29 Қазан 18:42
...

«Алтын орда» базарының экс-басшысына қатысты алғашқы сот 6 қарашаға шегерілді

Фото:

 Алматы облысында «Алтын орда» базарының экс-басшысы Эрмек Марқабаевқа қатысты алғашқы сот отырысы кейінге шегерілді. Себебі, күдікті айыптау актісімен таныспаған.

Алматы, NEGE. Ресми органдар дерегінше, Эрмек Марқабаев жазда «Алматы – Бішкек» тас жолында есірткімен ұсталған. Бірақ қорғаушысы Марқабаевтың қалтасына есірткі қасақана салынған дейді. Айтуынша, дәлел видеожазбалар бар көрінеді. Қарасай аудандық соты іске қатысты сот отырысын 6-шы қарашаға қалдырды. Ал Э.Марқабаевтың қорғаушысы Динара Жұбатованың пікірінше, полиция қызметкерлерінің іс әрекетінде заңға қайшылық көп.

«Айыптау актісін әлі күнге дейін Марқабаевтың өзі немесе қорғаушылары қолма-қол алған жоқ. Өткенде сотқа дайындау кезеңінде судья прокурорға айыптау актісін өзіне немесе қорғаушыларына тапсыруды міндеттеген. Бірақ қазіргі таңға дейін әлі айыптау актісін алған жоқпыз, қылмыстық істің материалдарымен танысқан жоқпыз. Телефонын тартып алған, мініп жүрген көлігін тартып алған. Сол көліктің ішінен 3 млн теңге көлемінде ақшасын біреу ұрлап кеткен. Соған көңіліміз толмай тұр» деген болатын.

Күдіктінің өзі сот отырысына онлайн қатысты. Оның жақындары әділдік сұрап шырылдап жүр.. Сөздерінше, тергеу изоляторында жатқан Эрмек Марқабаевтың денсаулығы күн сайын нашарлап барады.

Э. Марқабаевтың әпкесі Жылдыз Марқабаеваның айтуынша, ағасы кінәсіз. «Оны ұстау барысында есірткіні қалтасына қасақана салғаны – факт. Оны видеоға түсіріп үлгерген әйелге де қысым көрсетілді. Әділдік орнасын деп талап етеміз. Ағамның қан қысымы жоғары, асқазанында жарасы бар, тамақ ауруының ауыр формасымен ауырады. Сондықтан ең болмағанда үй қамаққа жіберулерін сұраймыз», – деді. Ұлан Марқабаев ағасының қалтасынан есірткі «тауып алдық» дегенген сенбейді. Ол мұны «абсурд» дей келе, «Мендегі бейнежазбада бәрі көрініп тұр. Ұстаған кезде үш минуттың ішінде оның артқы қалтасына бірдеңе салып жатыр. Сондықтан бұл алдын ала жоспарланып, қасақана жасалған» деп кесіп айтты.

Тегтер: