Әншілер адвокаттың өзін соттатып жібергені рас па?

Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа және Жанболат пен Жазира маған қысым жасады» деп редакциямызға хабарласқан. Ол туралы материал кеше порталымызда жарияланды.
Адвокаттың айтуынша, үстінен қылмыстық іс қозғалып, 9 наурызда Алмалы аудандық соты оны кінәлі деп тапқан. Сот оған 499 мың теңге айыппұл салып, 3 жылға адвокаттық қызметтен шеттеткен.
Т.Кішкенебаев
Адвокат Тілеужан Кішкенебаев былай деген: «2017 жылы бір іске адвокат ретінде қатыстым. Ол жерде учаскелік полицейдің қылмысы анықталады. Сол ісі үшін үш жылға сотталады. Іс жабылған. Бірақ ол іс қазір қайта қаралып, мен қуғынға ұшырадым.
Бұл – жоғарыдан берілген тапсырма. Өштесу! Үстімізден арыздандың деп қала прокурорлары да ерегісті. Менің қорғауымда қазір 50 адам бар. Аманатын алған соң, оларды қалай жарты жолдан тастап кетемін? Роза Әлқожа немесе Ақбота Керімбекова қысым көрсетті деп тастап кетемін бе? Судья мен прокурорлардан қорықсам, қалай адвокат боламын?».
Оқиғаның ақ-қарасын білмек болып, тілшіміз аты аталған әншілерге хабарласты.
Ақбота Керімбекова: Бір Аллаға тапсырдым
– Жоқ, мен ешқандай адвокатепен істі болған жоқпын. Ол кісіні танымаймын, көрген де емеспін. Оған біздің қатысымыз жоқ. Ол жерде шағымданған инвесторлар. Біздің инвесторларға ешқандай қатысымыз жоқ. Ол компанияның өздерінің бөлек істеген тірліктері.
Мен өз басым компанияның үстінен шағымданғым келген. Былтыр ораза айы болғандықтан, бір Аллаға тапсырдым да, сонымен бұл тақырыпты жауып тастағанмын. Ешкімге шағымданған жоқпын, еш жерге барған жоқпын, – деді Ақбота Керімбекова.
Роза Әлқожа: Адвокатым айтып берсін
Әнші Роза Әлқожа бұл іске қатысты пікірді адвокат Абзал Құспановтың егжей-тегжейлі түсіндіріп беретінін жеткізді. Тілшіміз адвокат Абзал Құспановқа хабарласты. Ол былай деді:
– Сіздердің сайттарыңызға шыққан мақаланы көрдім. Ол жерде бірнеше әншінің аты аталыпты. Оның ішінде Роза Әлқожа да бар. Мен бұл жерде Розаның атынан анық айта аламын. Мүмкін, Жанболат пен Жазира, Ақбота Керімбекова үшін де айта алатын шығармын. Себебі, аталған үкімді дәл қазір қолыма ұстап отырмын.
Бұл 9 наурызда шыққан үкім екен. Ол үкімнің аты аталған өнер адамдарына ешқандай да қатысы жоқ. Адвокаттар мемелекет есебінен жұмыс істейді. Яғни, бірінші жағдайда қорғаудағы адаммен келісіп жұмыс жүргізеді. Ол кезде ақшаны қорғаудағы адам төлейді.
Адвокат А.Құспан
Екінші жағдайда, кейбір адамдардың материалдық жағдайлары болмаған кезде адвокаттың әрбір сағаты үшін мемлекет ақша бөледі. Мұны түсінікті болу үшін айтып жатырмын. Сондай жағдайы жоқ адамды қорғадым деп Кішкенебаев Үкіметтен ақша алған. Ол Ішкі істер органдарының қызметкерімен заңсыз келісімге барған.
Осылайша, мемлекетке зиян келтірген және ол адамның құқығын қорғамаған. Оның тергеу әрекеттеріне қатыспаған. Міне, сол үшін үстінен тексеру жүріп, осы қылмыстары әшкере болып, адвокат Кішкенебаев пен тергеуші сотталып отыр.
Бұған Роза Әлқожаның қандай қатысы болуы мүмкін? Ол өзімен-өзі сахнада әнін салып, өнер көрсетіп жүрген адам. Сол себепті, Роза Әлқожаның бұл жағдайға ешқандай да қатысы жоқ».
Абзал Құспанның айтуынша, адвокат Тілеужан Кішкенебаев Роза Әлқожаға қатысты бірнеше рет балағат сөр айтқан. Алайда, олар осы уақытқа дейін оған шағымданбаған екен.
– Кішкенебаевқа қатысты біз осы уақытқа дейін шыдап отырғанбыз. Ол Розаны және Ақботаны бірнеше мәрте «алаяқ» деді. Бағдарламаға шығып, «алаяқ» деген кезде маған Роза Әлқожа хабарласты. Ол кезде барлығын жылы жауып қойғанбыз. Біздің тарапымыздан ешбір әрекет жасалмаған. Енді, амал жоқ, біздің де әрекет етуімізге тура келіп отыр. Өйткені, бұл – шектен шығушылық.
Кішкенебаев қандай жағдайға ұшыраса да, айдаладағы Розаға кінә артуы ақылға сыймайды. Роза биліктің өкілі, не болмаса құқық қорғау органдарына қатысы бар адам емес. Ол – өнер адамы. Маған хабарласқан кезде ненің не екенін білмейтін. Ешкімде шаруасы жоқ, өзінің шығармашылығымен жүрген адам. Бұл ақпаратты толық теріске шығарамын және осы мәлімдемесі үшін жауап беретінін сенімді түрде айтамын, – деп жауап берді Абзал Құспанов.
Жанболат пен Жазира: Бұл – жалған ақпарат
Т.Кішкенбаевтың мәлімдемесіне қатысты Жанболат пен Жазирадан жауап ала алмадық. Өзін «Жанболат пен Жазираның директорымын» деп таныстырған жігіт төмендегідей уәж айтты:
– Бұл – жалған ақпарат. Ол кісілердің бұл іске қатысы жоқ.
Ал адвокат Т.Кішкенебаев: «Әрине, әншілер бұл іске қатыстылығын мойындамайды, бірақ маған қатысты айыптау үкіміне аты аталған әншілердің ықпалы болғанына сенімдімін», – дейді.