22 Сәуір 16:58
...

Әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі 5 жылға бас бостандығынан айырылды

Әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Кажымұханұлы
Фото: ғаламтордан
Әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Кажымұханұлы аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Алматы, NEGE. «Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуы, кінәсін мойындауы және шын ниетпен өкінуі ескерілді», – деп хабарлады сот.

Толық мәліметтер әзірге жарияланбады, дегенмен оның аты аталған қылмыстық істі таптық.

Ұлытау облысында Облыстық ғылыми-әдістемелік орталық қызметкерлеріне қатысты сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету бабы бойынша іс тергелген. Жасырын тергеу шаралары кезінде осы мекеменің бас есепшісі Астанадағы полицейлерді парамен көндіруге тырысқаны анықталған. Ол қызының психотроптық заттарды сату мақсатында сақтау бабымен айыпталғанын жеңілдету үшін, яғни сату мақсаты жоқ сақтау бабына ауыстыру үшін әрекет еткен.

Сот барысында әйел өз кінәсін мойындады. Оның айтуынша, 2024 жылғы 28 наурызда адвокатынан қызының ұсталғанын білген. Сасқалақтаған әйел мәселені шешуге көмектесе алады деген үмітпен туысына жүгінеді. Ол туысының күйеу баласы бұл мәселені «шешіп беретін» адамдарды танитынын айтқан. Сол үшін 50 мың АҚШ долларын сұраған.

Сотта сол күйеу бала Аңсар Кажымұханұлының атын атаған. Оның айтуынша, Аңсар өзінде қылмыстық істі жеңілдетіп бере алатын «таныстары» барын айтқан. Алайда ақша берілгеннен кейін мәселе шешілмеген. Ақшаны қайтаруды талап еткен. Нәтижесінде, қолда бар мәліметке сүйенсек, 50 мың доллардың тек 28 мыңы ғана қайтарылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Кажымұханұлының Астананың Алмалы ауданындағы полиция органдарымен ешқандай байланысы болмаған, ал берілген ақшаны жеке басына жұмсаған.

Сиви Махмуди Анна Данченкоға берген сұхбатында бұрынғы күйеуі балаларына мүлде көмектеспегенін, керісінше, өзіне қоқан-лоққы көрсеткенін айтқан. Осы жағдайлардан кейін ол басқа қалаға көшуге мәжбүр болғанын да жеткізген еді.