25 Желтоқсан 10:26
...

Алтын тағы қымбаттады

Фото:

Әлемде алтын бағасы қымбаттап жатыр 

Алматы, NEGE. Биыл 11 айда отандық компаниялар жалпы құны 719 миллион теңгеге әшекей бұйымдар жасады. Бұл былтырмен салыстырғанда 7 жарым процентке көп. Десе де, қарашада өндіріс бірден бәсеңдеді. Оған басты себеп шикізаттың қымбаттауы. «Энерджипром» басылымының мәліметіне қарағанда қазір дүкендерде алтыннан жасалған бұйымның бір грамы 20 мың теңге шамасында саудаланады. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Көкшетау, және Павлодар қалаларында бағаның әжептеуір өскені байқалады. Мұнда бұйымның бір грамы 24 мыңнан асады.

Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиевтың айтуынша, егер зергерлер алтын шикізатын тікелей өндірушіден сатып алса, баға бұдан да жоғары болуы мүмкін еді. Өйткені тауар алғаны үшін 12 процент қосымша құн салығын төлейді. Бұл әшекей бұйымның өзіндік құнын қымбаттатады. Сондықтан зергерлер екінші нарықтан яғни ломбардтан, базардан алады. Сосын оған басқа қоспа қосып, балқытып, көлемін көбейтіп алтынның бағасымен сатады. Яғни жылтырағанның бәрі алтын емес. Әлемдік нарықта алтын күннен күнге қымбаттап барады. Соңғы сауда-саттықта оның құны 0,4 процентке өсіп, унциясы 1878 доллар 9 центке саудаланды. Сарапшылар құнды металдың қымбаттауына Ұлыбритания мен Еуроодақтың сауда келісімі туралы жағымды ақпараттар әсер етті деген пайым жасады. Оның үстіне доллардың әлсіреуі де алтынның қымбаттауына ықпал етті. Яғни инвесторлар байлығын алтынмен сақтауға шешім қабылдай бастаған. Америка банкінің сарапшылары келер жылы алтынның унциясы 2 мың доллардан асып кетуі мүмкін дегенді айтады. Бұған дейін кейбір сарапшылар 3 мыңға дейін баратынын айтқан. Бірақ қазір бұлай бола қоймайтынын мойындады.

Тегтер: