«Арандату болған, басы жарылған»: Әсет Матаевтың адвокаты мәлімдеме жасады
ҚазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаевқа түнде бір топ адам жабылып, басын жарып кеткен.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Матаевтың адвокаты Рена Керимова мәлімдеді.
«Мен жаңа ғана қорғалушым Әсет Матаевпен сөйлестім. Ол расымен де "бұзақылық жасау" күдігімен ұсталды. Алайда, Әсеттің айтуынша, оған бейтаныс адамдар тарапынан арандату болған.
Кеше түнде ол досымен бірге Достық даңғылындағы бардан шығып, таксиге қарай бет алғанда, жолда белгісіз ер адамдармен жанжал туындаған. Сөзге келіп қалғаннан кейін, Әсеттің айтуынша, шамамен 5-6 адам (арасында қыздар да болған) досы Уәлихан екеуіне шабуыл жасап, соққыға жыққан», – деп жазды ол желідегі жеке парақшасында.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Матаевтың басы жарылған, сол жақ маңдай қуысының алдыңғы және төменгі қабырғалары сынғаны, гемосинус, сол жақ маңдай тұсында соғылған жара бар екені анықталды.
«Ол өзін нашар сезініп тұрғанын айтты», – дейді адвокат.
Керимованың өзі Медеу ауданының полиция басқармасына бара алмаған. Дегенмен қазіргі уақытта Матаевқа әріптестері құқықтық көмек көрсетіп жатқанын айтып өтті.
Еске салсақ, бүгін ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Полиция оның үстінен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал редакция өкілдері істің мән-жайы анықталғанға дейін алдын ала қорытынды жасамауға шақырды.