4 Мамыр 19:38

Асанәлі Әшімов: Менікі еркелік қой...

Фото:
Әлеуметтік желіде мемлекеттік нөмірдің орнына

ASANALI деген жазу таққан автокөліктің видеосы тарап жатыр. Аталған жайт желідегі жұртқа «азық» болғандай. Көлік халық әртісі Асанәлі Әшімовтікі екен.

Nege.kz тілшісі Асанәлі Әшімовтің өзінен мән-жайды анықтады.

– Мемлекеттік нөмірдің орнына атыңыз жазылған көлік әлеуметтік желіде талқыға түсіп жатыр. Мұның жайын өзіңіз түсіндіріп беріңізші.

– Бұл көлікті 75 жылдығыма сыйлаған. Америкалықтар көлік нөміріне адамның атын жазып береді. Нөмір де Америкадан бірге келген ғой.

Мұны кеше де айттым, елге бара жатқаннан кейін, 85 жылдық той болғаннан кейін нөмірді тақтым. Тойда тақпағанда, қашан тағамын? Менімен бірге екі түсіру тобы жүрді, түсірілім жасады. Солардың сұрауы бойынша тақтым. 

– Көлікті кім сыйлағанын айтыңызшы. Құпия емес шығар?

– Айтып тұрмын ғой, ешқандай құпиясы жоқ. Америкадан көлік алдырған кезде нөмірі де бірге келген.

Мұны халық дұрыс қабылдады. 99 проценті мені қолдады. Ал кейбіреудің әрекеті – ілік табу. Халыққа қарсы шығуға болмайды. Халық айтып жатқаннан кейін ондай нәрселерді кешіруге болады.

– Атыңыз жазылған нөмірді жиі тағасыз ба? 

– Мен ол нөмірді өмір-бақи тағып жүргенім жоқ. Ондай тәртіп бұзушылық бізде жоқ. Өйткені біздің мектебіміздің өзі тәртіпті мектеп. Үлкендерден алған үлгіміз бар. 

Былайша атқанда менікі еркелік қой, халыққа еркелемегенде кімге еркелеймін? 

Тегтер: