10 Қыркүйек 11:54

Apple жаңа iPhone 16 смартфонын таныстырды

Apple жаңа iPhone16
Фото: әлеуметтік желіден

Apple жаңа iPhone16 смартфонын, AirPods құлаққаптарын және Watch Series 10 сағаттарын таныстырды. 

Алматы, NEGE. 9 қыркүйекте Купертинодағы (Калифорния) Apple штаб-пәтерінде жаңа гаджеттердің дәстүрлі тұсаукесері өтті.

Тұсаукесердің басты жаңалығы жасанды интеллект (Apple Intelligence) жүйесі бар iPhone 16 смартфондарының жаңа үлгісі болды, оның негізгі функциялары маусым айында iOS 18 операциялық жүйесінің тұсаукесері кезінде жарияланған еді.

Жаңа iPhone 16 смартфоны 4 модельден тұрады: стандартты iPhone 16, Plus модификациясы, сонымен қатар флагмандық Pro және Pro Max. Кіші модельдер қара, ақ, көгілдір, жасыл және қызғылт, сондай-ақ ультрамарин түстерінде болады.

Өндірушінің айтуынша,төменгі деңгейлі құрылғылардың процессоры,  алдыңғыларға қарағанда 30% жылдамырақ және 35% энергияны үнемдейді. Сонымен қатар камераны басқарудың жаңа функциялары пайда болды: Capture Button сенсорлы батырмасы. Camera Control батырмасы арқылы фотосуретке түсіру режимдерін таңдауға болады. Негізгі камера бұған дейінгі модельдердегідей 48 мегапиксель. Өзгешелігі – камера бағытталған объектіні анықтап, танитын  функция пайда болды.

Жаңа смартфонның экран өлшемі iPhone 16 нұсқасында 6,1 дюйм және iPhone 16 Plus нұсқасында 6,7 дюйм. iPhone 16 Pro және Pro Max флагмандық нұсқаларында дисплей үлкенірек. Олардың диагоналы 6,3 және 6,9 дюймге дейін өсті.

iPhone 16-ның көрсетілген бағасы 799 доллардан, iPhone 16 Plus – 899 доллардан, iPhone 16 Pro – 999 доллардан және iPhone 16 Pro Max – 1199 доллардан басталады.

Көптеген елде сатылым 20 қыркүйекте басталады деп жоспарланған