«Әншінің бәрін Төреғали мен Қайрат деп ойлай ма?!» – Өнер қайраткерлері өкіметке НЕГЕ өкпелі?

Әншілер тойдан тапқан табысына салық төлеуге міндеттеледі. Бұл туралы кеше Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді. Бұл мәселе бұрын да айтылып келген еді, құзырлы органдар енді шындап кірісетін тәрізді.
Талап бойынша жылдық табыс 31 наурызға дейін тапсырылса, салық сәуірдің 10-на дейін төленуге тиіс. Оның мөлшері 10 пайыз деп бекітілген. Сондай-ақ шенеунік салық төлеуден жалтару мақсатында ақшаны қолма-қол алатын әншілердің де мәселесі майшаммен қаралатынын ескертті.
- Тақырыпқа орай: Әншілер тойдан тапқан табысына салық төлеуге міндеттеледі
Бұл туралы әншілер не дейді? NEGE тілшісі ел алдында жүрген өнер адамдарына хабарласып, пікір сұрады.
Қарақат ӘБІЛДИНА, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші:
...Осы жағы мені қынжылтады

– Әрқашан заң аясында, оған қайшы келмейтін қарекет қыламыз ғой. Егер құзырлы органдар солай деп шешсе, бағынамыз. Бірақ әркімнің жағдайы әрқилы. Кейбір әріптестерім арнайы мекемеде тұрақты табыс көзіне жұмыс істесе, кейбіреулері нәпақасын тек тойдан ғана тауып жүр. Сыртқа жылтыр көрінгенмен, үйсіз-күйсіз жүргені қаншама.
Мәселен, кезінде фонограммасыз жанды дауыста ән айтыңдар деді. Құп дедік. Бірақ аймақтағы концерт залдарында соған сай арнайы техникалық жабдықтар жоқтың қасы. Барының сапасы сын көтермейді. Кіріп кеткен өкшемізді шығара алмай тұратын шұрық-шұрық, тозығы жеткен сахналарды да көріп жүрміз.
Дыбыс режиссері деген маман да жоқ. Есеп беру концертін өткізсек, жол күресіне дейін көтеріп, қажет нәрсені қыруар қаражатқа шетелден алдыртамыз.
Қандайда бар заң шығарарда осындай дүниелерді ескеріп, байыбына барып алған жөн болар. Осы жағы мені қынжылтады.
Қазбек ӘДІКЕЙ, дәстүрлі әнші:
Түбегейлі қарсымын!

– Бұл шешімге түбегейлі қарсымын, ақылға сыятын дүние емес. Себебі әнші атаулының барлығы бірдей тойдан табыс таба бермейді. Қарға тамырлы қазақ болған соң туыс-жегжаттың қуанышына тегін баратындар бар.
Әртістерден сауын сауатындай мәдениетке мойын бұрылып жатқан жоқ. Материалдық тұрғыдан бөлек өнерге рухани жағынан мән беріліп, кімнің не айтып жатқанын бағамдап жатқан ешкім жоқ. Салдарынан сахнада кәсібиі әнші мен қатар әуесқойлар да сапырылысып кетті.
Енді қазір өнер саласында білім алған сауатты таланттар сыртта қалды. Салықтан бұрын Мәдениет министрлігі осының барлығын сүзгіден өткізіп, жөнге салғаны дұрыс болар.
Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Әншінің бәрі тойдан табыс тауып жүрген жоқ

– «Мен мына тойға барып, мұнша ақы алдым» деп өздігінен кім айтады? Ал үстінен түссе «құдамның тойы» деуі әбден мүмкін. Әйтпесе, салықтан қашамыз деп айта алмаймын. Оның үстіне тойдан көп табыс табатын әншілер саусақпен санарлық қана.
Төреғали мен Қайрат Нұртастың гонарарына қарап, бәрінің бірдей жағдайы жақсы деп бағамдау болмас. Клипі мен әнін қарызға жаздыртып, құдалықта жүрген әншілерге қандай салым салмақ?!
Мысалы, біраз жыл бұрын авторлық ұйым құрылып, соған сай орындаушыларға қаламақы түсіп отырады деген. Алғашында аздаған тиын-тебен түсіп еді, соңынан сиырқұйымшаққа салып, оны да құртты. Алдымен осыларды бір арнаға келтіріп алу керек қой.
Алма АМАНЖОЛОВА, ҚР Өнер қайраткері, әнші:
Онсыз да шығынымыз шаш етектен

– Өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарға неге тиіседі? Себебі мемлекеттік қай мекемені алсаңыз да, өнер адамдарының айлығы бұрыннан аз.
Мысалы, өзім Алатау театрында қызмет істеймін. Біз тікелей қала әкімдігіне қарасты болғандықтан, өзге мекемелердегі әншілердей күнде той-тойлап жүруге мүмкіндігіміз жоқ. Себебі бұл театр болғандықтан, таңертеңнен кешке дейін дайындықта жүреміз. Айлықтың аздығынан қосымша табыс есебінде сенбі-жексенбі күндері тойға шығып тұратынымыз рас. Себебі ер адамдарға 200 мың теңге айлыққа отбасын асырау мүмкін емес. Соның өзінен салық аламыз десе, онда бізге несиені аз пайызға беріп, айыппұлдарымызды жеңілдетсін. Алаған қолым береген болу керек қой. Немесе баратын той тауып берсін.
Бір ән жаздырудың өзі миллионға шығады. Оның сыртында композиторы мен авторына тағы қаламқы береміз. Шығынымыз онсыз да шаш етектен. Әнді өзіміз жаздырып, киімді өзіміз тіктіріп, жарнамамызды өзіміз жасасақ, Үкіметке не үшін салық төлеуге тиіспіз?!
Мен мысалы дәтүрлі ән айтатын болғандықтан, бір айлыққа жұмыс істеп, несиемен күн көріп жүрген қарапайым халықтың қуанышына ортақтасамын. Ақшасы көп шала қазақтар бізді менсінбейді. Оның өзінде жарты тойға алыс-беріс немесе рақмет үшін шығамыз. Оның өзін халық беріп жатыр.
Зарина ОМАРОВА, эстарада әншісі:
Тойған барған әншіге салық салу – дәстүрді мансұқтау

– Той бірде болса, бірде жоқ. Жұрттың бәрі бірдей тойына танымал әншіні шақыра бермейді ғой. Әншіден өзге тойдың айналасында хейр-стилист, визажист, тігінші сынды бірнеше мамандар жұмыс істейді.
Үкіметке алақан жаймай, өз күндерін өзі көріп жүрген солардың бәрін салық төлеуге тарта берсе, қалай болады? Онда әншілерді бір-бір мекемеге орналастырып, айлық төлейтін жағдай жасап беруі қажет.
Той – ежелден келе жатқан қазақтың дәстүрі. Алыс-жақынның басын қосатын қуанышта ән айтылып, би биленіп, салт-дәстүр де көрініс табады. Оған қырын қарап, тойған барған әншіге салық салу – ата-салт пен дәстүрді мансұқтау.