13 Маусым 08:26
...

«Арбаның артқы дөңгелегі»: ЖЕТІСУ облысынан НЕГЕ ши шыға береді?

Фото:

Қаңтар оқиғасынан кейін сірескен сең бұзылып, көп нәрсе жақсы жағына қарай өзгергендей болған. Алайда ескі жүйе әбден қанына сіңген әкім-қаралар жаңа қоғамға әлі бейімделе алмай жүр. Тіпті кейбірі ескі сүрлеуге қайта түсіп алғандай әсер қалдырады.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың бастапқы мамандығы – журналист. Журналист кейін дипломат болды, елші болды, былтыр әкімнің креслосына отырды.

Фото: Ақорда.

Жалпы, Бейбіт Өксікбайұлы жақсы журналист, тәуір боксшы (білетіндердің айтуынша, әкім жас кезінде бокспен айналысқан екен), сүйкімді елші болуы мүмкін, бірақ әкімдік қызметіне қатысты сұрақ көп.

Жаңа құрылған облысқа журналист те, боксшы да, елші де емес, ең алдымен шаруашылықтың жөнін білетін маман керек еді. Бірақ олай болмады...

«Ескі Қазақстанда» Бейбіт Исабаевтың басқан ізі білінбейтін. Оның себебі бар. Жылға жуық экс-президенттің баспасөз хатшысы болғаны мен вице-министр лауазымын атқарғанын есептемегенде, Исабаев көбіне сыртта жүрді. Бейбіт Өксікбайұлының жұлдызы «Жаңа Қазақстанда» жанғаны бекер деймісіз. Жетісу жұртының оны «арбаның артқы дөңгелегі» деп атап жүргені де содан болса керек, сірә...

Б.Исабаев. Фото: ғаламтордан.

Жетісудың журналистері әкімнің жұмыс істеу стиліне үйрене алмай әлек. Тіршілік қайнап жатқан облыста әкімнің тірлігі де қауырт болуы керек қой. Жаңа құрылған облысқа бөлінген қаржыны тиімді жоспарлау, оңтайлы жұмсаудан басқа, әкім деген Талдықорған мен Астананың арасын шаңдатып жүруі керек емес пе?

«Бейбіт Өксікбайұлы – «кабинетный чиновник». Құрылыс алаңдарын аралап, толарсақтан саз кешіп жүргеннен гөрі кең кабинеттерде ұзын-сонар жиналыстар өткізгенді тәуір көреді», – дейді жетісулық әріптестеріміз.

Жетісу облысы әкімінің кадр саясаты да біртүрлі екен. Содан болар көптеген мықты кадрлар басқа өңірлерге, жеке секторға кетіп жатқан көрінеді.

«Бір кездері Үмбетовті мақтап, кейін Баталовты жақтаған шал-шауқандар қазір Исабаевты төңіректеп жүр. Мақтауды сүйетін сияқты, жағасы жайлауда. Мықты кадрлардың көбі басқа салаға кетіп қалды, қалғаны әзер шыдап жүр. Олардың орнын әкім өзіне жақындармен толтырып жатыр. «Руластарын жинап алды» деп Назарбаев кланының облысты басқарған өкілдерін сынаушы едік, Исабаев бәрін ауызға ұратын түрі бар», – дейді өңірдегі оқырманымыз.

Фото: 7-su.kz

Кадр демекші, жуырда Талдықорған қалалық білім басқармасының есепшісі Мадлен СЕРҒАЗИНОВА «2 млрд теңге жымқырды» деген айыппен ұсталды. Басқарма басшысы Жандос ЖОЛДЫХАНОВ «280 млн теңге пара алды» деген айыппен істі болып жатыр. Ал кеше Білім басқармасын 2016-2022 жылдары басқарған Роза БАРМАНОВАНЫҢ денесі Қаратал өзенінен табылды. «Облыс әкімінің осы салаға қатысты орынбасары қызметінен кетіпті» дегенді естігеміз жоқ әлі.

  

Жақында Талдықорған қаласының әкімі Әсет МАСАБАЕВ ауруханаға түсіп қалды. Жетісу облысы әкімдігіндегі ахуалды жақсы білетін тұрақты оқырманымыз бұл оқиға туралы былай дейді: «Қала әкімі Әсет Масабаев – қолынан іс келетін тәжірибелі азамат. Бұған дейін Алматы қаласында басшылық қызметтер атқарған. Алайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев қолынан іс келетіндерді жақтырмайды. Кадр таңдау мәселесінде олқылық көп. Облыс әкіміне тек өзінен аса алмайтын жалбақайлар мен ағайын-жекжаттары ғана керек сияқты.

Масабаев пен Исабаевтың арасында түсінбеушілік туындағанына біраз болды. Масабаев ауруханаға түсерден бұрын Исабаевпен қатты сөзге келіп, тіпті бір-бірінің жағасынан алған. Масабаевтың жүйкесіне салмақ түсірген осы жайт болуы әбден мүмкін...»

Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы әкім Ә.Масабаевтың осы жағдайға байланысты түсініктемесін редакцияға жолдаған. Онда Ә.Масабаев «облыс әкімі екеуінің арасында ешқандай кикілжің болмаған» айтады. Біз оны жарияладық. Ал облыс әкімі бұған қатысты ештеңе деген жоқ... 

«Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» әкімнің көшпелі баспасөз мәслихаты бүгін Ескелді ауданында өтеді екен. Егер сұрақ қоюға кедергі жасалмаса, жұрт көкейіндегі біраз сауалға жауап алуға тырысамыз.

Тегтер: