27 Желтоқсан 11:22

Артында 4 баласы қалды: Алматыдағы автобус апатында қаза тапқан ерлі-зайыпты жерленді

Фото:

Алматыда автобустың астында ажал құшқан ерлі-зайыптыларды туыстары соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды КТК. 

Алматы, NEGE. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген марқұмдардың жұмыстан шығып, енді ғана үйіне бет алған кезі екен. Қара жамылған отбасы енді кінәлілер қатаң жазасын алса дейді.

Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаевадан жақындары қапыда айырылып қалғанына әлі сенбейді. Қайғыдан қан жұтқан ағайын-туыстың марқұмдарды жер қойнына тапсырып келген беті осы. Артында аңырап 4 баласы қалған. Екеуі әлі кәмілет жасына да толмапты.

– Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі, ойларында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Тура қосақтасып екеуі. Балалары түсінбейді әлі, олар біздің келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертең мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса, не деп айтамыз? – дейді туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.

Ерлі-зайыптылар оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да қол ұстасып бірге кіріпті. Екеуі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып, үйге қарай беттеген. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен. Ойламаған жерден автобустың астына түсіп ажал құшты.

Балаларының ең үлкені 23-те, екіншісі 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы бесте. Артында шырылдап қалған олар тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.

– Артында балалары қалды ғой. Кішкентай баласының өзі 5-6 жаста. Ол күнде мамасын сұрап отыр. "Неге мектептен қайтпайды?" дейді. "Мамам қашан келеді?" деп отыр. Барынша өзінің жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емес, бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ғой, ешкім, – дейді туысы Сүйінбай Оңғарбеков.

Қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді талап етеді.

Тегтер: