19 Ақпан 13:05
...

Архимед Мұхамбетов зауытты рейдерлік жолмен тартып алмақ па?

Фото:

Ақтөбелік Ерболсын Көшербаевтың темір-бетон бұйымдарын өндіретін "ЖБИ-25 зауыты" ЖШС-ын әлде біреулер рейдерлік жолмен тартып алуға талпынған. Бұл туралы зауыт басшысының қызы Анар Төлебаева «Men media» кросс-медиа платформасында өткен баспасөз конференциясында айтып берді.

Анар Төлебаева әкесінің екі айдан бері тергеу мекемесінде жатқанын айтады. Зауытты тартып алуға талпынған топ 2015 жылдан бастап қысым көрсете бастаған көрінеді.

«2017 жылға дейін зауытта 500 адам еңбек еткен болатын. Ал қазіргі таңда 125 адам жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Зауытымыз жыл сайын 100 миллион теңге көлемінде салық төлейді. 2017 жылы Ақтөбе облысының экономикалық тергеу департаменті Forte bank-тің экс-директоры Мария Тұяқованың мәлімдемесіне сәйкес, жоспардан тыс тексеру жүргізуді салық берешегіне сәйкес заңсыз деп таниды. Олардың айтуынша, зауыттың салығы 22,1 миллион теңге көрінеді. Шын мәнісінде тексеру кезінде зауыттың салық берешегі жоқ екені анықталған. Соған қарамастан 2020 жылы 1 мамырда Ақтөбе облысының ҰҚК Қылмыстық кодексінің 245-бабының 3-бөлігі (ұйымдардан салық және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару) бойынша, менің әкем Ерболсын Көшербаевқа қатысты қылмыстық істі тіркеді», – деді ол.

Анар Төлебаеваның айтуынша, 2021 жылғы 12 шілдеде Ақтөбе облысының экномикалық тергеу департаменті Ақтөбе облысының прокуратурасында Е. Көшербаевқа қатысты салықтық тексеру нәтижелері бойынша берешектің іс жүзінде жоқ екендігі туралы қорытындыны бекіткен. Алайда тергеу мен прокуратура Е.Көшербаевтың кінәсіздігін растайтын барлық сот актілерін толығымен елемеген.

«29 желтоқсан күні Ақтөбе қаласы сотының үкімімен менің әкем басшылық қызметті атқару құқығынан айырылып, 2 жыл 6 айға сотталды. Сондай-ақ 167,3 млн теңгеден астам сомадағы материалдық залал өндіріп алынды. Тергеу және сот ісі кезінде әкеме бірнеше рет ота жасалып, 3-ші топтағы мүгедектік тағайындалды. Алайда соған қарамастан сот әкеме қатысты заңсыз айып тағылып отыр. Шыны керек бизнесті рейдерлік жолмен басып алуды көздегендер мен олардың көмекшілері бар. Олардың атын атап  айтсам, облыстық экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Данияр Оразалиев, Ақтөбе қаласының судьясы Жантас Қуанышев, мемлекеттік айыптаушы Әсет Арықов, облыс прокуроры Марат Қайбжанов және облыстың бұрынғы әкімі деп бідемін», – деді ол.

Nege.kz тілшісі «Облыстың бұрынғы басшысының атын нақты айта аласыз ба? Ол қазіргі Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов емес пе?» деп сұраған болатын. Анар Ерболсынқызы Архимед Мұхамбетовтың бұл іске қатысы барын растамады немесе жоққа да шығармады. Соған қарағанда  "ЖБИ-25 зауыты" ЖШС-ін рейдерлік жолмен тартып алушылардың артында ақтөбелік азамат Архимед Бегежанұлы тұруы да мүмкін. Бұған байланысты Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау салатын боламыз.

Кәсіпкердің үстінен іс қозғалғаннан кейін зауытта еңбек ететін 125 адам облыс басшылығына арыз жазған. Олар өздерінің жұмыссыз қалатынын, мәселенің оң шешімін табуды сұраған екен. Алайда аймақ басшысы Оңдасын Оразалин жұмысшылардың арыз-шағымына назар аударуды қажет деп таппаған көрінеді. Аталған зауыттың жұмысшысы Есет Бөкенбаев сөйлесіп көргенбіз. Ол зауыт басшысы Ерболсын Көшербаевтың жақсы адам екенін қайта-қайта айтумен болды.

«Қазіргі таңда 125 адамдай еңбек етіп жатырмыз. Менің өзім сол кісінің жақсылығының арқасында шығар 23 жыл сол зауытта жұмыс істеп жатырмын. Жалақымызды уақытында беріп, еш кешіктірген емес. Егер бастығымыз жаман болып, жалақыны кешіктіре берсе, бір жерде 23 жыл жұмыс істемейсің ғой. Ақкөңіл, жақсы азамат. Жұмыс барысында бір жағдайлар болып алдына барсаң өтінішіңді жерге қалдырмай орындайды. Мәселен ақша қажет болып сұрағанда көмектесіп тұрады. Мен енді Ерболын Төребаевтың ісін дұрыстап қарап, ақтап шығаратын шығар деп ойлаймын. Ақталып шықпаса осында жұмыс істеп отырған 125 адам жұмыссыз қалады ғой. 125 адамның әр қайсының өз отбасы бар дегендей», – деді қарапайым жұмысшы.

Соттың жүзден астам адамды жұмыспен қамтып әрі салық төлеп отырған Ерболсын Көшербаевты 2 жыл 6 айға соттағаны қызық. Алдағы уақытта бұл тақырыпта құзырлы органдарға сұрау салатын боламыз.

Серік Жолдасбай

Тегтер: