Әскерде басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар жансақтау бөліміне түсті
Әскери борышын өтеп жүрген кезінде бас сүйек-ми жарақатын алған сарбаз Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде оңалту және қалпына келтіру маманы Ұлпан Советбекқызы желідегі парақшасында хабарлады.
«Ресми түрде мәлімдеймін: кеше (26 мамыр) Ербаян Мұхтар шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ауруханасына жатқызылды. Ербаянның ата-анасының өтініші бойынша осы мәлімдемені жасап отырмын. Себебі Ербаян жансақтау бөлімінде жатыр, ал ата-анасы оның денсаулығына қатысты қажетті ақпараттарды толық ала алмай отыр», – деп жазды Ұлпан Советбекқызы.
Сондай-ақ ол қазақстандықтардан Ербаянның жағдайына бейжай қарамай, қолдау білдіруді сұраған.
Еске салсақ, 2023 жылдың желтоқсанында Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар ауыр жарақат алған еді. Әскерилердің ресми нұсқасы бойынша, сарбаз «дәретханада құлап, басын едендегі плиткаға соғып алған».
Алайда Ербаянның туыстары бұл мәліметке күмән келтіріп, жай құлап қалудан мұндай ауыр жарақат алу мүмкін еместігін айтқан. Ауруханаға жеткізілген кезде дәрігерлер Ербаян Мұхтарға миға қатты соққы, жедел субдуральді гематома, шүйде сүйегінің сынуы және тағы басқа ауыр диагноздар қойған.
Осы жағдайдан кейін Қазақстан халқы Ербаянның еміне қаржы жинады. Соның арқасында сарбаз Түркияға аттанып, ота жасатып қайтты.
Желтоқсанда отбасының адвокаты Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратураға өткенін хабарлаған болатын. Бас прокуратура қылмыстық істі толық бақылауына алғанын және барлық материалды жан-жақты зерттейтінін мәлімдеген.