«АрселорМиттал Темиртау» мен кәсіподақтар ұйымы ұжымдық келісімге қол қойды

Бүгін «АрселорМиттал Темиртау» АҚ басшылығы мен компанияның болат, көмір және темір кеніші департаменттерінің кәсіподақ ұйымдары жетекшілері алдағы үш жылға арналған жаңа ұжымдық келісім шартқа қол қойды.
Бұл құжат жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы қарым-қатынас пен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеуді, қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктерді, тараптардың міндеті мен құқығын айқындауды қарастырады. Бұл құжат өнеркәсіптің тиімді жұмыс істеуіне серпін бермек. Келісім шарт 2022 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді.
30 қараша күні екіжақты комиссияның отырысында ұжымдық келісім шарттың негізгі мазмұны мен құрылымы қабылданды.
Ұжымдық келісім шарттың жобасын кәсіподақ ұйымдары өкілдерімен бірлесіп талқылау барысында құжатқа бірқатар жаңашылдық енгізілді:
Еңбек міндеттемелерін орындау барысында қаза болған жұмысшының отбасы пәтер алуы;
Баланы 3 жасқа дейін баққан еркекке жәрдемақы тағайындау (екіжақты комиссияның шешімімен ерекше жағдайда ғана);
Ерлі-зайыптылардың бірін жұмыста қалдыруға басым құқық беру (ерлі-зайыпты жұмысшылардың екеуі де қысқартуға түсетін жағдайды);
Медициналық скринингтен өту үшін ақшасы төленетін демалыс беру (жылына 3 жұмыс күні);
12 аптаға дейінгі жүктілік кезінде есепке тұру үшін ақшасы төленетін демалыс беру (жылына 3 жұмыс күні);
Төтенше жағдай кезінде үйін қалпына келтіру үшін 1 млн теңгеге дейін пайызсыз қарыз беру (өрт, су тасқыны);
Бұдан бөлек, қызмет көрсету аумағын кеңейту және лауазымды міндетті қосып атқару үшін төленетін қосымша қаржы көлемі айтарлықтай көбейді (екі есе немесе одан да көп көлемде), «Өнеркәсіп ардагері» атағы үшін сыйақы тағайындау, жұмысшыларға мерейтойы кезінде сыйақы беру (50, 55, 60 және тағы басқа).
«АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның бас директоры Биджу Наир былай дейді: «АрселорМиттал Темиртау» мен еңбек ұжымы арасында жасалған келісім шарт – әлеуметтік әріптестік бойынша біз күнделікті жетекшілікке алатын басты құжат. Сол себепті де мен ең алдымен жаңа құжатты талқылау барысындағы конструктивті диалог үшін кәсіподақ ұйымдары өкілдеріне алғыс айтамын.
Біз барлық еңбек ұжымдарының, жергілікті атқарушы биліктің, орталық мемлекеттік органдардың ұсынысына құлақ түруге тырыстық. Бұл құжатта компания қызметкерлерін қолдау мен оларды дамытуға, сондай-ақ өнеркәсіптегі қауіпсіздік пен еңбек қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселенің бәрі қамтылған.
Ұжымдық келісім шартта жұмысшылар мен жұмыс істемейтін зейнеткерлер үшін алдағы үш жылға әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер сақталған. Бұдан бөлек, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа талаптар енгізілді.
Біздің мақсатымыз – әрбір қызметкердің потенциалын ашуға мүмкіндік жасау, өндірісті модернизациялауға қатыстыру, компанияға қосатын үлесін арттыру. Бұл – біздің негізгі міндетіміз».
«АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ның атқарушы директоры Әлішер Болатұлы: «Қызметкерлерді әлеуметтік-экономикалық жағынан қамтамасыз ету бағытында компания әрдайым алға жылжып келеді. Алдағы жылы жалақы төлеуді индексациялаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл тарифтік ставка мен окладты көтеруге септігін тигізеді.
Өткен аптада ұжымдық келісім шарт жасауға қатысушы жұмыскерлердің бәріне 2021 жылды қорытындылау бойынша 100% көлемінде сыйақы төленді (13-жалақы).
Сондай-ақ жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен еңдек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді.