Арман Тосқанбаев: Қол астымда 500 қызметкерім, 6 компаниям бар

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп Президент атап айтқандай, қазір еліміздегі әр өңірінде туған жерінің көсегесін көгертіп елі үшін аянбай атқан жастарымыз қаншама. Солардың бірі – Арман Тосқанбаев.
Ең алғаш өз бизнесін Елорда төрінде «Отан» деген брендпен қолсағат шығаруды бастаған Арман, қазір әр түрлі саладағы 6 компанияны басқарып отыр. 8 жыл бұрын мал азығын дайындап беретін құрылғыларды жасап, ерекше сарындағы бизнесті жолға қойды бастады. Оның бұл бастамасына мемлекет те көмек беріп, 3 млн теңгенің грантын сыйға тартқан. Жас та болса, бас болып жүрген Арман, қазір ел бюджетіне қомақты қаржы құятын кәсіпкерлердің бірі.
– Арман, сіз ең алғаш болып Н. Назарбаевқа отандық сағатты сыйладыңыз. Сізді содан бастап көпшілік кәсіпкер ретінде тани бастады. Солай ғой?
– Әрине, сол жастар форумынан кейін біздің сағаттарға көпшілік сұраныс білдіре бастады. Көптеген жоғары лауазымды адамдардан сұраныс алып, әр түрлі дизайнмен сағаттар шығардық. Одан кейін туристер қызығушылық таныта бастады. Осылай үлкен кәсіпке аяқ бастым.
– Бизнесіңіздің келесі бағыты мал азығын дайындауда гидропондық әдісті пайдалану, сол идеяның жүзеге асырылуы қандай деңгейде? Мемлекет тарапынан көмек берілді ме?
– Гидропондық әдісті қолдана отырып өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада, яғни қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіруге болады. Ресейдің Томск қаласында оқып жүргенімде гидропондық әдіспен шөп өсіру идеясы келіп, еліміздің ауылшаруашылығы министрлігіне хат жолдадым. Осы ұсынысымды жетілдіру керектігі туралы берілген жауап ынталандырды.
Қарағандыға қайтып келіп, әкеммен бірге осы әдісті іске асырдық. Дайын жүйені шетелден сатып алып келгеніміз жоқ. 2014 жылы «Бизнестің жол картасы» бойынша 3 млн теңгеге грант ұтып, қажетті құрал-жабық сатып алдық. Гидропондық әдіс арқылы шөп өсіруді зерттеп, дәнекерлеуші құрал мен қажетті жабдықты қолдан жасап шығаруға тура келді.
Қазір бұл бизнесімізге патент алдық, бірақ мен мұны біздің елімізде жаңалық деп айта алмаймын. Өйткені, бұл Кеңес Одағы кезінде 70 жылдардан бастап дамыған. Ондай кәсіпорындар Атырау, Шымкент қалаларында бар. Бірақ, өзімізге тән ерекшеліктеріміз де бар, біріншіден сапа тұрғысынан өзге кәсіпорындардан еш кем түспейміз, екіншіден, бағамыз да 2-3 есе арзан. Біздің құрылғылардың металдық құрал-жабдықтары, бөлшектерінің барлығын Қазақстанда шығарамыз. Ал электроникаға қатысты жабдықтарды шетелден алдыртамыз. Бәсекелестеріміз болса барлығын дерлік шетелден сатып алады немесе дайын конструкцияны алып келіп Қазақстан нарығына енгізеді.
– Жасанды түрде өскен шөп құнарлы бола ала ма?
– Арпа, бидай деген дәнді дақылдар 7-8 күннің ішінде судың арқасында 15-20 сантиметр болып өсіп шығады. Оған ол жерде ешқандай топырақ қолданылмайды. 3 сантиметр қалыңдықта дәндер жайылады, төселеді. Сосын белгілі бір режим бойынша оған су жіберіліп тұрады. Тағы да басқа өзінің технологиялық процестері бар. Осылайша ол 8 күннің ішінде-ақ 15-20 см-ге биіктейді. Ең бастысы бұл жерде су мен жылу болуы керек.
Көбісі мұндай процесті жасап шығу үшін арнаулы жылыжай керек деп ойлайды. Бірақ, бұған жылыжай керек емес, мұны жертөледе де, қорада да жасай беруге болады. Алғашында біздің жасап шыққан құрылғыларымызды көбінесе Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Ақмола облыстарының шаруалары сатып алды. Нұр-Сұлтан қаласындағы түрлі көрмелерге қатысу арқылы кәсібімізді ТМД елдеріне жақсылап таныстырдық. Қазір көп өңірлерде біздің құрылғылар жұмыс істеп тұр. Тынайтқыштарды да алып жатқан тұтынушылар көп.
– Әлеуметтік желіден Қазақстанның әр қаласында жүретініңізді көп байқаймыз. Кәсібіңіз қай қалада тіркелген.
– Қол астымда 500 қызметкерім, әр түрлі саладағы 6 компаниям бар. Негізі кеңселеріміз Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыда. Алайда сұраныс бар жердің барлығына өз кеңсе ашық қойғанмын. Осылайша әр өңірге салық төлеп отырмын. Кәсіпкердің қоғамға өз Отаныңа тигізетін пайдасы – қазынаға тиісінше салық төлеу ғой. Қазір әлемнің 11 елімен тығыз жұмыс атқарамын.
Менің жоғарғы білімім жоқ. Қазіргі жетістігімнің барлығы бизнеске араласуыммен, өз бетімше үйренумен келген тәжірибеден туындап отыр. «Қарапайым қазақтың балалары бизнесте сауатты болсын» деген мақсатта түрлі тренингтер өткіземін. Әлеуметтік желі арқылы өз ойларыммен бөлісемін. Өзіңе жұмыс істеу мен біреуге жалданып істеудің айырмашылығы жоқ. Ең бастысы – уақыт.
– 6 компаниям бар деп қалдыңыз. Олар қандай бағыттарда ашылған?
– Жаңа айтып кеткенімдей, «OTAN» деген брендпен шығатын сағат шығаратын компания, ТМД елдерініне кеңінен тараған гидропондық әдісті пайдалану арқылы мал азығын дайындайтын құрылғымен және тыңайтқышты өңідіретін кәсібіміз бар. Сонымен қатар, Жапониялық сапалы компаниямен бірлесіп, денсаулыққа пайдасы зор БАД өндіреміз. Ол өнім қазір елімізде кеңінен тараған. Тағы бір кәсібім – құрылыс компаниясы. Дизайны ерекше, сапасы жақсы әр түрлі кешендерді саламыз
– Сұхбатыңызға рақмет!