Арқалық – спортқа серпін, болашаққа сенім!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығының негізі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде, соның ішінде Арқалық қаласында да салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты шаралар қолға алынып жатыр.
Қостанай, NEGE. Арқалық қаласында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы жылдары қала тұрғындарының дене белсенділігін арттыру, жастарды салауатты өмір салтына баулу, спорттық инфрақұрылымды жаңарту сынды бастамалар аясында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын таппақ. Жоспар бойынша қала аумағында үш шағын футбол алаңы мен көше тренажерлары орнатылмақ. «Демалыс» саябағы да назардан тыс қалмайды – мұнда ашық аспан астында жаттығуға арналған 12 дана күштік тренажер мен теннис корты пайда болады. Сондай-ақ, волейбол алаңына тартанды жабынды төселіп, Ардагерлер мен А.Байтұрсынов саябақтарында үстел теннисі жабдықтары орнатылады.

Арқалықта бұқаралық спортты дамыту соңғы үш жылда қарқынды түрде жүргізілді. 2021–2024 жылдар аралығында 36 спорттық алаң халық игілігіне берілді. Бұл нысандардың қатарында футбол, волейбол, баскетбол, хоккей корттары мен жаттығу алаңдары бар. Олар қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен серпін беруде.
Алдағы уақытта да спорттық инфрақұрылымды кеңейтуге басымдық берілмек. Атап айтқанда, бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының ғимараты заманауи спорт кешені ретінде қайта жаңғыртылып, Родина ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Сонымен қатар, дарынды балаларға арналған спорт-интернатқа жатын корпус ретінде қызмет ететін әкімшілік ғимарат қайта жөнделіп, арнайы күрес залы салынады. Бұл – жас спортшылардың кәсіби дамуына жол ашатын маңызды қадам.

Мұндай ауқымды жобалар мемлекеттік қолдау мен жекелеген азаматтардың белсенділігі арқасында іске асуда. Арқалық тумасы, белгілі жанашыр азамат Қ.С. Боранбаевтың инфрақұрылымды қолдау қорына аударған қаржысы да спорт саласының өркендеуіне үлкен үлес қосып отыр.
Осы жұмыстардың барлығын жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы жалпы 1 миллиард 712 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл – тек материалдық емес, рухани да инвестиция. Өйткені, спорт – ұлттың күші, қоғамның тірегі, болашақтың кепілі.