Арандатушылар Мұхтар Шахановтың атынан жалған парақша ашқан – Балаева
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасын талқылау барысында арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге барып отырғанын мәлімдеді.
,Астана, NEGE. Оның айтуынша, кейбір желі қолданушылары танымал тұлғалардың атынан жалған парақша ашып, жағдайды теріс мақсатта пайдаланып отыр.
«Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды.
Өкінішке қарай, кейбір әлеуметттік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда. Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан. Мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда», – дейді Балаева.
Сондай-ақ, оның мәлімдеуінше, «елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр» деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде.Осыған байланысты министр халықты тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
«Бұдан бөлек бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз.
Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын», – деді ол.
Аида Балаева жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.