Аша Матай заңгермен пікірталасқа түсуден бас тартты
Танымал әнші, тележүргізуші және Қазақстан Халық партиясының атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне енгізілген Аша Матай заңгер Мейірман Шекеевпен пікірталасқа түсуден бас тартты.
Астана, NEGE. Әнші бұл шешімін анасынан алған тәрбиесімен түсіндіріп, ер адамдармен сөз таластыра алмайтынын алға тартты.
«Мені пікірталасқа шақырып жүрген кейбіреулер бар екенін естіп жатырмын. Анамның үйреткені: "Қазақ қызына жеке мүддесін дәлелдеу мақсатында ермен, оның үстіне ел ағасы жасындағы ер адаммен сөз таластыру жараспайды". "Айтарым бар, арманым бар" дей келе, тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын», – дейді Аша Матай желідегі парақшасында.
Ол заңгерді «тырнақ астынан кір іздемей, бірге жұмыс істеуге» шақырады.
Таяуда Мейірман Шекеев әншіге көпшілік алдында үндеу жолдап, ашық пікірталас өткізуді ұсынған болатын. Оның пікірінше, сайлауға түскен үміткер тек танымал ғана емес, сонымен қатар азаматтарды толғандыратын мәселелерді терең түсінетін және ашық пікірталаста өз ұстанымын қорғай алатын тұлға болуы тиіс.
Алайда Құрылтай депутаттығына кандидаттың тәрбиені желеу етіп, ашық пікірталасқа түсуден бас тартуын кейбір қазақстандықтар қолдай қойған жоқ. Кәсіпкер Лаура Вайгорова мұны қазақстандық әйелдерге жасалған құрметсіздік ретінде бағалады.
«Меніңше, бұл – күн сайын айналасындағыларға ер адамдардан кем емес екенін, өз ісінің мықты маманы екенін, сарапшы екенін, білім алып, басшылық ете алатынын, адамдарды соңынан ерте алатынын дәлелдеу үшін күресіп жүрген әйелдердің бәріне түкіргенмен тең. Бұл – онсыз да үлкен мәселе. Ал дәл осындай кезде бір әйелдің шығып: «Маған мұның бәрі не үшін керек?» дегендей ұстаным танытуы өте өкінішті», – дейді ол.
Оның пікірінше, әйелдер де мемлекет пен Құрылтайда өз құқықтарының тең дәрежеде қорғалуына және ұсынылуына лайықты.
Қазір оқып жатыр
Әр облыс жастар ипотекасы үшін бюджетінен 1 млрд теңге бөлу керек – «Әділет» кандидаты нақты ұсыныс айтты
Тоқаев: «Болашақ ойындары» елдер арасындағы алтын көпірге айналады
Қостанайдағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы мүгедек бала көз жұмды
Сауда министрлігі: Wildberries-тен Қазақстанда қойма салуға ресми өтініш түскен жоқ