6 Шілде 17:42
...

Әсет Матаев: «Спектакль» аяқталуға жақын

Фото:

ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен ұлы Әсет Матаевқа қатысты сот үкіміне Бас прокуратура наразылық білдіргенін кеше адвокат Джохар Өтебеков мәлімдеген еді. Жуырда сот отырысы өтеді. 

Естеріңізде болса, Сейтқазы Матаев пен оның ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігін басқаратын ұлы Әсет Матаевқа Антикор «бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырған» және «салық төлеуден жалтарған» деген айып таққан болатын.  2016 жылы 3 қазанда бірінші сатыдағы сот Сейтқазы Матаевты жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеу және мүлкін тәркілеу бойынша алты жылға, ал оның ұлы Әсет Матаевты бес жылға бас бостандығынан айырды.

Сейтқазы Матаев 2017 жылдың желтоқсанында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылса, Әсет Матаев 2018 жылдың наурыз айында босатылды.

Міне, осы іске қатысты Бас прокуратура істі ұзақ зерттеген және сот үкіміне қатысты қарсылық танытқан. 

NEGE тілшісі жағдайдың мән-жайын анықтау үшін журналист Сейтқазы Матаевқа хабарласқан. Алайда ол сырқаттанып қалғандықтан тілшіміздің сұрақтарына Әсет Матаев жауап берді. 

– Бас прокуратура сот үкіміне наразылық білдіріпті. Естуімізше, жақында Жоғарғы сотты осы іске қатысты отырыс болады. Осы жайында не айтасыз?

– Біз Жоғарғы сотқа бірнеше рет арыз жаздық. Қайта қарауды сұрадық, бірақ олар бас тартып келді. Ол 2018-2020 жылдары болатын. Содан кейін біздің адвокатымыз Джохар Өтебеков Бас прокуратураға қайтадан жазды. Солар біздің ісімізді қарады.

Біздің ісімізде үш эпизод болған: «Қазақтелеком», Ақпарат комитеті және салық бойынша. Осы үш эпизодқа байланысты Бас прокуратура көп қателік тауып, Жоғары сотқа наразылық берді. Шамамен екі аптаның ішінде ісімізді қарайды. Прокуратура толық қарап, барлық істен қателік тапты. Сол үшін сот үкімін заңсыз деп санайды.

– Сот отырысының нәтижесі қандай болады деп ойлайсыздар?

– Толық ақталып шығамыз деген үмітіміз бар. Оны алдағы отырыста көреміз. Түрмеде де отырдық, ғимараттарымызды, пәтерімізді тәркіледі. Ол кезде басқа билік болған. Қазір барлығы шығып жатыр. Енді қалай болатынын уақыт көрсетеді.

– Сол кездегі билік өкілдері сіздерге неге сонша шүйлікті?

– Бізге бір күнде үш арыз түсті. Біздің Алматыдағы ғимаратымызды, сосын кейін екі қабатты алды. Бізде барлық құжат толық болған. Сол үш арыздың ішінде салық бойынша тексеру келді. Антикор келген кезде бізге: «Алматы әкімдігінен ақша ұрладыңыздар», – деді.

Н.Нығматулин.

Содан кейін Алматы әкімдігі бойынша ешқандай ұрлық таппай, «Қазақтелеком» мен Ақпарат комитетіне барған. Біздің де балаларымыз бар. Сол кезде кіші қызым бір жасқа толмаған еді. Оның да есеп-шотын табуға тырысты.

Кімдердің тапсырма бергенін әкем айтқан. Билік тапсырма берді. Біз бірнеше материалды шығардық. «ҚазТрансГаз» туралы, «Bank RBK», «Қазақ банк» туралы жаздық. Оны бәрі біледі.

Сол кезде біз осы банктердің алаяқтық әрекеттерін ашық айттық. Олар кейін банкротқа ұшырады. Оны Назарбаевтың өзі де айтқан. Сол кезде билікте бірнеше топ болған. Соның ішінде Нығматулин және тағы басқалары тапсырыс беріп, бізге осы істі ашты. Ешқандай заңды себептері болған жоқ.

P.S. Сейтқазы Матаев сол кезде бұл соттың «спектакль» екенін ашық айтқан болатын. Бірқатар ұлттық және халықаралық журналистік және құқық қорғау ұйымдары Матаевтарға қатысты қылмыстық қудалау мен сот үкімінің тапсырыспен болғанын, оның саяси астары бар екенін атап өткен. 

Тегтер: