Апелляциялық сот «адам өлтірді» деп айыпталған жігітті қалай түрмеден босатты? – Адвокаттың сұхбаты

Былтыр тамыз айында Павлодар қаласында болған төбелес Сергей Сухоносенконың өліміне алып келген еді. 21 жастағы жігітке пышақ ала жүгірген марқұм кенеттен құлап, көз жұмған.
Алайда, сот өзінің өмірін сақтап қалуды ойлап, барынша қорғанған Жоламан Құсайынды 4,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Ал кеше апелляциялық сот оны сот залынан босатты.
NEGE тілшісі осы істегі жеңіс жайында апелляциялық сотта ғана қорғаушы қызметін атқарған заңгер Ерлан Ғазымжановтан сұраған еді.
– Ерлан, Павлодар облыстық соты былтыр желтоқсан айында Сергей Сухоносенконың өліміне кінәлі деп тапқан Жоламан Құсайынды 4,5 жылға соттаған еді. Алайда, апелляциялық сот үкімді өзгертіп, жазаны 1 жылға дейін қысқартыпты. Мұны қорғаушы болған сіздің де жеңісіңіз деуге бола ма?
– Жоламанның өзі де, туған-туыстары да шешімді естігенде қуаныштан көздеріне жас алды. Себебі, сот апелляциялық сатыда үкімді өзгертті. 2024 жылы 23 желтоқсанда соттың алғашқы инстанциясы «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді» деп 4,5 жылға жаза кесті. Ал кеше Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігімен сотталған Жоламан Құсайынға қатысты сот тергеуі қайта жалғасты. Сотта Сергей Сухоносенконың өліміне дейінгі денсаулық жағдайына қатысты сұрақтар болды. Сот тергеуін қайта бастау – әдетте өте сирек кездесетін жағдай.
Сонымен, Павлодар облыстық соты апелляциялық шағым бойынша 21 жастағы Жоламан Құсайынға қатысты үкімді ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігінен 112-бабының 2-бөлігіне өзгертіп, жазаны 1 жылға бас бостандығынан айыруға дейін қысқартты. Оның 6 ай тергеу изоляторында болғаны ескеріліп, сот залынан босатылды.
Бұл – біз үшін, жас жігіттің отбасы үшін үлкен қуаныш. Себебі, көз жұмған Сергей Сухоносенконың туыстары 4,5 жылды да қанағат тұтпай, апелляциялық шағымда Жоламанның жазасын 8 жылға дейін ұлғайтуды сұраған.

– Жалпы, оқиғаның қалай өрбігенін айтып бересіз бе?
– 2024 жылдың 11 тамызында Жоламан Құсайын шамамен таңғы төрт жарымда досымен бірге түнгі клубға келген. Сол уақытта есік алдында клубтан ашулы шыққан 24 жастағы Сергей Сухоносенко жігіттерден темекі сұрайды. Бұлар «Темекі тартпаймыз» деп жауап береді.
Олардың айтуынша, Сергей денелі жігіт екен. Ал Жоламанның салмағы небәрі 55 келі. Ол Жоламанды жасөспірім санаған сияқты. Содан бас салып жұдырық жұмсап, қалтасынан пышақ шығарып, пышақтамақ болған. Сол сәтте менің қорғауымдағы жігіт барынша қорғануға тырысқан. Себебі, оның өміріне қауіп төніп тұр еді. Әлбетте, екеуінің тұрқы да, күші де бірдей емес. Сергей әлдеқайда күштірек болса да, қорғанған Жоламан басынан бірнеше рет соққы берген. Өзінен-өзі сұлық құлаған әлгі жігіт күтпеген жерден көз жұмған. Шүйдесін жерге ұрғанда есінен танған болуы мүмкін. Мұны сотта сарапшы маман да растап, осылай құлағанда бастың желке тұсында гематома пайда болуы мүмкін екенін айтты. Алайда, сараптама тағайындамас бұрын тергеу барысындағы материалдың бәрін бермеген. Сондықтан сараптаманы да кейін өзгертті.
– Бейнежазбада Жоламанның жанында достары болғанын көрдік. Бірақ кейбіреулер «Олар неге қарап тұр? Неге араша түспеген?» деген пікір жазды.
– Жанындағы жігіттердің де басы екеу емес. Иә, әлеуметтік желіде «Достары неге Жоламанға көмектеспеген? Неге ажыратпай, қарап тұр?» деп жазды. Жауап – біреу ғана. Шабуыл жасаған адамның қолында пышақ болды. Олар да өмірі үшін тәуекелге бармайды ғой. Оның үстіне біздің сот мұны ушықтырып, топтық төбелес деп шығаруы мүмкін.
Жоламанға араша түсем дегенмен, сот оларды кінәлі етсе, не болады? Керісінше, «Осы оқиғадан кейін жастар екі адам арасына түсіп, агрессорға қарсы тұрғанның пайдасы жоқ екенін білсе екен» деген пікірді де оқыдым.
Жоламан – ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін жігіт. Төрт жасында анасынан айырылған екен. Салауатты өмір салтын ұстанады. Жоғары оқу орнына да түскен. Аяқастынан қырсық шалып, жолында Сергей кездесіп, өмірі бірден өзгеріп кетті.

– Мұның бәрі бейнетаспада бар. Осыны көріп, біле тұра сот неге 4,5 жыл берді?
– Мен алғашқы инстанцияда қорғаушы болғам жоқ, тек апелляцялық сот алдында ғана келдім. Ең сорақысы, апелляцияда жәбірленуші тарап пен прокурор да бұл шешіммен келіспеген. Олар үшін 4,5 жылдың өзі аз деп есептелді.
Сөйтіп, апелляциялық шағымда Жоламан Құсайыновты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Егер сот 8 жыл берсе не болар еді? Сондықтан да Жоламанның жақындары шешімді естігенде көз жасына ерік берді. Тіпті олар «апелляциялық сот шешімді мүлдем өзгертіп жібереді» деп үміттенген де жоқ. Маған хабарласқанда «Тым болмаса, жылын қысқартса екен немесе шартты түрде жаза берілсе ғой» деген ойын айтты. Заңгер ретінде заң тұрғысынан дұрыс шешім шықты деп ойлаймын.