«Әнару Құрманәлі Жанқош Тұраровтың үстінен арыз жазғанда басқа адамдармен төбелесіп, масаң күйде болған» – Адвокат
Бұл туралы Жанқош Тұраровтың адвокаты Самат Мамутов мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Әнару Құрманәлі мен Жанқош Тұраровтың арасында болған дауға қатысты баспасөз конференциясы өтті. Алайда аталмыш жиынға боксшының өзі қатыспады. Адвокаттың айтуынша, 28 қыркүйекте Жанқош Тұраров Алматыда жекпе-жек өткізеді. Сол себепті журналистердің алдына өзі келе алмаған.
«Бүгінгі конференцияға келгісі келген. Бірақ жақында болатын өзінің жекпе-жегіне дайындалуы керек. Сондықтан сұрақтарға мен жауап беремін деп шештік», – деді адвокат.
Жанқош Тұраровтың адвокаты баспасөз конференциясы барысында Әнару Құрманәлінің полиция шақырып, арызданған кезінде масаң күйде болғанын алға тартты.
«Әнару Құрманәлі Жанқош Тұраровқа 19 тамыз күні түнде Әуезов аудандық полиция басқармасына (масаң күйде) сол жерде басқа адамдармен жанжалдасып, төбелесіп, киімі жыртылып, жартылай жалаңаш күйінде арыз түсірген. Аталмыш ақпараттарды тексеріп, полиция аумағындағы бейнебақылау камераларынан бейнені алып, іске тіркеп, тексеру жүргізуге, оған құқықтық баға беріп, жаза беру жөнінде біз тергеушіге өтініш жібердік. Арызданушы Әнару Құрманәлінің өз әрекетіне жауап бермейтін теріс қылықтары интернет желісінде де тарап жүр. Бұл деректер бойынша да тексеру жүргізу туралы тағы да өтініш бердік. Егер бұл деректер расталса, арызданушыға іс бойынша сот-психиатриялық және наркологиялық сараптама жүргізуді сұраймыз. Бізге оның психотроптық заттарды қолданғаны туралы ақпарат түсіп жатыр», – деді адвокат Самат Мамутов.