20 Желтоқсан 14:56
...

Асыл тектің аты өлмес

Фото:

Жамбыл облысында Кенен Әзірбаевтың ескерткіші ашылады

Алматы, NEGE. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Тараз қаласында орналасқан «Баласағұн» ОКЗ-ның алдынан халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың ескерткіші ашылады. Биіктігі 3 метрді құрайтын ескерткіш мыспен қапталған, іші күйдірілген бетоннан жасалған.

Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың ескерткішін мүсінші Темірхан Көлжігіт жасады.  

Кенен Әзірбаев - қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген. Ол - жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Мемлекет қайраткерлері Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Тоқаш Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей ән толғап, оның өлеңін жазды. Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған.

Тегтер: