23 Тамыз 20:49

Аптаның айшықты оқиғалары | #24 ШОЛУ

Фото:

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылының тұрғыны Нұрлан Ахметовті 15 тамыз күні белгісіз біреулер өз үйінде асқан қатыгездікпен пышақтап өлтіріп кетті.
Туыстарының айтуынша, бұл кәсіпкер Нұрлан Ахметовтың өміріне жасалған алғашқы қастандық емес. Бұған дейін де белгісіз біреулер кәсіпкерді өлтірмек болып, төрт рет әрекет жасаған. Қаншама жылдан бері осындай жағдай қайталанып келсе де, кінәлілер табылмады, қылмыскерлер жазаланған жоқ.

Илон Масктың байлығы артты

Басқа-басқа әңгіме Илон Маскқа ауыса бастағанда көңілді ерекше бір жайлылық билейді. 2017 жылы жаһандық БАҚ илонның байлығы 20 млрд жетті деп таңданды. Жыл басында ғана әлемдегі ең бай адамның қатарына қосылған Илон, осы аптада төрттіктің төріне жайғасты. Илон Масктың қаржысы ғана емес, атақ-абыройы SpaceX секілді ғарыш жылдамдығымен өсіп келеді.

«Риксостың» қожайыны бас санитар дәрігерді НЕГЕ «тентіретіп» жіберді?

Ақтаудағы бес жұлдызды «Rixos Water World» қонақ үйіне қаланың бас санитар дәрігері Әсима Жарылғасова біраз уақыттан бері кіре алмай жүр екен. Мемлекеттік органның өкілі қымбат қонақ үйге шалқайып жатып демалу үшін емес, тексеру үшін барған. Қаладағы эпидемиялық ахуалға қатысты брифингте бас санитардың өзі айтты. Жауапкершілікті әркім әртүрлі түсінетін болса керек. Мәселен, Ақтаудың бас санитар дәрігері өз жауапкершілігін дұрыс түсінгендіктен, індеттің таралуына алаңдағандықтан қонақ үйді тексергісі келді. Ал қонақ үйдің қожайыны қалталы һәм «аузы дуалы» қонақтарының мазасын алмауды жауапкершілік деп түсінетін сияқты. Бұл әзірге көзге көрініп тұрған бір себебі ғана. «Сезікті бұрын секіреді» демекші, бес жұлдызды қонақ үйде санитарлық талаптар аяқ асты болып жатуы да мүмкін ғой...

«Дикий» деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиев соңғы кезде әлеуметтік желіде белсеніп жүр. Карантин кезінде Қазақстанға шетелден дәрі-дәрмек жіберіп, Алматы облысының Кербұлақ ауданы әкімінің «Алғыс хатын» алғаны тағы бар. Рас, кейіннен аудан әкімі «хатқа қол қойғаным жоқ» деп ақталып әлек болды. Өзіңіз байқағандай, қазір «Дикийдің» атынан ат үркеді.

Мұхтар Тайжанды Ұлттық кеңестен қуып жіберді ме?

Ұлттық кеңестің кейбір мүшелері ауысқаны әлеуметтік желіде кәдімгідей сөз болып жатыр. «Мұхтар Тайжанды Ұлттық кеңестен қуып жіберіпті» деген жазбаны да көзіміз шалды. Ақорданың баспасөз қызметі ротация туралы хабарлады. «Ұлттық сенім кеңесінен шығып қалу – сенімнен шығып қалу» деген ой тумаса керек, сірә. Дегенмен де 44 адамның ішінен аты аталған кейбір «мүшелердің» үйірден шеттеп қалуы біраз ойға жетелейді...

Тегтер: