28 Қыркүйек 14:48
...

Әншілер: Өзіміз жарымай отырып, өзгені қалай жарылқаймыз?!

Фото:

Ресейдегі мобилизация мәселесі қазақстандағы пәтерақы бағасын шарықтатып жіберді. Ажиотажға еріп, пәтерін жалдап отырғандарды қуып шығып жатқандар бар. Бұл мәселе жуық арада шешілмейтін сыңайлы. Өйткені, Үкімет бейқам.

Әдетте әнші-актерлерді жұрт «қоғамдық өмірден бейхабар, ішкен-жегенін әлеуметтік желіге салып, мақтанғанына мәз» деп жазғырып жатады. Шынымен де солай ма?

NEGE тілшісі шоу-бизнес өкілдеріне хабарласып, елдегі жағдайға қатысты пікір сұрады

Гауһар Әлімбекова, әнші-сазгер:

Ет жейтін қазақ қанша қалды екен?

– Кейде «біз – қазақ қашан өз елімізде, өз шаңырағымызда қаннен-қаперсіз күн кешетін боламыз?!» деп ойлаймын. Осы ретте  жүйкемді жегідей жейтін бір мәселе бар.

Мысалы, қарап отырсақ, елдегі қаңтар оқиғасында қаншама қандасымыз қырылды. Әлі өз жарамыз жазылмай жатқанда, өзгені жарылқауымызға не жорық?! Сырттан келетіндер ішімізге дендеп кіріп алған соң, іріткі салмай ма.

Мәселен, «Ресейден келіп жатқандар заң бойынша белгілі бір уақыттан соң елден шығарылады» дейді. Ал олардың жылы жерді тастап, мерзімі келгенде кетіп қалатындарына күмәнім бар.

Өзіміздің жерлестер екі қолға жұмыс таппай, пәтерден пәтерге көшіп жүргенде, сырттан келетін келімсектерге шекараны ашып бергенді құп көрмеймін. Енді ғана еңсеміз көтеріліп, етек-жеңімізді жинадық па дегенде, қайтадан құлдық қамыт киеміз бе деп қорқамын.

Қарап отырсақ, өзге ұлттардың қала ортасындағы пәтерінен бөлек, қала сыртында саяжайлары да бар. Қағанағы қарық, сағанағы сарық. Жазда жапқан «закускаларын» жеп жата береді. Сонда қыстың қытымыр аязында арзан пәтер іздеп, сыртта сенделетін өзіміздің қаракөздеріміздің жайы не болмақ?!

Азық-түлік бағасының да қасқалдақтың қанымен пара-пар болып кеткені тағы бар. Ет жейтін қазақ қанша қалды екен? Осыны ойласам, төбе құйқам шымырлап, ет жүрегім елжірейді.

Құрмаш Маханов, әнші:

«Қанша байлық жисаң да, бұйырғаннан артық жей алмайсың»

– Әрине, пәтерақының қымбаттауы жаныма батады. Бірақ түптеп келгенде мұның артында өзіміздің қазекеміздің қанағатсыздығы жатыр. Қолдан келсе, жалға берген пәтерінің бағасын тұрақты ұстап тұрмай ма?!

«Қанша байлық жисаң да, бұйырғаннан артық жей алмайсың» деген. Бір басында бірнеше пәтері бар адамдардың түйені түгімен жұтқысы келіп тұратын әдетіне таң қаламын. Қайта жастарға, қарттарға, жоқтарға жеңілдік жасап, көптің алғысына бөленсе, одан жағдайы жақсармаса кемімейді ғой. Себебі, әр жасаған жақсылықтың қалайда қайтымы болады.

Көрсеқызарлықпен, қанағатсыздыпен тапқан ақшаның берекесі болмайды. Соны кейбір қандастарым түсінсе деймін.

– Ал өзіңіз пәтер іздеп сенделген қандастарды паналатуға әзірсіз бе?

– Егер қолымда болса, алдымен пәтерден-пәтерге сабылған  өзімнің  ет жақындарыма көмектескен болар едім. Әттең, «Жомарттың қолын жоқ байлайды» деген. Біреу сенер, біреу сенбес, шынын айтсам, өзім де жалдамалы пәтерде тұрып жатқан қазақтың бірімін. Әйтпесе, біреуге жақсылық жасаудан рахат алғанға не жетсін!

Саят Медеуов, әнші:

Өзімнің жағдайым болмай отыр...

– Өз басым «студент жастарды пәтерден шығарып жатыр» дегенді естіп, жабырқадым. Біз бір-біріміздің жағдайымызды ойлап, жанашырлық танытудан қалғанбыз. Сөйтеміз де, «билік халықты ойламайды» деп қаралаймыз. Сонда біз кімге өкпелейміз осы?!

Кезінде егістік қардың астында қалып қойған кезде де нан бағасын шарықтатып жіберген де өзіміз едік. Неге сондай тойымсыз болып кеткенімізді түсіне алмаймын.

Бір қолымнан келетіні сол – жалға пәтер беретін жақындарыма «бағаны көтермеңдер, қумаңдар» деп өтініш айтып жүрмін.

– Ал өзіңіз жанашырлық танытып, далада қалған жандарға қолұшын берер ме едіңіз?

– «Пәтер таппаған қандастарымды өзім тұрып жатқан үйге кіргізіп қоюға даярмын» десем, ол өтірік болар. Негізі есігімнің алдында бастаған шағын құрылыс бар еді. Соған бір отбасын қоныстандырсам деген ойым болған еді. Бірақ соны жүзеге асыруға өзімнің де жағдайым болмай отыр. Бір жағынан қаладан қашықта тұрғандықтан, мен жаққа келе қоятын жан табылуы екіталай ма деймін.

Асылбек Еңсепов, күйші:

Мен саясаткер емеспін

– Бұйырса, ертең Астанаға жол жүріп бара жатырмын. Бір қызығы, ол жақтағы қонақүйлерде түнеп шығатын орын жоқ екен, бәрі бос емес. Бұл енді көрші елдегі мобилизация мәселесімен біздің елге ағылған жандардың санының көптігін білдіреді. Осы сәтті пайдаланып, пәтер бағасын қымбаттатып жатқан жандарды құптамаймын.

Себебі, бұл алдымен іштегі өз қандастарымыздың қалтасына ауыр тиеді. Ал қымбатшылық болса мынау, қос бүйірден қысып жатқан.

Екіншіден, біз достықты ту етіп келген халықпыз. Одан жаман болған жоқпыз, соның арқасында бейбіт, тыныш өмір сүріп жатырмыз. Бірақ қазір достық көңіл танытып, құшақты айқара ашудан да қорқатын болдық қой. Ішімізге кіріп алған соң, мінез көрсете ме деп тағы ойлайсың.

Мен саясаткер емеспін, бар болғаны халық қазынасын насихаттап жүрген жанмын. Сондықтан құзырлы орындарда отырған шенеуніктер бұл мәселені арба да сынбай, өгіз де мертікпей өтетіндей дәрежеде оңтайлы шешеді деп сенемін.

Тегтер: