Арал адамзатты алаңдатады
Тартылған теңіз, суалған өзен. Еліміздегі экологиялық мәселелер адамзатты алаңдатып отыр. Халықаралық қауымдастық апаттың салдарын жою үшін жұмыла әркет жасауға ұмтылмақ. Таяуда USAID, яғни АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі игі бастамасымен көзге түсті.
Халықаралық Аралды құтқару қоры құрғап қалған Арал теңізінің табанына экспедиция жасады. Оған АҚШ-тың Бас консулы Каролин Саваж, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, Германия Елшісінің Қазақстан Республикасындағы тұрақты орынбасары Холгар Коллей қатысты. Және Аралды тең бөлісіп отырған қос мемлекет Қазақстан, Өзбекстан өкілдері және басқа да мүдделі халықаралық және отандық ұйымдар да атсалысты.
Табиғатты аяламаса, ұқыптылықпен пайдаланбаса, мұның арты ғаламдық апаттарқа әкеп соғатынына Арал теңізінің тағдыры жақсы мысал бола алады. Еліміз үшін Арал теңізінің экологиялық мәселесі өте өзекті. Арал өңірінде іске асырылып жатқан бірқатар маңызды жобалар қолға алынып жатыр. Сондықтан USAID өңірлік жобасының, Халықаралық Аралды құтқару қорының Арал теңізі өңірінде ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық платформа құру жөніндегі атқарушы дирекциясының бастамасын құптап отыр. Бірлескен іс-қимылдар осы өңірдегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жақсартуға оңды ықпал етпек.
Кеше экспедицияның жоғарыда аталған қатысушылары Арал өңірінің қазақстандық бөлігінде жұмыс істейтін донорлардың үйлестіру конференциясына қатысты. Екі күнге созылған халықаралық конференцияда қазақ тарабынан Экология және табиғи ресурстар министрлігінен Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н. Жүнісов бар.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, аталған ведомство Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасын әзірлеп жатыр. Ондағы мақсат – Арал теңізі маңындағы экологияны және әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту.
Әрине, Арал теңізі – жалғыз экологиялық мәселе емес. Соңғы кездері өзен-сулардың арнасынан төмендеп жатқаны мәлім. Айталық, соңғы жылдары Жайық өзені суалып, балығы мен бақасы азайып жатыр. Құрағы құрғап, тұнығы лайланды. Бұл жерде де адамның қол таңбасы бар. Құзырлы органдар бұл мәселелерді түбегейлі шешудің жолын қарастырып та жатыр.
2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы қабылданды. Бұдан бөлек, ірі трансшекаралық өзендердің, атап айтқанда, Жайық, Ертіс және т.б. өзен-көлдерді зерттеу жөнінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырудың бірыңғай жол картасы әзірленді.
Экологиялық түйткілдерді тағы бір пысықтап алудың реті келіп тұр. Алдағы күндері Санкт-Петербургте Х-шы Нева халықаралық экологиялық конгресі өтпек.
«Осы іс-шара шеңберінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық заңнаманы үйлестіру саласындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін халықаралық деңгейдегі неғұрлым өткір және өзекті экологиялық мәселелер талқыланады», - дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Форум кезінде Қазақстан экология министрі З. Сүлейменова Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі А.Козловпен кездескен. Әрине, әңгіме қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын бірлесіп пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық жайында өрбіген. Екі ел тізе қосса, Жайық жадырап, жайыны қайта ойнайды деген үміт бар.