28 Қаңтар 08:44
...

Арманның ақыры: «Халық батырының» образын жасау немен аяқталды?

Арман
Фото: Nege.kz

27 қаңтарда Алматыда Қаңтар оқиғасына қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты. «Дикий Арман»  лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен ол ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

2022 жылдың қаңтары Қазақстанның саяси өміріне айтарлықтай әсер етті. Арада 3 жыл өтсе де көкейде қалған сұрақ көп. Бұл кімге керек болды? Не үшін ұйымдастырылды?

Қаңтар оқиғасына қатысты ең басты күдікті ретінде ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов айыпталып, қамауға алынды. Бір кездері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сенімді серігі болған жоғары лауазымды шенді басты күдіктілердің біріне айналды. 

«Мәсімов менімен көп жыл бірге жұмыс істеді. Бірақ қайдан білесің? Иса да жанындағы Иуданың сатқын екенін білмеген. Біз Құдай емеспіз ғой, сондықтан соттың аяқталуын күтеміз», – деген еді сол жағдайдан кейін Н.Назарбаев. 

Қаңтар оқиғасына қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзге де лауазымды офицерлері қызметі мен бас бостандығынан айырылды. Алайда сол күндердегі ең басты фигурантқа айналған белсендіге құқықтық баға берілмеген болатын. Ол – Арман ЖҰМАГЕЛДИЕВ

Арман Жұмагелдиев
Фото: ғаламтордан

Арман Жұмагелдиевтің Қазақстанның күштік құрылымдарымен және Назарбаевтар әулетімен байланысы туралы сыбыс бұрыннан бар. Шымкенттің бұрынғы әкімі Амалбек Тшанов Дариға Назарбаева мен Арман Жұмагелдиев арасындағы қарым-қатынастың жай-жапсары туралы бір сұхбатында айтып қалған болатын. 

«2005 жылдары «Дикий Арманға» қатысты бір оқиғаның куәсі болдым. Менің туған жиенімнің автокөлік сататын базары бар еді. Бір күні Арман Жұмагелдиев сол жерге көлігін сату үшін барады. Ол өте ірі жігіт еді. Төрт-бес адаммен бірге жиенімді ұрып өлтіре жаздады. Ол кезде мен депутатпын. Прокуратураға хабарладық, Арман ұсталды. Қамап қойған кезде, сол ауданның прокуроры спорттық киімімен жетіп келіп, «босатыңдар» деп бұйрық берген. Ол кезде облыстың прокуроры Жүргенбаев еді. Оған телефонмен хабарласып, сол кісінің тапсырмасымен қамалған болатын. Бірақ, кейін «Дикий Арманды» Дариға Назарбаеваның тікелей араласуымен шығарып алды», - дейді Амалбек Тшанов. 

Қаңтар оқиғасы кезінде Арман Жұмагелдиевтің ұсталғаны 2022 жылдың 7 қаңтарында белгілі болды. Ал 11 қаңтарда қамауға алынды. Оған ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық жасау, қарақшылық шабуыл, адамдарды ұрлау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, сондай-ақ бандитизм бойынша айып тағылды.

Арман Жұмагелдиев пен оның қарамағындағылардың соты 2023 жылдың қазан айында басталды. «Дикий Арманға» қатысты сот отырысы жабық өтті. Жәбірленуші мен куәгерлердің өтініші осындай болған-ды. Олар өзінің, отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын жеткізген. Мұндай қорқыныштың болуы орынды. Өйткені, Жұмагелдиев темір тордың ар жағында отырса да прокурорды «шайтанға» теңеп, ашық қоқан-лоқы көрсеткені бар. Осы айыбын жуып-шаймақ болды ма «батырдың» абыройын инстаграмдағы парақшасы арқылы асқақтату жұмысы басталып кетті. Оның әлеуметтік желідегі парақшасын нағыз тәжірибелі маманның жүргізіп отырғанын байқау қиын емес. Әрбір жазба тергеу барысының заңсыздығын әшкерелеп, «халық батырының» образын жасауға бағытталды. 

Мысалы, инстаграмда Арман Жұмагелдиев пен оның жақтастарының Қаңтар оқиғасы кезінде «Қазақстан» қонақүйінің мүлкін қорғауға көмектескені туралы жазба жарияланды. Ол жерде қонақүй иесінің өзі көмек сұрағаны туралы айтылады. Ал бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев президентті алдап, «бандиттер жүр» деп жеткізген-мыс. Ал, сол күндері қонақ үйдің ішіндегі камераға түсіп қалған бейнежазбалар басқа жағдайдың болғанынан хабар беріп тұр.

Әлеуметтік желілерде тарап кеткен кадарлардан Жұмагелдиевтің креслода отырғанын және оның алдына ер адамды сүйреп әкеліп, тізерлеткенін көреміз. Ол үстел үстінен тапаншаны алып, оны ер адамның басына тақайды. «Дикий Арманның» не айтқаны белгісіз. Бірақ, одан кейінгі кадрлардан оның қасындағы адамдардың тізерлеп отырған адамды төпеп жатқаны таспаланып қалған.

Кейіннен Арман Жұмагелдиевке күштеп алып келген адамның 55 жастағы таксист Бекболат Исабеков екені белгілі болды. Исабековтің айтуынша, ол қонақ үй жанында ақ мата байлап алған жастарды көрген бойда ғимаратта ас беріліп жатыр деп ойлаған. Бастапқыда оның Арман Жұмагелдиевпен кездесуі тыныш өткен. Бірақ кейін ол шығуға беттегенде, оны ұстап алып, қайтадан «Дикий Арманға» алып келген. 

«Мен сыртқа шығып бара жатқан кезде: «Бағанағы ақасақал қайда? Ұстаңдар!», деп жүгіріп келді. Қонақүйдің ішіне қайта кіргізіп, ұрып-соғып, балағаттап, әбден қорлады. «Сен Әбләзовтің бейшарасысың, сен оның тыңшысысың», деп тепкілей бастады», - дейді Бекболат Исабеков. 

Қаңтар оқиғасында Арман Жұмагелдиевтің қаруланған адамдары 24 адамды ұрлап, заңсыз қамауда ұстаған.

2023 жылдың басында Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов қаңтар оқиғасының жаңа мәліметтерін жариялап, Алматыда «Дикий Арманның» әрекеті қалай үйлестірілгенін және оған кім көмектескенін айтты.

«Тергеу деректері бойынша, Алматыда Жұмагелдиевке ерекше рөл жүктелген. Біз оның ҰҚК кураторының келісімімен әрекет еткенін анықтадық. Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, бақылауға алуы керек еді. Халық кеңесін құрып, билікке біртұтас ультиматум талаптарын қойды. Бұл ретте оған Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген көмектесті», - деді Бас прокурор.

Сот процесінің жабық өткені белгілі. Алайда атауы «жабық сот» болғанымен, әлеуметтік желіде процесс барысынан түрлі видеолар «қыдырып» жүрді. Күдікті А.Жұмагелдиевтің YouTube каналында бүгінге дейін сот процесінен бірнеше видео жарияланды. Бұл видеоларды кім түсіргені, қайдан жарияланғаны белгісіз.

Бүгін 2025 жылдың 27 қаңтарында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жұмагелдиев Арманның қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелері, сондай-ақ ҰҚК-ның 5-Департаментінің экс-басшысы Искаков Руслан, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Құдайберген Қайрат және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды.

Алматы соты істің жай-жапсарына қатысты тың ақпараттарды жариялады. 

Сот анықтағандай, 2016 жылы Ысқақов ҰҚК-ның 5-Департаменті басшысының орынбасары бола отырып, ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтып, Жұмагелдиевті серіктестікке көндірген. ҰҚК органдарының қолдауына ие болған Жұмагелдиев Қазақстан мен шетелдердегі қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құруға кіріскен. Бұл мақсатта, ол ұйымның негізгі рөлдеріне бұрыннан таныс, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және жақсы физикалық дайындығы бар адамдарды тартқан. Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымының барлық мүшелері,ұйымдастырушылық, функционалдық және аумақтық негізде топтарға бөлініп, тікелей оған бағынған.

Сондай-ақ, Ысқақов басқарған ҰҚК бөлімшесі Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымымен бәсекелес ұйымдасқан қылмыстық топтарды жойғаны анықталды. Сонымен қатар, Ысқақов, Жұмагелдиев тобының заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған.

2017 жылдың желтоқсанынан бастап Жұмагелдиев өзінің қылмыстық ұйымының қызметін Түркия Республикасында тұрып, қашықтықтан басқарған. Ол Қазақстан, Түркия және БАӘ-де, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен және мүшелерімен кездесу өткізіп тұрған. Қылмыстық ұйымның ықпал аясын кеңейту және қаржылық түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде әлеуетті құрбандарды іздеген.

Мысалы, 2021 жылдың маусым айының басында топ мүшелері Түркістан облысының тұрғынының, олардың таныстарына 25 миллион теңге қарызы бар екенін білді. Жұмагелдиевтің бағыныштылары зардап шегушіні ұрып-соғып, оны Шымкенттегі қонақ үйдің алтыншы қабатынан лақтырып жібереміз деп қорқытып, 23 миллион теңгені қайтаруға мәжбүр еткен, оның 12 миллионы сотталушылардың пайдасына алынған.

2022 жылдың басында Ысқақов, Жұмагелдиев және экс-депутат Қайрат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды. Бұл үшін Жұмагелдиев 2021 жылдың желтоқсанында Қазақстанға алдын ала келген.

2022 жылы қаңтар оқиғалары кезінде Құдайберген «Қазақстан» қонақ үйінде штаб құрып, оған Жұмагелдиевтің тобын шақырды. Осылайша көрсетілген адамдар, қарулы топтың және оларға қосылған басқа адамдардың әрекеттерін басқарған. Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында Арман Жұмагелдиевтің тобы мен оның жақтастары Алматы қаласындағы Республика алаңына екі рет шыққанын анықтады. Олардың мақсаты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін «Халық кеңесі» түрінде конституциялық емес орган құру болған.

Кейін Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерге қатысушылар санын көбейту туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол өзінің Шымкент қаласындағы қылмыстық топ мүшелерін Алматыға шақырған. Сонымен қоса, Құдайбергеннің заңсыз түрде спортшылар мен басқа адамдарды «Қазақстан» қонақ үйінің маңында жинауды ұйымдастырғаны анықталды. Ол бұл әрекетті бизнес нысандарын қорғауға көмек көрсету деген сылтаумен жасаған, алайда шын мәнінде Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қосылуды көздеген.

2022 жылдың 5 қаңтарынан 6 қаңтарға қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталғаннан кейін Ысқақов тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру жоспарының сәтсіз болатынын түсініп, қылмыстың іздерін жасыруға шешім қабылдаған. Бұл мақсатта, ол Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен, Жұмагелдиевке,адамдарды ұрлап, оларды «Қазақстан» және «The Ritz Carlton Almaty» қонақ үйлерінде ұстауды тапсырған. 2022 жылдың 6-7 қаңтар аралығында Жұмагелдиев тобының мүшелері бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды аяусыз ұрып-соғып, мүліктерін тартып алып, қорлаған.

Сонымен қатар, кейбір адамдарды бейнежазбаға түсіріп, оларды ұрлық және «ҚДТ» («ДВК») экстремистік әрекеттеріне қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген. Мысалы, «The Ritz Carlton Almaty» қонақ үйінің маңында, Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының шамамен 15 мүшесі оның бұйрығын орындап, өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, ішіндегі 5 азаматты түсіріп алған. Жолаушылардың бірін, шабуылдаушылар басынан балғамен ұрып, есінен тандырған. Осыдан кейін, жәбірленушілерді еркінен тыс қонақ үйдің жер асты тұрағына мәжбүрлеп кіргізіп, олардан ақшалары мен жеке заттарын тартып алған. Кейін жәбірленушілерді іш киіміне дейін шешіндіріп, ұрып соққан. Сонымен бірге, оларды жаппай тәртіпсіздіктерге және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген. Жалпы, Жұмагелдиевтің тобы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соғу әрекеттерін жасаған. Кейін, 24 ұсталған адам заңсыз түрде бір ЖШС-нің қоймаларында қамалған.

Бұдан бөлек, Алматы қаласында тәртіпті қалпына келтіру және сенімді алиби жасау сылтауымен Жұмагелдиевтің топтастары мен жақтаушыларын пайдаланып, Алматы қаласының ТЖД-нің өрт сөндіру көлігін қайтаруын және №12 қалалық аурухананы қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, Алматы тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған. Дәлелденген мәліметтер мойынша, Жұмагелдиев тәртіпсіздікке қатысушылармен күресті тек көзбояушылық үшін ұйымдастырған және оның барлық әрекеттері, өзі ұйымдастырған қылмыстардың ізін жасыруға бағытталған.

Сот барысында куәгерлердің тұрақты айғақтары, сотта зерттелген мәліметтер, сараптамалар және бейнежазбалар, Жұмагелдиев пен оның тобының қылмыстық әрекеттерін дәлелдеді.