«АРАНДАТУДЫ әдейі ҰЙЫМДАСТЫРҒАН болуы мүмкін» – Төреғалидің адвокаты тілшімізге сұхбат берді
Соттың шешімімен Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік айдау құқығынан айырылды. Оның есірткіге елітіп алып, рөлге отырғаны дәлелденді.
NEGE тілшісі әншінің адвокаты Тілеужан КІШКЕНЕБАЕВҚА хабарласып, Төреғали Төрәліге қатысты оқиғаның мән-жайын сұрады.
– Төреғалидың ісі жұртты шулатты. Бұл жағдай қалай болған?
– Қазір Төреғалидың құқығын екі адвокат қорғап жатырмыз. Өздеріңіз естігендей, Төреғалиды 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айырумен қатар 20 күнге қамауға алу жазасы кесілді. Бірақ біз бұл үкіммен келіспейміз. Қосымша сараптама тағайындауды сұрап отырмыз. Оның қан тапсыру арқылы сараптамадан қайта өтуге толықтай құқы бар. Бірақ сот алғашында біздің өтініш хатымызды ескермеді, яғни оған уақыт бермеді. Сондықтан тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгінуімізге тура келді.
Фото: ғаламтордан
– Ал желіде тараған бейнежазба жайында не айтасыз?
– Төреғали Қызылорда қаласындағы мүгедектігі бар баласына бару үшін отбасымен ұшаққа отыруға асығып бара жатқан. Бірақ жолда осындай жағдайға ұшырап отыр.
Бастапқыда, жағдайын түсіндіріп айтқан екен, бірақ полиция қызметкерлері сөзіне құлақ аспай, көліктен түсуін талап еткен. Содан Төреғали онда мен «қорғаушымды шақырам» деген. Сол кезде оны баса-көктеп көліктен түсіру әрекеті жасалған.
Ұрып, қылқындырып, денесінен тіземен басып күш көрсеткендіктен оның миы шайқалған. Соның салдарынан кеше ауруханаға түсті.
Дәрігерлер екі күн жатып ем алу керектігін айтқан еді, бірақ полиция қызметкерлері өздерінің қызметін асыра пайдалана отырып, соттың қаулысын орындау мақсатында оны алып кетті.
– Сонда сіз сараптама қорытындысымен келіспейсіз бе?
– Жоқ, келіспейміз. Біз тәуелсіз сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Қан талдауы есірткі тұтынды ма, жоқ па анық көрсетеді. Ал олар зәр алу арқылы ғана асығыс-үсігіс шешім шығарған.
– Қаматпауға әрекет жасайсыздар ма?
– Бұл жағы аппеляциялық соттан кейін белгілі болады. Қазір хаттама дайындап жатырмыз. Себебі, Төреғали түсініктемені қазақ тілінде бергенімен, хаттама орыс тілінде толтырылған.
Ал менің жәбірленушім орыс тілін білмейтін болғандықтан, ол жерде не жазылғанын түсінбейді. Басы асфальтқа тиіп, қатты соққы алып, ары-бері қарайлауға мұршасы келмей жатқанда хаттама толтырылған.
Құқықтары да түсіндірілмеген. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар болып отыр. Мұның бәрі айтылғанмен, сот оны ескермеді. Сондықтан аппеляцияға беріп отырмыз. Егер кінәсі жоқ болса, ақталып шығады.
– Оны ұстау барысында көліктен әлдебір әйелдің ащы дауысы естілді. Ол кім?
– Қасында келіншегі Толқын болған. Оның аяғы ауыр. Бірақ әйел адамның жүкті күйіне қарамастан, үстінен аттап басып, күйеуін көліктен шығармақ болған. Заң бойынша полицейлер қауіпсіздік мақсатында келіншегін алдымен көліктен түсіруі керек еді. Осылайша жүктілігіне қауіп келгендіктен әйелінің жағдайы нашарлап жатыр.
Т.Төрәлі
– Қашып кетпек болған кезде жолай кездескен Chevrolet көлігіне зақым келтірді делінді ғой?
– Егер оның растығы анықталатын болса, қалпына келтіреді. Бірақ Төреғалиға қатысты жолай жол көлік оқиғасын тудырды немесе әлдебіреу тарапынан көлігімді бүлдірді деген айып түспеді.
– Ел ішінде «әдейі ұйымдастырылған әрекет» деген әңгіме де айтылып жатыр. Бұған не айтасыз?
– Ол да мүмкін. Былай қарасақ, Төреғалидың асыққанына орай сырттай аңысын аңдып отырған сияқты. Сондықтан біздің де осы тұрғыда күмәніміз бар. Әдейі, қасақана Төреғалиды абыройынан айыру мақсатында жасалып отырған әрекет болуы мүмкін деп те топшылаймыз.