4 Желтоқсан 11:36
...

Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратураның бақылауына өтті

Ақмарал Әлназарова
Фото: әлеуметтік желіден

Әскери борышын өтеп жүрген кезінде бас сүйек-ми жарақатын алған сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратураға өтті, – деп хабарлайды отбасының адвокаты Инга Иманбай.

Алматы, NEGE. Бас прокуратура қылмыстық істі толық бақылауына алғанын және барлық материалды жан-жақты зерттейтінін мәлімдеген. 

«Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін іс жаңа серпін алды. Енді Ербаян ісінде әділдік орнайды, ал оны бүгінгі жағдайға жеткізгендердің барлығы лайықты жауапкершілікке тартылады деп сенеміз», – деді адвокат Инга Иманбай.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар ауыр жарақат алған еді. Әскерилердің ресми нұсқасы бойынша, сарбаз «дәретханада құлап, басын едендегі плиткаға соғып алған». Алайда Ербаянның туыстары бұл мәліметке күмән келтіріп, жай құлап қалудан мұндай ауыр жарақат алу мүмкін еместігін айтқан. Ауруханаға жеткізілген кезде дәрігерлер Ербаян Мұхтарға миға қатты соққы, жедел субдуральді гематома, шүйде сүйегінің сынуы және тағы басқа ауыр диагноздар қойған.

Осы жағдайдан кейін Қазақстан халқы Ербаянның еміне қаржы жинады. Соның арқасында сарбаз Түркияға аттанып, ота жасатып қайтты.