12 Қыркүйек 17:30
...

«АЛТЫНБЕК – саясаттың МҰҚАҒАЛИЫ»

Фото:

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының көзі тірі болғанда бүгін 61 жасқа толар еді. Қайраткердің туған күніне орай Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада оқырмандармен кездесу өтті.

Кітапхана залы оқырмандарға лық толды. Мектеп оқушылары мен студенттерден бөлек, кездесуге А.Сәрсенбайұлының достары Дархан МЫҢБАЙ, Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ және саясаттағы серігі Төлеген ЖҮКЕЕВ пен бауыры Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ қатысты.

Төлеген Жүкеев, саясаткер:

Алтынбек сияқты интеллектуал саясаткер аз

– Алтынбек Сәрсенбайұлы арамыздан кеткенімен, оның артына қалдырған еңбектері ұрпаққа мұра болып қалды. Алтекең сияқты интеллектуал саясаткер саусақпен санарлықтай ғана.

Өмірінде он кітап оқымағандар да ел басқарды. Ал Алтынбек білімімен де, мінезімен де, интеллектуалдық өресімен де бәрінен биік тұратын.

Дархан МЫҢБАЙ, қоғам қайраткері:

Негізі мықты еді

– Біз Алтынбекпен КазГУ-дің журфагында, кейіннен Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде бірге оқыдық. Бір бөлмеде тұрдық. Бір бөлмеден екі министр шықты. Алтынбек басқарған министрлікті кейін мен басқардым.

Алтынбек өте қиын кезде ақпарат министрі болды. Ақша жоқ, жағдай қиын кез. Осындай қиын кезеңде Алтекең ұлттық басылымдарды сақтап қалды. Ұлттық басылымдарды сақтап қалуды ұлттық жоба деп қарады. Қазір айтуға оңай, ол кезең тәуелсіз ел болып қалыптаса аламыз ба, жоқ па дейтін уақыт еді.

Көпшілік Алтынбектің саясаткер ретінде танылған кезін айтады, шындығында оның негізі мықты еді. Әке-шешесі, туып-өскен жері, тәрбиесі, білімге құштарлығы оны тұлғалық биікке көтерді.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, журналист-зерттеуші:

Үздіктердің үздігі

– Алтынбек барлық кезде үздік еді. Мектепте оқып жүргенде қатарының алды болды. Университетте біздің арамызда оқ бойы озық жүрді. Мемлекеттік қызметте де солай – шоқтығы биік еді.

Алтекең білімін, күш-жігерін, тіпті өмірін де мемлекеттің болашағына, ұрпақтың болашағына арнады. Еңбегі еш болған жоқ, халқы оны ешқашан ұмытпайды.    

Батық МӘЖИТҰЛЫ, журналист:

Алтынбектің мұрасын әлі де зерттеу керек

– Алтынбек өте терең тұлға, терең саясаткер. Сондықтан да оның мұрасын әлі де зерттеу керек. Мұқағали поэзияда қандай мол мұра қалдырса, Алтынбек те саясатта сондай мол мұра қалдырып кетті.

Мұқағали сияқты Алтекеңнің әкесі Сәрсенбай қария да Қарасазда туған. Ендеше, Алтынбектің де жүрегінде қасиетті жердің дәні егілген. Сондықтан да Алтынбектің тамыры Мұқағалимен жалғасып жатыр. Бұл туралы былай деп айтып жүремін: Алтынбек – саясаттың Мұқағалиы!

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы:

«Көкжалдар» романым Алтынбекке арналған

– Алтынбектің әр сұхбаты, мақаласы шыққан сайын кездесіп, оны талқылап, кеңесіп отырдық. Қастандық жасалардан бұрын берген ең соңғы сұхбаты «Жас Алашта» жарияланды.

Жалпы, Алтынбек туралы өте көп нәрсе айтуға болар еді, уақытында айтылар. Бір нәрсені баса айтып өтейін, Алтынбек ұлттық басылымдарды жабылудан сақтап қалды.

Бірде ел алдында жүрген бауырларымыздың бірі: «Сіздер Алтынбекпен бірге оқыдыңыздар, дос болдыңыздар. Неге ол туралы айтпайсыздар, неге роман жазбайсыздар?», – деді. Мен оған: «Жазушы «роман жазып жатырмын» деп айқайламайды», – деп жауап бердім.

Алтынбек туралы Тұрысбек Сәукетайдың «Айғайтас» деген романы бар. Менің «Көкжалдар» деген романым мен «Автопортрет» деген повесім де Алтынбекке арналған. «Көкжалдарда» саясаттағы сатқындық пен жәй өмірдегі сатқындықтың аражігі ашылады.

А.Сәрсенбайұлы. Фото: Асылхан Әбдірайым

Фото: NEGE

Түйін: Кездесуді А.Сәрсенбайұлының бауыры Рысбек Сәрсенбайұлы қорытындылады. Жиын соңында қонақтар саясаткердің сұхбаттары мен естеліктері жинақталған екі томдық кітаптың тұсауын кесті.     

Тегтер: