Арнайы әскери-медициналық жасақ Ливаннан оралды
Қазақстандық арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақ Ливаннан оралды, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен. «Екі аптадан астам уақыт бойы қазақстандық арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақ Ливанда болды. Әскери дәрігерлер Бейрут, Боуар, Сайда, Машгара қалаларындағы жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, елімізге аман-есен оралды».
Алматы, NEGE. Қорғаныс ведомствосының ақпарынша, Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында әскери дәрігерлермен салтанатты кездесу өтті.
«Осы уақыт ішінде біздің медицина қызметкерлері қойылған міндеттерді лайықты орындап, шетелдік әріптестерінің тарапынан оң бағаланды. Сіздерді қойылған міндеттердің орындалуымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте табыс тілеймін», - деп лебізін білдірді қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары Руслан Шпекбаев.
Хабарда айтылғандай, Ливанда қазақстандық дәрігерлер хирургиялық, травматологиялық және терапевтік науқастарды емдеуге жұмылдырылды.
«Күн сайын дәрігерлік-мейірбикелік бригадалар тексерулер мен консультациялар, қажетті дәрі-дәрмекпен емдеу іс-шарасын жүргізді. Әскери дәрігерлер әр түрлі жастағы науқастарды емдеді. Оның ішінде кішкентай балалар мен ересектер дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Ең қарт науқастардың бірі сол жақ жамбас сүйегі сынған 90 жастағы ер адам болды. Қарияға екі жақ мамандарының күшімен ота сәтті жүргізілді. Әскери дәрігерлер барлығы 635 науқасты қабылдап, 73 емделушіге ота жасалды. Сонымен қатар, Бейрут әскери госпиталіне Қазақстан тарапынан дәрі-дәрмек және медициналық мүлік түрінде гуманитарлық жүк тапсырылды», - делінген хабарда.
ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, жетекші хирург, медицина қызметінің полковнигі Асқар Маруфов «ливандықтардың өте риза халық екенін» айтты.
«Біз ұшып бара жатқанда олар Қазақстан Республикасына, Президентімізге үлкен алғыс білдірді. Жергілікті тұрғындар да жылы қабылдады. Әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханаларда жұмыс істеу барысында біз үлкен тәжірибе жинадық», - деді ол.
Қорғанысминінде атап өткендей, жұмыс барысында қазақстандық әскери дәрігерлер ливандық әріптестерімен өзара іс-қимыл жасап, бірлескен емдік іс-шаралар жүргізіп, құнды тәжірибе алмасты.
«Әскери дәрігерлер елімізге аттанар тұста Ливан Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы генерал Джордж Юссеф және әскери госпиталь бастығы генерал Абудахир Насиммен кездесу өтті. Кездесуге қатысушылар тәжірибе алмасу мен екі елде әскери медицинаны дамыту бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Ливан тарапы көрсеткен көмегі үшін біздің дәрігерлерімізге зор алғысын білдірді», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 4 тамызда Ливан ӘТК базасы маңындағы Бейрут теңіз айлағы ауданында күшті жарылыс болды. 150-ден астам адам қаза тауып, 5 мыңнан астамы жарақат алды.
Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпарынша, жақын маңдағы үйлер, сондай-ақ жарылыс ошағынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан ғимараттардың әйнектері сынған. Жергілікті биліктің алдын-ала ақпары бойынша теңіз портында пиротехника тиелген кеме жарылған. ҚР СІМ ақпарынша, жарылыс салдарынан Қазақстан елшісі жарақаттанған. Ливанда қазақстандық бітімгерлік құрам жүр, СІМ нақтылағандай - барлық қазақстандық бітімгерлер аман-есен.
7 тамызда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейрутте зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін әскери дәрігерлерді жіберуді тапсырды.
8 тамызда ертеңгісін 28 әскери дәрігер мен төрт аудармашы Ливанға Бейрут портындағы жарылыстан зардап шеккендерге медкөмек көрсету үшін жөнелтілді.