4 Қараша 15:08
...

«Әртістік қабілеті бар»: Белгілі нумеролог кандидаттарды не күтіп тұрғанын болжады

Фото:

Биыл 20 қарашада президент сайлауы кезектен тыс өтеді. Президенттікке үміткерлердің тізімі белгілі. Олар туралы нумеролог не дейді? 

Сайлауға түсетін үміткерлердің қарым-қабілеті мен жеңіске жету мүмкіндіктері қандай? Кандидаттардың нумерологиялық сандарының сыры неде? Бұл жолы NEGE тілшісі саяси сарапшыға емес, белгілі нумеролог Құралай БАҚЫТҚЫЗЫНА сауал жолдады. 

Құралай Бақытқызы.

– Құралай Бақытқызы, әр кандидаттың нумерогиялық сандарына жеке-жеке тоқталып, олардың мінез-құлықтарын анықтап берсеңіз? Сандар не дейді?

– Кандидаттардың туған айы, жылы, күніне қарап, олардың мінез-құлқын, қарым қабілетін анықтауа болады. Үміткерлердің туған күніне қарап, жеке сандарын анықтауға тырысайын. 

Қарақат ӘБДЕН 1974 жылы 5 мамырда дүиеге келген. Оның сандарына үңіліп қарайтын болсақ, шенеуніктің коды басым. Ол – 336 деген код.

Қарақат Әбден.

Сонымен қатар, жеке сандарын есептесек, мыңдық кодты да аңғарамыз. Қазір өмірінің екінші жартысы бойынша мансабында алғырлық пен көшбасшылық қасиеті басым болып тұр. Демек, оның санында лидердің коды бар. Ол өмірінің екінші жартысында тұрғандықтан, карьерасы өмірінің соңына дейін тоқтамайды. Бұл кісі әлі де өзін көрсететін болады. Сандары әлі де көп жетістіктерге жететінін шығарып тұр.

Мінезінде дипломтиялық қасиет басым. Стратег, асыққанды ұнатпайды. Аяғын аңдап басатын адам. Билікке құмарлығы бар екен. Басшы болса, сөзін өткізе алады. Одан бөлек, әдемі сөйлеуі, әділеттілігі және де әртістік қабілеті, харизмасы бар, еңбекқор адам.

Қазір жасы 48-де екен. 49 жасында жұмысында өсу бар, алда әлі талай өзін көрсетеді. 2022 жыл Қарақат Әбден үшін орташа жыл болып тұр.

Нұрлан ӘУЕСБАЕВ 1957 жылы 17 мамырда дүние есігін ашқан екен. Оның да 336 деген коды бар. Негізі мұндай код президенттерде жиі кездеседі. Сол себепті, президенттікке кандидат ретінде ұсынылуының өзі кездейсоқтық емес сияқты. Өйткені бұл – дипломатияның, мемлекеттік қызметтің, биліктің коды.

Нұрлан Әуесбаев.

Нұрлан Әуесбаевтан бизнесменнің де кодын көрдім. Және де матрицасы бойынша, үш 5 бірден көзге түседі. Яғни, ол өте патриот адам. Сараптамалық жұмыстарды жақсы жүргізеді.

Нұрлан Әуесбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бір күнде – 17 мамырда дүниеге келген екен. Сол себепті екеуінде ұқсастықтар өте көп. Матрицасы бойынша да екеуінде 5, 3 саны басым.

Мұндай адамдар көп талдау жасайды. Талдау жасай отырып, қателіктің алдын алады. Сонымен қатар ұзақ жылдарға дұрыс стратегия құра біледі.

Әуесбаев шыдамсыздау адам болуы мүмкін. Кейде өзіне сенімсіздік танытатын тұстары байқалады. Бірақ адалдығы басым. Қазір оның толық жасы 65-те. Осы жасында жаңа жұмысқа ауысу, жаңа кәсіп ашу күтіп тұр. Яғни 65 жасында үлкен өзгерістер болады. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 1953 жылы 17 мамырда туған. Тоқаевтың матрицасы бойынша 1 саны өте көп. Ондай адам тез шешім қабылдайды, өзгелерге сөзін жүргізе алады. Байыппен әрі нық сөйлейді, ойындағысын жүзеге асырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұндай жандарда 1 саны көп болғандықтан, біреуге бірдеңені дәлелдеп әуре болмайды, ақталмайды. Біреудің мақтағанын ұната бермейді. Матрицасында 1 саны аз адамдар біреу үшін тірлік істейді, ал Тоқаевта керісінше. Ол біреудің қолпаштауын күтпейді.

Сондай-ақ екі 3 саны бар – есебі түгел, екі 5-і бар – патриот және мықты стратег. Тоқаев үнемі терең ойда жүретін адам, оған іздеген ақпараты өзі келіп отырады. Кемшіліктеріне келетін болсақ, көбінде нақты жоспармен жүргенді жақсы көреді. Жоспары аяқ-асты ауытқып кетсе, көңілі бұзылатын сәттері болады. Сол себепті мұндай адамдар жоспарын бірнеше нұсқада құрғаны дұрыс.

Тоқаевта әділет коды және мыңдық коды бар. Мыңдық код өмірінің екінші жартысында тұрғандықтан, бұл кісінің мансабы тоқтамайды. 

Өмірінің бірінші жартысында көп өзгеріс болмаған, 40 жасқа дейін барлық жетістікке өз күшімен жеткен. Одан кейін өмірінде жеңілдіктер көп болған. Қазір ол қызмет ету миссиясында жүр. Руханиятқа жақын адам. Интуициядан көрі логикаға жүгінгенді дұрыс көреді. Мамыр айында туғандарға ескерту айта кетейін. Бұл айда туғандар қауіпсіздікке көп мән бермейді.

Жигули ДАЙРАБАЕВ 1954 жылы 29 қазанда өмірге келген. Дайрабаевта 314 деген әділет коды, сонымен қатар прогресс коды бар.

Жигули Дайрабаев.

Мұндай код жақсы жазушыларда, тәуір ақындарда жиі кездеседі. Ұстаздық ету қасиеті де басым. Одан жақсы заңгер, судья шығатын еді. Тарихты да жақсы меңгеріп алатын қасиеті бар. Салт-дәстүрге жақын сияқты. Еліміздің шежіресін дамытуға үлес қоса алады. Тарих бойынша көп жаңалық ашады.

Жигули Дайрабаевта стратегиядан гөрі тактика басым. Әрекетінде нақтылық бар. Құпияға берік. Мінезі тергеушінің мінезі сияқты. Оның ерекшелігі сұрақты жақсы қоя біледі. 

Мінезінде үш 1 саны бар. Сондықтан мінезі жұмсақ деуге келмейді, диктатор да емес. Кез келген адаммен оңай тіл табысады. Адаспай, жол таба біледі. Бұл кісі үшін қауіпсіздік бірінші орында.

Қазан-қараша айларында дүниеге келген адамдар өте сақ. Олар қауіпсіздікті бірінші орынға қояды. Сол себепті Қорғаныс саласында қызмет етсе де, үлкен жетістіктерге жетуі мүмкін.

Мейрам ҚАЖЫКЕН 1961 жылы 5 сәуірде туған. Оның туған жылы бойынша үш 6 саны бар.

Мейрам Қажыкен.

Матрицада үш 6 кездессе, ол адам өте еңбекқор болады. Еңбекқорлығымен қатар, ақша жинағанды жақсы көреді. Бұл президенттік қызметке кедергі етуі мүмкін.

Мұндай саны басым адамдар үнемшіл келеді. 268, 167 коды бар екен. 268 – бизнестің коды, 167 – әртістік қасиеттің коды. Үш 1 саны бар, сол себепті мінезі өте жақсы. Өте еңбекқор және әділетті.

Сандары бойынша, жолы болғыш адам. Нағыз шенеунік адам деп айтуға болады. Биылғы жыл бұл кісі үшін өте сәтті жыл болмақ. Жақсы көрсеткіш көрсете алуы мүмкін. Бір емес бес жұмысты қатар істей алатын қасиетке ие.

Салтанат ТҰРСЫНБЕКОВА 1966 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келіпті. Бұл кісіде төрт 6 саны бар.

Салтанат Тұрсынбекова.

Мұндай адамдар өмірде қатаң тәртіппен жүреді. Өте еңбекқор, мал тапқыштық қасиеті жоғары. Қолы ашық. Кемшілігі – нумерологиясында 1 саны аз. Сол себепті өзіне сенімсіздеу.

Ол бизнесті жақсы дамыта алады және керемет ұстаз бола алады. Жоспар құрғанды аса ұната бермейді. Жоспар құрса да, жиі ауыстырады. Өйткені, мінезі сондай. Эмоцияға берілгіш. Әрекеті де эмоциясына байланысты.

Бірақ өте әділетті адам, жауапкершілігі мол. Бойында бизнесменнің коды бар. Жаңалық ашуға құмар.

– Кандидаттарды жіпке тізіп шықтық. Ал енді барлық кандидатта ортақ ұқсастық бар ма?

– Бұл жерде мамыр айында дүниеге келген 3 үміткерде ұқсастық бар. Олар жоспармен жүреді, мақсатына жетпей қоймайды. Сонымен қатар, стратег, аналитик, логикалары мықты, ақылды адамдар. Олар Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев және Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал ортақ нәрсе – бәрінде әділеттілік бар. Барлығы бір-біріне ұқсайды. Бірақ, Салтанат Тұрсынбекованың сандары басқаша. 5 кандидаттың ойлау қабілеті, Үкіметтік жұмыстарға жақындығы ұқсас. Ал Тұрсынбековада бөлектеу. 

– Кандидаттардың сандары не дейді? Олардың жеңіске жету мүмкіндігі қандай?

– Бұл жерде адамның жеке матрицасын емес, биылғы жылды қарадым. Жыл қалай түседі? Бір жылдары Иманғали Тасмағанбетовке таңдау тұрған кезде, оның жылына қарадық. Жыл оған нашар болды. Сол себепті ол үміткер болып та қатыса алмады. Оған сол жыл сәттілік алып келмеді.

Бұл жерде Мейрам Қажыкеннің биылғы жылға сандары өте жақсы. Сосын, Тоқаевтың сандары үшін де жақсы жыл. Әбденнің жыл бойынша сандары қараша айында өзгерістер болатынын айтып тұр. Биылғы жыл негізінен Қажыкен мен Әбденге өте жайлы жыл болмақ. Ал Жигули Дайрабаев үшін сәтті жыл дей алмаймын. 

– 20 қараша күні сайлау өтеді? Сайлаудың датасынан нені аңғаруға болады? Бұл күннің нумерология бойынша қандай ерекшелігі бар?

– 20.11.22 барлық сандарды бір-біріне қосқан кезде 2+1+1+2+2+2=10 саны шықты. Шыққан 10-дағы сандарды бір-біріне қоссақ, 1+0=1 саны шығады. Күн саны 1 болғандықтан, кез келген жаңа бастама мен іс қайырлы болады.

Бұл күн жаңа бастамаға қолайлы. Сол себепті еліміз үшін 20 қарашадағы жаңа бастамалар, жаңа істер мен қадамдар сәтті болады деп тұр. Бұл күннің ерекшелігіне тоқталып өтейін. 20 қараша күні интуиция жақсы жұмыс істейді. Жалпы күннің энергетикасы жаман емес.

– 2022 жылдың соңғы айы қазақстандықтар үшін қалай өтеді? Сандар не дейді?

– 2022 жылдың соңғы айы – желтоқсан. Биылғы жылдың желтоқсан айына – 9 саны түсіп тұр. 2022 жылдың саны – 6. Тоғыз саны қашанда қорытындылауды білдіреді. Жаңа істерді бастауға болмайды. Сайлауды қараша айында өткізу – дұрыс шешім.

Жылдың соңында ауыр спортпен айналыспаған жөн. Еліміздің алдында жаңа шешім қабылдау міндеті тұрса, оны қаңтар айына қалдырған дұрыс. Көбіне жылдың соңы рухани ай болып есептеледі. Саяхаттау үшін жақсы ай, көшуге қолайлы. Жылдың соңында медицина саласында жетістіктер болуы мүмкін.

Тегтер: