26 Сәуір 17:14

«Алтын орда» базарының бұрынғы және қазіргі басшылары нені бөлісе алмай жүр?

Фото:

«Алтын орда» базары айналасынан дау арылмай қойды. Бұл жолы саудагерлер бас көтеріп, салынып жатқан жаңа сауда үйінен өздеріне тиесілі орынға қол жеткізе алмай отырғанына шағымданды.

Бұған дейін  «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС келісім шарт негізінде жүргізген. Модернизациялау, яғни саудагерлерге жылы әрі ыңғайлы сауда орындарын жасау мақсатында  қос компания бірігіп жұмыс істеген. Инвестор ретінде «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС бұған дейін 80 адамға арналған мал бордақылау ғимаратын, 400 кәсіпкерге арналған құны 1,2 миллиард теңге тұратын сауда кешенін саып беріпті. Ал 2020 жылы басталған екі қабатты, 30 мың шаршы метрлік сауда орталығының құрылысына 800 кәсіпкер «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС арқылы 4 млрд теңге қаражат салған. Бүгінгі таңда «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС бастаған құрылыстың 95%-ы бітіп тұрса да, уақытында пайдалануға берілмеген.

Нәпақасын базардан тауып жүрген олар 2020 жылдан бері сауда кешеніндегі әр орынға 7 млн теңгеден құйған. Алайда, базарға келген жаңа басшы «бұрынғы басшылық ешқандай құжат қалдырған жоқ. Кімнің қанша ақша төлегенін білмейміз» деп басын ала қашқандай болған. Бүгін бұрынғы және қазіргі басшылықтың бір-біріне сілтеуінен шаршаған саудагерлер арнайы барған тілшілерге мән-жайды айтып берді.

Баян Ұзақбаева, саудагер:

 «Ақшаларыңды бұрынғы басшылық жеп қойды» деп жатыр

– Жеміс-жидек сатамын. «Алтын орда» базары ашылған күннен осындамын. Жаңа сауда кешенінен орын алып, жарты ақшасын төлеп қойдым. Енді әркім әрқалай айтады. Біреулер «Ақшаларыңды бұрынғы басшылық жеп қойды» деп жатыр. Кімге сенерімізді білмейміз? Біз бұл орынды өз маңдай терімізбен тапқан ақшаға алып отырмыз. Кәсіпкерлердің ақшасын солар алды, енді істі соңына дейін жеткізбей ме?

Зоя Әлімбетова, саудагер:

Біздің талап – бұрынғы басшылық сауда кешенін аяқтап, бізге өткізсін

– 18 жылдан бері осы базарда аяқ киім сатамын. Ескі базарда сауда жасаймын. 2020 жылдан бастап жаңа сауда кешенінен бутик алу үшін 2-3 млн-нан бастап құйып келдім. 4 бутикке 20 млн құйдым. Осы екі-үш күн бұрын жаңа бастық келді дегелі мазамыз қашты. Себебі, ақша жинаған бұрынғы басшылық сауда кешенін сәуірдің аяғында бітіріп, орнымызды табыстаймыз деген еді. Екі ортада жүгіріп жүрміз. Жаңа басшылық «арызды қабалдап жатырмыз, өзара шешеміз» дейді. Одан шешіліп жатқан ештеңе көрмедім. Біздің талап – бұрынғы басшылық сауда кешенін аяқтап, бізге өткізсін.

Әлия Әбдіжанова, саудагер:

36 мың доллар төлеп қойдым

– «Алтын орда» базарында 15 жылдан бері саудамен айналысамын. Бұрынғы басшылыққа алатын 5 бутик орнымыздың жарты ақшасын бердік.  Енді жаңа басшылық «Біз ештеңе білмейміз. Қайтадан төлеңдер! Себебі, олар ақшаларыңды алып кеткен» деді. Өз арасында шеше алмай жүр. Алдыңғы басшылық келісім шартты әлі берген жоқ. Халықтың ақшасына салып отыр. Құрылыс жұмысын өз қалталарынан шығарып салған жоқ. Сондықтан халыққа тегін бермей ме? Біз салдырамыз, жал құнын төлейміз. Кейбір сауда болатын орынды адам басына 20 мың доллардан бағалады. Ескі базардағы 4 бутигім сүріліп кетті. Сөйтіп, жаңа сауда кешенінен орын алатын кезде «әр бутикке 5 пайыз жеңілдік болады» деді.. Енді таяуда ол жеңілдікті де алып тастапты. Қазір құжат та жоқ, жер де жоқ. 36 мың АҚШ долларын төледім, Асфальт төсеу үшін де, қақпаны бояу үшін де ақшаны бізден жинайды.

Жамбыл Дәрменов, саудагер:

Бұрынғы және қазіргі басшылық келісе алмай жатыр 

 

– 2011 жылдан бері осы базарда жұмыс істеймін. Бастапқыда иіс сулар саттым, қазір сөмкелермен айналысамын. Мына сауда кешені 90 пайыз бітіп тұр. Бірақ бұрынғы және қазіргі басшылық өзара келісе алмай жатқан көрінеді. Басында наурыз айында бітіреміз деген. Одан кейін мамырда деді. Қазіргі біз тұрып жатқан жерде ешқандай жағдай қарастырылмаған. Қыста суық. Бірақ жалға 42 500 төлеймін. Ал мына жаңа сауда үйіне көшсек, жазда салқын, қыста жылы болатын шығар дедік. Екі бутикке 10 млн 300 мың теңге өткізіп қойдым. Мұның жалдық құны – 70 мың деп естідім.

Дәулетжан Деменбаев, «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС өкілі:

Әр саудагер 7 млн теңгеден ақша құйды 

Ал «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС өкілі Дәулетжан Деменбаевтың айтуынша, 21 сәуір күні құрылтайшы өзгеріп, «Құрылыс LTD»  ЖШС келді. 2020 жылы «Саудагерлерге жақсы жағдай жасау үшін екінші павильон салынды. Қазір құрылыстың 95 пайызы бітті. 800-дей саудагер үлескер ретінде 4 млрд теңге құйды. Бір кәсіпкер 7 млн теңгеден берген. Келісім шарт «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС-мен жасалған. Алайда, жаңа басшылық кәсіпкерлерге орын бермеу туралы әңгіме айтқан. Нақты талап – жаңа павильонды аяғына дейін бітіруге өзімізге берсе, кәсіпкерлердің орнын толық тапсырсақ», – дейді.

Сондай-ақ, саудагерлер арасында жаңа басшылықтың Қырғызстаннан келгені туралы әңгіме гулеп жүр. Бұл тұрғыда «Altyn Orda QazTrade LTD» ЖШС өкілі Дәулетжан Деменбаевтан сұрағанымызда: «Осындай сөздер айтылып жатыр. Кәсіпкерлер неге бізді қырғыз азаматтары басқарады?» дегенді айтып жүр. Біз тек құрылтайшысы ауысқанын білеміз», – деп жауап берді.    

Ал базардың жаңа бас әкімшісі Ермек Мархабаевты да орнынан тауып, саудагерлердің наразылығына қатысты пікірін білдік.

– Бұл жерде айтылған әңгіменің бәрі бізге дейінгі басшылық тарапынан болып жатыр. «Жаңадан келгендер орындарды басқаларға сатады екен» дегенді де естідік. Бәрі өтірік. Ешқандай арандату әңгімеге ермеңіздер! Бүгін міне, біз келгелі төртінші күн жұмыстамыз. Ресми түрде 400 адамды қабылдадым. Бәріне бірдей жауап беремін. Жаңа сауда кешенінен орын алуға ақша төлеген адамның бәрі бутигіне қол жеткізеді. Ешқайсысы уайымдамасын. Бұл жерде халықтың еш кінәсі жоқ. Жұмыс істейін деп сауда орнын алып жатыр. Бұйырса, орындарын өздеріне береміз. Қазір базар бюджетінен ақша бөлінді. Толық төлем жасаған саудагерлерден ақша алынбайды. Кеше ғана құрылысшыларға бір ай уақыт бердік. Егер айтқан уәдесінде тұрып, бітірсе, 250-дей орыннан тұратын сауда кешені әрі кетсе бір жарым айдан кейін іске қосылады.

«Алтын орда» базарын 2000 жылдары Алтынбек Әлпиев деген азамат достарымен бірігіп ашқан. 2007 жылы оны әлдекімдер қасақана өлтіріп кеткен соң, серіктес достары базарды сатып жібереді. Ал бүгінде базарды Алтынбектің баласы һәм Қырғызстанның тумасы Данияр Әлпиев қайта қолына алды.

Айта кету керек, 2019 жылы Данияр Әлпиев банк ісіндегі қылмысы үшін «алаяқтық» бабы бойынша 3 жыл 9 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айрылыпты. Жақында ол видео үндеу арқылы Президенттен де көмек сұрады.

Тегтер: