Әр облыс жастар ипотекасы үшін бюджетінен 1 млрд теңге бөлу керек – «Әділет» кандидаты нақты ұсыныс айтты
Бүгін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында өткен саяси партиялардың ұлттық теледебаты кезінде партия өкілдері бірнеше сұраққа жауап бере отырып, сол сұрақ бойынша өзінің, өзі кандидат болып отырған партияның нақты ұсыныстарын айтты.
Астана, NEGE. Бүгін «Qazaqstan» телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері арасында ұлттық теледебат өтіп жатыр.
Алғашқы пікірсайыстың тақырыбы «Қазақстанның болашағы – адам капиталы».
«Елімізде дәрігер, мұғалім және инженер сияқты маңызды мамандықтар бойынша кадр тапшылығы сақталып отыр. Әсіресе, өңірлерде бұл мәселе өте өзекті. Осы мәселені жалақыны көтеру арқылы шешуге бола ма әлде маман тарту жүйесін түбегейлі өзгерту керек пе? Партия нақты қандай шешім ұсынады?», – деген теледебаттың екінші сұрағына «Әділет» партиясынан теледебатқа қатысып жатқан Ренат Бектұров екі минут ішінде нақты ұсынысын айта отырып, жауап берді.
«Шынын айту керек, дәрігер және басқа да жұмысшы мамандықтар бойынша білім алып, оқу бітірген мамандары кейде осы салада жұмыс істемейтінін бәріміз білеміз. Қазір осы мамандарды ауылға тарту тарту бағдарламалары бар. Мысалы, «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Бұл бағдарламалар маман тартудағы өз тиімділігін көрсетті. Оларды ары қарай дамыту керек. Біздің партияның нақты ұсынысы – осы бағдарламаларды мноноқалаларға да жеткізу керек», – деді Ренат Бектұров.
Сонымен қатар, Бектұров әр көшкен жас маманға 9 млн жуық қаражат берілетін бағдарламаны да жалғастыру керек дейді. Бірақ, жас мамандарды тартудың жөні бір бөлек те оларды сол ауылда ұстап қалу – басқа мәселе, дейді ол.
«Олар сол жаққа бала-шағасымен барғаннан кейін, сол балаларына жақсы білім берсем деп ойлайды, денсаулық сақтау жүйесі жақсы болса деп ойлайды. Сондықтан, біздің бағдарламаның үшінші бағытында «Мықты өңірлер – мықты ел» деп жазылған. Бұл – өңірлер мен қалалар арасындағы теңсіздікті азайту деген сөз. Экономикалық блоктағы ұсыныстарымызға қарасаңыздар, біз елімізде бес экономикалық аймаққа бөлуді ұсынып отырмыз. Сол аймақтың экономикасына байланысты қай мамандар қажет сол мамандарды даярлау керек деп ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, жастарды қолдау үшін әр облыстың бюджетінен ипотека үшін 1 млрд теңге бөліну керек», – деді ол нақты ұсыныстарын айта отырып.
Ренат Бектұров сондай-ақ қала мен өңірлердегі еңбекақы да теңесу керек дейді. Бұның барлығының басты мақсаты – өңірлер мен үлкен қала арасындағы айрымшылықты азайту. Сол арқылы жастардың туған жерінде еңбек етіп, бала-шағасын өсіріп, үлкен әулетке айналуына жол ашу.
Теледебатқа «Әділет» партиясынан Ренат Бектұров, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Тазабек Сәмбетбай, «Байтақ» партиясынан Нұргүл Қадырбаева, Қазақстан Халық партиясынан Ислам Сұңқар, «Ауыл» партиясынан Серік Егізбаев, «Ақ жол» партиясынан Олжас Нұралдинов және «Respublica» партиясынан Екатерина Смолякова қатысты.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.