы, босату тұрақты сипатқа ие және жыл сайын растауды қажет етпейді.
Елден тыс жерде болу әскери есептен босатпайды. Мұндай жағдайда әскери комиссариатты хабардар етіп, болмау себебін құжатпен растау қажет.
Қазір оқып жатыр
Егеуқұйрық уы анықталды делінген балалар тағамы Қазақстанда сатыла ма?
Ресей Қазақстанның Германияға тасымалданатын мұнай экспортын тоқтатуы мүмкін
«Шетелдіктер қарумен ұсталды»: полиция депутаттың мәлімдемесін теріске шығарды
Чернобыль ликвидаторларының жәрдемақысы өспейді: Министр кесіп жауап берді