19 Қараша 08:41
...

Асқар Маминге брондалған Aurus не үшін  қажет?

Фото:

Абу-Дабиде Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктері премиум-санатты брондалған Aurus лимузиндерінің шоурумын (таныстыру) ашты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров Aurus лимузиндерінің мақтауын әбден келтірді. Оның айтуынша Aurus Komendant деп аталатын жол талғамайтын көлік те құрастырылмақ. Өйткені мұндай көліктер Азия мен Таяу Шығысқа керек екен.

Д.Мантуров.

Басқа елдерден түсіп жатқан тапсырыстарды айта келе Мантуров сөз арасында былай деп қалды: «Жақында Қазақстанның премьер-министрін біздің брондалған Aurus лимузинімен күтіп алды. Тіпті мен Қазақстанның тапсырыс бергені туралы да естідім. Нақты қанша және кім тапсырыс беретіні жайында түпкілікті ақпарат менде жоқ».

2 қараша күні Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Мәскеуга барып, Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездескен. Дәл осы кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, транзиттік-транспорттық және тағы басқа да салалар бойынша келіссөз жүрген. Міне, Aurus мәселесі осы жиында сөз болуы әбден мүмкін.

М.Мишустин мен А.Мамин.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 27%-ға өсіп, 14,7 млрд долларға жеткен. Жыл аяғына дейін көрсеткіш 20 млрд доллардан асады. Өнеркәсіп кооперациясы саласында ғана құны 1,7 млрд долларлық 8 ірі жоба іске асып жатыр...

Ұзын сөздің қысқасы, осы жолы Мишустин Маминді ханның ұлындай қарсы алып, қошеметтеп шығарып салыпты. Бәсірең деп астына тұлпар мінгізбесе де, әуежайдан Aurus лимузинімен күтіп алып, осылай жарқырап жүруі керек екенін ұқтырған сыңайлы. Мишустин Маминге Aurus жарасатынына сендірмесе, қарамағындағы министрі Мантуров келісім туралы айтпас еді.

Aurus-тың ең арзаны Senat 18 млн рубль тұрады. Теңгеге шаққанда – 108 млн. Ал брондалған лимузинінің құны – 22 млн рубль (132 млн теңге).

Қош, сонымен Aurus кімге керек? Мемлекет басшысына ма? Бұған күмәніміз бар. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі басы артық шығындарды қысқарту туралы жиі айтады.

Бәлкім, брондалған ресейлік лимузиндерге Елбасының көзі түскен шығар? Бұл да күмәнді. Тұңғыш Президенттің ауласында «аурустардың» жеті атасы тұрғанына шәк келтіру қиын.

Әлде Асқар Ұзақбайұлы Парламенттің қос палатасы Сенат пен Мәжілістің төрағалары Мәулен Әшімбаев пен Нұрлан Нығматулинге бір-бірден Senat мінгізгісі келе ме? Бұл да қисынға келіп тұрған жоқ. Мемлекеттік органдарға шетелдік көліктерді сатып алуға салынған мараторий әлі күшінде.  

Aurus Senat

Енді кімге? Қалғаны – Маминнің өзі. Үкіметке қарата айтылған сын күшейген сайын үкіметбасы белсеніп келеді. Жақында бес-алты журналисті жинап, «Елбасының стилінде» сұхбат берді және оны жақсылап жарнамалады. Қолайсыз сұрақ қоюы мүмкін журналистерден қашатыны тағы бар. Премьер-министрдің шекпені өзіне тарлау соғып жүргенін іс-әрекетімен көрсете бастаған Асқар Ұзақбайұлы тақымында брондалған Aurus жүргенін қаламайды дейсіз бе?

Aurus мәселесін нақтылау үшін Nege.kz порталы Премьер-министр А.Маминнің атына ресми сауал жолдады. Жауап көп күттірмейді деп сенеміз.

Тегтер: