Әншілер кино түсіруге неге әуес?
Бүркіт деген лақап атпен танылған әнші Айбек Жансейітовтің жарыққа шыққан отандық кинотуындылардың кейбіріне көңілі толмайды. Сапасына емес, мазмұнына. Айтуынша, қазіргі таңда сауатты сценаристер қатары сиреп кеткен.
Алматы, NEGE. Журналистерге берген бір сұхбатында өнер иесі: «Шындығын айтсақ, біздегі сценаристерге қарным ашады. Кинотуындыны түсіруді қолға алған кезде продюсерлер мен режиссерлер асығыстық танытып жауапкершілікті бір адамға тапсыра сала ма, әлде сауатты сценаристердің еңбегі жарыққа шықпай, тасада қалып қоя ма, білмеймін. Соның салдарынан мына біз тамашалап жүрген туындылар құрғақ болып қалады. Барлығы асығыс шешім қабылдағаннан деп ойлаймын. Мүмкін сценаристердің еңбегін алдын ала асықпай іріктеу керек шығар. Мысалы жеті-сегіз ай болды, бір сценарийді әлі жазып жатырмыз, өңдеп жатырмыз. Сондықтан енді асықпай, биылғы жылды осы сценарийге арнадық», – дейді әнші.
Кино әлеміне алғаш қадам басқан соң біраз сынның астына ілінген Бүркіт көпшіліктің пікіріне әжептәуір шамданған болатын. «Кейбіреулер «осы әншілер киноға да, эстрадаға да барады» деп ойлайды. «Осылардан басқа ешкім жоқ па» дейді. Жоқ, бұл жан дүниемнің талабы. Біз кино түсіріп жатсақ, оған ақша құйып жатырмыз, жұмыс орындар беріп жатырмыз», – дейді Бүркіт.
Өнер иесі мұнымен тоқтамақ емес. Отандық картиналар санын өсіруге барымды саламын деп бекініп отыр. Айта кетейік, әнші тырнақалды «Логово» кинокартинасын көрермендерге ұсынғаннан кейін, араға көп уақыт салмай комедиялық жанрда «Загадай желание» атты фильмін таспалады. Осыдан кейін шоу-бизнес өкілдері фильм түсіруді жаппай қолға алды. Олардың арасында Төреғали Төреәлі, Ерке Есмахан, Айқын Төлепберген бар.
Кино әлеміне енді аяқ басқан Айқын да әріптесінің жоғарыда айтылған сөзімен келіседі. Түсірілім жұмыстары басталған «Операция гүлдер» фильмін таспалауға кіріскен ол, тұшымды сценарийдің болмауынан уақыт жоғалтып алғанын тілге тиек етті.
«Қазақстанда кинопродюсерлер өте көп. Актерлар жағынан, түсірілім жағынан қиындық жоқ. Біздегі ең қиын мәселе, сценарий екен. Жазатын адам жоқ. Өте аз, саусақпен санарлық және әр кезде жақсы болып шықпайды. Сондықтан сценарий жағынан көп ойландым, ұзақ жазылды», - дейді Айқын.
Әншілердің жаппай кино түсіре бастауының негізгі себебі – ақша табу. Мұны өздері де жасырмайды. Ал енді әншілер түсірген кинолардың сапасы туралы әңгіме басқа.
Ұлжан Айнақұлова
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды