540 миллион доллардың құны: Стати сотта Қазақстанды тізерлете ме?

Статидің Бельгияда сот процессіндегі басымдықты өз жағына бұрғанын Қазақстанның Әділет министрлігі мойындамай отыр. Бірақ, Қазақстанға қарсы құқықтық соғыс жүргізіп жатқан Ascom Group басшысы Бельгияда сотты өзіне қарата алса, онда оның көршілері Нидерланды мен Люксембургте де жеңіске жету мүмкіндігі молаяды. Өйткені, осы үш елдің (Бенилюкс) сот жүйесі бірдей.
Стати не дейді?
Ascom Group баспасөз-релизін таратып, онда Брюссель соты 34 парақтан тұратын орындалуға тиісті үкім шығарғанын хабарлады. Екі жылға созылған Бельгия сотындағы процесстің аяқталуына аз қалды. Компанияның мәлімдеуінше, Брюссель соты Қазақстан алға тартқан қарсылықтың ешбірін қабылдамады. Сонымен бірге 36 мың евро көлеміндегі сот шығынын Қазақстан жағы төледі.
Анатоли Стати: "Біз Брюссель сотының бұл шешімін құрметпен қабылдаймыз. Қазақстанда шетелдік инвесторлардың құқығы толыққанды қорғалмағанын ескеру керек екенін еске саламыз»
Бельгияда жалғасып жатқан сот процессі аясында Статилер Қазақстанға тиесілі 530 милллион доллар қаржыны бұғаттауға қол жеткізді. Ол қаржы Ұлттық Банк кастодианы BNY Mellon банкінде жатыр. Бұл процесстер бойынша іс 2020 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.
ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев. Фото: kursiv.kz
Әділет министрлігі не дейді?
Стати мәлімет бергеннен кейін, іле-шала Әділет министрлігі де оған қарсы хабарлама таратты. Онда, бірқатар ақпарат құралдарында жарияланған "Бельгия соты Қазақстаннан Статидің пайдасына 540 миллион доллар өндіріп алды" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтылады. "Шын мәнінде, бірінші инстанциядағы сот Бельгия Корольдігінің аумағында арбитражды шешімді мойындау мәселесін қарастырды. Қандай да бір қаржы өндіріп алу бұл сот процессінің күн тәртібінде болған жоқ" дейді Әділет министрлігі.
"Сот процесстерінің барысында Стати алаяқтық жолмен алған арбитражды сот шешіміне қатысты Қазақстан Статидің пайдасына бір теңге де төлеген жоқ".
Байқап отырсаңыз, екі тараптың ақпараты екі түрлі. Соттың ақырғы шешімі шықпай тұрып, ондағы процесс барысын қарсыластардың өзіне тиімді етіп көрсетуі түсінікті. Стати сотқа 2020 жылдың аяғында нүкте қойылады деген сенімде. Біздің Әділет министрлігі сот Статиді алаяқ деп табады деген пікірде.
Тақырыпқа орай: Статилер Ләззат Қиыновтың қызына не үшін ақша берді?
Бұған дейін Әділет министрлігі әкелі-балалы Статилер ісіне қатысты жаңа талап-арызын жариялаған болатын. Аталған құжатта 2003-2011 жылдары Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болған, одан кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын басқарған ірі шенеуік Ләззат Қиыновтың қызы Екатерина Қиыноваға Анатоли Статидің бір миллион АҚШ долларынан астам ақша аударғаны жөнінде тұңғыш рет ашық жазылған.
Nege.kz