22 Қаңтар 08:17
...

Әміржан Қосанов: Өзімді «саяси өлікпін» деп есептемеймін!

Фото:

Әміржан Қосановты президенттік сайлауда оппозициядағы әріптестері неліктен қолдамады? Сайлаудың алдын ала нәтижесі жария болмай жатып Қасым-Жомарт Тоқаевты неге құттықтады? Ол биліктен ақша алды ма? Қосанов өзін «саяси өлікпін» деп есептей ме? Келесі президенттік сайлауға түсе ме?

Nege.kz студиясында саясаткер Әміржан Қосанов осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

– Біз сот емеспіз, дегенмен де көрермендердің алдында, өз арыңыздың алдында шындықты айтуға ант бересіз бе?

– Жақсы.

– Онда Алғашқы сұрақты «Жаңа Қазақстаннан» бастайық. «Жаңа Қазақстанның» жаназасын шығарып тастадыңыздар ма?

– Халықтың пайымынша, «Жаңа Қазақстан» қатып-семіп қалған, құрылымы бар, тіркелген ұйым сияқты. Біз о бастан ұйымды идея, платформа, форум ретінде жариялағанбыз. Ұйымды тіркеген жоқ. Өздеріңіз білесіздер, біз ұйымды тіркеуге ниет жасадық. Бірақ Әділет министрлігі тіркеген жоқ. Сондықтан бұл – идея. Жаназасын ешкім шығара алмайды, өйткені «Жаңа Қазақстан» керек екенін оңшыл да, солшыл да, ұлтшыл да, интернационалист те, центрист те біледі. Тіпті керек десеңіз, президенттің өзі «Жаңа Қазақстан» керек екенін айтып жатыр. Әрбір жолдауында, мақаласында реформаға ниет танытылып жатыр. «Жаңа Қазақстанның» идеясы өмір сүреді. Ол Қосановпен өмір сүре ме, Дос Көшім, Расул Жұмалы, Айдос Сарыммен өмір сүре ме, басқа адамдармен өмір сүре ме, идея өмір сүре береді.

Екі жыл өмірімізді соған сарп еттік. Біраз сын естідік, «Ақорданың жобасы», «билікпен ымыраласқан» деді. Ауыр сөздерді есту оңай емес. Сол сыннан өтіп, сайлаудан кейін азаматтармен отырып ақылдастық. Жобадағы жігіттердің кейбірі ренжіп кеткен шығар, бірақ форумды құрғанда ақылдасқанбыз, кететін адам үнсіз кетеді.

– Кім кетті?

– Сайлаудан кейін, естуімше, Серікжан Мәмбеталин мен оны қолдаған екі-үш азамат «біз түңілдік, Әміржан Қосанов пәленше-түгенше» деп демарш жасаған сияқты. Ешкім зорлықпен кіргізген жоқ. Сондықтан өздері біледі. Бұл форумды қолдамайтын шығар, бірақ біз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Оның арты не болатынын білмеймін. Бізді тіркеген жоқ. Сайлау кезіндегі осыншама наразылықтан соң билік бізді тіркейді деп ойламаймын. Бірақ идея ретінде, платформа ретінде ескі Қазақстаннан гөрі бізге жаңа Қазақстан керек деген ойды сіңірдік.

– «Естуімше» дегеніңізге қарағанда, «Жаңа Қазақстанның» төңірегінде болып жатқан оқиғалардан хабарсыз сияқтысыз.

– Сайлаудың кезінде ел аралап жүрдім де, отырыстарға қатысқан жоқпын. Бірақ мәлімдеме жарияланды. Оны талқылауға қатысқан жоқпын, қол қойған жоқпын. Дос Көшім мен Расул Жұмалы да осындай позиция ұстанды. Ұйым «Кока Кола» немесе «Пепси Кола» сияқты ақшасы төленіп қойған тауарлық белгі емес қой. «Жаңа Қазақстан» – жалпыға ортақ ұғым.

– «Жаңа Қазақстан» сайлауға дейін белсенді еді. Сайлаудан кейін атын естімедік. Жаназа деген нәрсені сол себепті сұрап отырмын.

– Жаназа – ауыр сөз ғой. Дімкәс деуге болады, сырқаттанып қалды, ажырасып кетті, бөлшектенді деуге болар. Сайлаудан кейін сын болды. Менің жеке басыма қатысты көп нәрсе айтылды. «Неге мойындады? Неге құттықтады?» деген сияқты.

– Шындықты айтуға ант еттіңіз ғой, енді шыныңызды айтыңызшы, сайлау кезінде қанша ақша алдыңыз? 2 миллион доллар ма, 4 миллион доллар ма?

– Бізде оппозицияда жүріп билікке қатысты пікір айтса, сатылған сияқты болып көрінеді. Сайлауды мойындау да сол сияқты. Халық ақша берді деп ойлайды. 9 маусымдағы түнгі сағат 12:30-дағы көңіл күйімді ойласаңыз, менде таразының екі басы болды. Әблязов 12-ге көшеге шақырды. Яғни мен мойындамасам, көшеде тұруым керек. Егер кандидат Қосанов көшеге шыққан кезде, ол 4 мың емес, 40 мың адам болар еді. 40 мың адамның қауіпсіздігіне жауап бере алам ба? Маған билікті бере сала ма? Әлде қантөгіс бола ма? Мен сын болатынын білдім, кабинетте отырған саясаткер емеспін. Содан шешім қабылдадым: егер 12-де алаңда тұрсам, қантөгіс болады. Мойныма қан артқым келген жоқ. Мен осыны айтсам, жұрт «ақша берген соң айтып жатыр» деп ойлайды.

Әрине, мен ақша алған жоқпын. Ақша алған күннің өзінде оны шағын және орта бизнестен алар едім. Ол ақшаға партия ашар едім, студия құрар едім. Ақша алдым деп қолхат берер едім. Маған ондай ұсыныстар енді келіп жатыр.

– Яғни, билік тарапынан бір тиын ақша алған жоқпын дейсіз ғой?

– Алған жоқпын, керісінше, өз ақшамды жұмсадым.

– Қанша ақша жұмсадыңыз?

– 200 миллиондай...

(Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемеден көріңіз)