«бұл қадамның түпкі мақсаты Ресей ішіндегі саяси-әлеуметтік ахуалда жатқанын» айтады.
NEGE-ге берген сұхбатында Амангелді Құрметұлы Ресей мен Украина арасындағы әскери күштің ара-салмағын талдап, таразылап берді.
А.Құрметұлы.
– Путин неге ішінара мобилизация жасауға мәжбүр болды?
– Украинада Ресей әскері оңбай жеңіліп жатқанын бүкіл әлем көріп отыр. Меніңше, осы олқылықтың орнын толтыру үшін сарбаздар санын көбейтпек. Және осы соғыстың маңыздылығын алға тартып, қоғамды ұйыстыру үшін осындай қадамға барды деп ойлаймын. Өйткені, әскердің саны тұрғысынан қарастыратын болсақ, Ресей армиясында кемі 900 мың адам болуы тиіс еді. Ал Украина жеріне әу баста 150-160 мың адам апарған. Кейін тағы да біраз адамды қосты. Бас-аяғы 200 мың әскер болды. Оның 100 мыңдайы қазір саптан шықты. Сондықтан осы шығынның орнын толтыруға жанталасып жатыр.
Мобилизацияның ерекше тұсы – орыс қоғамын сыртқы жауға қарсы күреске жұмылдыру. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл өзін-өзі ақтады.
Кремль «мобилизация жасасақ, қоғамды соғысқа жұмылдырып, соғыс жағдайындағы экономиканы қалыптастыра аламыз және түрлі әлеуметтік төлемдерді шектесек те, зейнетақыны азайтсақ та, халық наразы болмайды» деген оймен ұйымдастырған тәрізді.
«Соғысып жатырмыз. Қазір қиын жағдай. Зейнетақыны төлей алмаймыз, жеңілдіктерді бере алмаймыз» десе, халық сенуі мүмкін. Кеңес одағының халқы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде соңғы дәніне дейін майданға жібергенін білеміз. Бұл да сондай амал. Әйтпесе, 300 мың әскермен, қазіргідей дайындықпен, қазіргідей тактикамен, Украинаны бәрібір жеңе алмайды.
Өйткені, 300 мың адам алдымен арнайы дайындықтан өтуі керек. Бәрібір кәсіби әскердей қауқар көрсете алмайды. Психологиялық тұрғыдан өздерін басқыншы ретінде сезінуі мүмкін. Бөтен елде соғысып жатыр. Сондықтан бұл да ештеңе шеше қоймайды. Тағы да текке қырылады.
Ресей президентіне «бұл экономиканың түрлі салаларынан, әсіресе, әлеуметтік салалардан, жобалардан жырып, соғысқа қаржы аударуға мүмкіндік береді» деген кеңес айтылған сияқты.
Фото: ғаламтордан.
– Соғысқа тартылған жаңа сарбаздар босқа қырылады дедіңіз. «Жеңіс маршалы» Жуковтың: «Әйелдер тағы да туады» деп жауынгерлерді көзсіз ұрысқа салып, қырғынға ұшыратқаны жайында ашық айтылып жүр. Ресейдің қазіргі тактикасы осыны еске түсіре ме?
– Сырт көзге солай көрінеді. Бірақ бұл – жартылай мобилизация. Техникалық тұрғыдан да, жаңа қару-жарақ мәселесінде де проблемалар шыға бастады. Сондықтан сарбаздың көптігімен алуды көздеуі ықтимал. Әскерін топырлатып заманауи техникасы бар майданға апару дәл қазіргі жағдай ештеңе шешпейді. Ресми түрде мобилизация жасағаннан кейін Украинаға көмек беріп жатқан елдер енді бұдан да асыра көмек беріп, ақырына дейін тұқыртуға бекінуі әбден мүмкін. Кремль мұны ескермей отырған сияқты.
– Украина әскерінің бас сардары Валерий Залужныйдың талантты қолбасшы екенін ресейлік үгіт-насихатшыларының өзі мойындап отыр. Украина әскерінің соғысқа қабілеттілігі қазір қандай деңгейде?
– Украина қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте адамның, сарбаздың өмірі маңызды екенін сезінді. «Қырғынға ұшарата беретіндей адамымыз көп емес» деген қағиданы ұстанды. Украина әскерлері қолында бар техниканы өте жақсы меңгерген.
Айталық, кеңес одағынан қалған зымырандарды (С 125, БУК зениттік зымыран кешені, С 300, бұдан бөлек, Д 20, Д 30 секілді артиллериясы), контрбатареялық ұрыстар тактикасын жақсы қолданып отыр. Украинада батыс ұшақтары жоқ, қолындағысы – баяғы кеңестік ұшақтар. Мәселен, МИГ 29, Су 25, Су 27. Осыларды да өте жақсы пайдаға асырды.
Украина мәселені бәрібір кадр шешетінін ұғынып, адамның санына емес, сапасына мән беріп жатыр. Ұлыбританияда оқып жатқан он мың әскер әне-міне дегенше майдан даласына жетпек. Кезек-кезекпен батыс елдерінде оқып келіп жатқан әскер, әлбетте, шешуші рөл атқарады.
Қолбасшылардың ішінде Залужныйдың еңбегі ерен. Тактикасы мықты. Украина аймақтық қорғаныс жүйесін өте жақсы ұйымдастыра алды. 2014-2022 жылдың аралығында аймақтық қорғаныс жүйелі жұмысты жақсы меңгергені байқалады. Бұған қатысқан ер азаматтардың бәрі өз міндеттерін тәуір атқарып жатыр. Және соғыстың алғашқы күндері, әсіресе, Киев маңында шешуші рөл атқарды. Армияға орасан зор қолғабыс берді.
Мұның өзі Украинаның қорғанысқа жан-жақты дайындалғанын көрсетеді. Оның үстіне, Украинаға Батыстан заманауи техника келіп жатыр. Батыстың ғарыштан жасалатын барлауы күн сайын құнды мәлімет беріп отыр. Сондықтан орыстардан бір-екі қадам алда жүретіндей мүмкіндігі бар.
В.Залужный. Фото: ғаламтордан.
– Ресей екі мәрте ірі жеңіліске ұшырады. Бірі – Киев, бірі – Харьков маңында. Осының басты себептері неде жатыр?
– Ресейдің осал тұсы – Бас штаб, қолбасшылары. Министрінен бастап президентіне дейін «Украина халқы Ресей әскерін гүлмен қарсы алады» деген иллюзияға сенді. Яғни, өздерінің үгіт-насихатына өздері сеніп қалды.
Ұрыс жүргізу амалдарына қарағанда, олардың әскери стратегиялық, тактикалық ғылымында Кеңес одағының әйгілі әскери қолбасшыларының дәуірінен кейін тым қатты өзгеріс болмағаны байқалады. Көп күшке арқа сүйейді.
Бірінші қателігі, ақпан айында украина сарбаздары 250 мың, ал ресейдің сарбаздары 160 мың болды. Өзінен бір жарым есе көп әскері, 40 миллион халқы бар елге басып кіру үшін кемі қарсыласыңның әскерінен төрт есе күш қажет. Яғни 800 мың әскер керек.
Ал олар 160 мыңдық әскермен бәрін шешеміз деп ойлады. Абсурд! Тіпті, Ирактағы соғыс кезінде, 1993, 2003 жылдары да АҚШ-тың әскері Ирак әскерімен шамалас болды.
– Техникалық артықшылықтарын айтпағанда, адам саны жағынан артық болды ма?
– Иә. Тіпті, адам саны артықтау еді. Орыстар Украина сияқты үлкен елге сегіз бағыт арқылы басып кірді. Мәселені дер кезінде шешу үшін бір бағытпен Киевке жорық жасауы тиіс болатын. Бәлкім, сонда дегеніне жетер еді.
160 мың адамды сегізге бөлгенде, 20 мыңдық сегіз топ пайда болады. Олар колоннамен жылжып, ішкеріліп кіргені рас. Украинаның негізгі позициялық күштері Луганск маңында болатын. Қалған күштері шеп құрып соғысқан жоқ. Армияның өзі белгілі бір дәрежеде партизандық тәсілге көшкендей көрінді. Мысалы, ұшақ айлақтарын атқылаған кезде Украина ұшақтарын, байрақтарларын көкке көтеріп үлгерді. Сондықтан техника көп шығын болмады. Украина сарапшылары немістер шабуыл жасаған кездегі кеңес одағының қателіктерін жан-жақсы сараптап, ескерген сияқты. Шешенстан, Ауғанстан соғысындағы Ресей тактикасын зерттеген. Әрине, батыс сарапшылары да қол ұшын берген. Соның нәтижесі болды. Киев маңынан ресейліктерді қуып шықты.
Харковь маңына келетін болсақ, бұл – алаңдату тәсілі. Әскери операцияны Херсон бағытында жасайтындай көрінген. Бірақ жеме-жемге келгенде Балаклея, яғни Харьков бағытында соққы берді.
Орыс қолбасшыларының да ақымақтығын айта кету керек. Балаклея маңында тұрған кейбір бөлімдерді қыркүйектің басында Қиыр Шығыстағы «Восток-2022» деген әскери-жаттығуға алып кеткен. Бұл жақтан шабуыл жасалады деп күткен жоқ. Украинаның барлауы жақсы жұмыс істейді. Осы жақтағы позицияның әлсірегенін сезіп, дер кезінде әрекетке көшіп, бір аптаның ішінде 8 мың шақырым жерді азат етті. Бұл – өте үлкен жетістік.
Ресей қолбасшылардың ішінде әлі күнге дейін «Украинаны қалпақпен ұрып аламыз» деп есептейтін кеудесіне нан піскен адамдар көп сияқты. Әуесқой сарапшылардың көзіне көрініп тұрған қателіктерді ескермесе, Ресейдің бас штабының деңгейін шамалауға болатын тәрізді.
В.Путин, С.Шойгу.
– Ресей де бұл қателігінен сабақ алатын шығар. Орыстар күшіне енеді деушілер де бар. Алдағы уақытқа қандай болжам айтар едіңіз?
– Меніңше, соғыс ұзаққа созылады. «Ресей күшіне мінеді» деп есептеген күннің өзінде, бұл елдің қорғаныс өнеркәсібі әлсіреп бара жатыр. Жаңа техникамен бетбұрыс жасай алмайды. Қалаларды, елдімекендерді зымырандармен атқылай беруі мүмкін. Бірақ Харьков жақтан шабуыл жасай алмайды деп ойлаймын. Донецк мен Луганск жағында тіреседі. Біраз күшін Херсон бағытына жұмсауы мүмкін.
Украинаның да бір білгені бар. Алдағы бір-екі айда Днепр өзенінен шығысқа қарай өтіп, оңтүстік-батыспен жылжып, Энергодар қаласын азат етсе, таңқалмаймын. Позициялық ұрыстар Донецкі мен Луганскіде жалғаса береді. Ресей украин әскерін бөгеуі үшін Қырымда топ құруы ықтимал.
– Путин Запорожье, Херсон және басқа да оккупациялаған аймақтарын Ресейдің құрамына қосу үшін апыл-ғұпыл референдум өткізетінін мәлімдеді. Бұл қазіргі жағдайда мүмкін нәрсе ме?
– Бұл – жанталас. Қырымдағыдай референдум өткізуі де мүмкін. Үгіт-насихат құралдары арқылы дауыс берілді деп, жариялайтын шығар. Бірақ әлем елдері мұндай референдумдарды мойындамайды. Қазірдің өзінде Түркия мұны ашық айтып отыр. Бұл – Ресей қоғамына, ұлы орыс шовинизмін қайта үрлеуге бағытталған әрекет деп білемін. Бірақ нәтиже берері неғайбыл.
– Путин ядролық қаруын меңзеп, қолындағы бар қаруын қолдануы мүмкін екенін ескерткендей болды. Кремль ядролық қаруды қолдануға әзір ме?
– Ресей бұдан басқа барлық қаруын қолданып көрді. Ресей ядролық қаруды қолданады дегенге сене қоймаймын. Бір тактикалық ядролық қаруды қолданса, Батыс қарымта соққы бере ала ма? Бұл – үлкен сұрақ. Бұдан бас тартса, Украинаға өте қиын болады.