5 Ақпан 21:45

«Алтын орда» дауы: Марқабаевтың туыстары Президенттен көмек сұрады

Марқабаев
Фото: NEGE

Осыдан төрт күн бұрын Алматы облысы Қарасай аудандық сотында «Алтын Орда» базарының бұрынғы басшысы әрі айыпталушы Эрмек Марқабаев ісі бойынша сот жарыссөзі өтіп, прокурор оған 5 жыл беруді сұраған еді. Ал бүгін сот шешімі шықты.

Айыптаушы тараптың уәжіне қарағанда, «Марқабаев психотроптық затты өзі қолдану үшін заңсыз сатып алып, тасып жүрді. Сот-химиялық сараптамалардың қорытындысына сәйкес, ол мефедрон болып шықты. Айыпталушының кінәсі, сонымен қатар, куәгерлердің мәлімдемелері деген сияқты материалдармен дәлелденеді».

Эрмек МАРҚАБАЕВ 2023 жылдың 3 маусымында «Алтын орда» базарының алдында ұсталып, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша «есірткі затын сақтады» деген айып тағылды. Алайда, адвокат Динара ЖҰБАТОВА қылмыстық істе тергеушілер ең негізгі зат айғақ – есірткі оралған түйіншекті ұсынбағанын айтқан.

Сот
Фото: NEGE

«Айыптаушылар оның қалтасынан есірткі салынған түйіншек табылғанын айтты. Сараптамаларда техникалық қате жіберілген. Марқабаевтың қанында психотроптық зат табылғаны дәлелденбеді және бұл істе қарама-қайшылықтар мен сорақылықтар өте көп. Оның қалтасына есірткі қасақана салынған. Мұны дәлелдейтін бейнежазбалар бар. Себебі, видеодан арнайы бөлімше қызметкері Марқабаевтың басына майка кигізіп жатқанда қолы оның бел тұсынан өткенін байқауға болады. Біз оның қалтасына есірткіні әдейі салғанына сенімдіміз. Тергеуші жалған құжаттарды қолдан жасады. Оның кінәсіз екенін толықтай дәлелдедік», – деген адвокат.

Ал айыпталушы Эрмек Марқабаев өзінің қамалуын «Алтын Орда» базарының басшылығындағы қызметімен байланыстырады.

«Мен 8 айдан бері түрмеде отырмын және не үшін менің аяғымды бұлай шалғанын түсіне алар емеспін. Мені «Алтын Орда» базарындағы монополиямен күрескенім үшін түрмеге отырғызды деп ойлаймын. Өйткені, қызмет еткен кезімде маған өтінішпен де, қоқан-лоқы жасап та хабарласқандар көп. Алайда, мен заң бұзған жоқпын», – деді ол.

Бүгін Қарасай ауданының судьясы Мәди КӨШІКБАЕВ сот шешімімен таныстырды. Әуелі судья Эрмек Марқабаевқа қатысты тергеу амалдары жүргізген сараптама нәтижесін 40 минут оқып беріп, төмендегідей шешім шығарды.

«Сот Марқабаевтың заңсыз түрде үлкен көлемде психотропты затты сақтағаны және қолданғанын анықтады. Оны жеке тінту барысында ұнтақты заты бар пакет табылып, тәркіленді, сот-химиялық сараптаманың қорытындысы бойынша бұл зат салмағы ірі көлемдегі 1,796 грамм мефедрон болып шықты. Сот үкімімен Марқабаев Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігінде («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану») көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, оның ішінде қамауға алу және сотта қаралған жеке тінту бейнежазбалары, психотроптық заттың өзіне жасалған сот-химиялық сараптамасының нәтижелері, сот-химиялық сараптамасы бойынша дәлелденді және расталды. Алақаннан жағындыларды, қолдың тырнақ бөліктерін және джинсы шалбар қалтасының учаскесін зерттеу, онда психотроптық зат – мефедрон бар қабаттар анықталған, сондай-ақ іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелер бар.

Судья
Фото: NEGE

Қылмыстық кодекстің 52-бабының 2-3-бөлігі бойынша қылмыскер жауапқа тартылуы керек. Сот Марқабаевтың отбасы және кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, 4 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сондай-ақ, ҚК-тің 98-бабына сәйкес, одан 69 мың теңге өтемақы алынады және сот-сараптама мен химиялық экспертизаға жұмсалған 79 мың 396 теңге мемлекетке қайтарылуы тиіс. Сот-техникалық сараптама жүргізген компанияға 455 мың теңге Марқабаев есебінен төленеді.

Мұнымен қоса тергеу нәтижесі бойынша Марқабаев 700 WWL 02 нөмірлі BMW автокөлігін қозғалыс үшін пайдаланған. Сондықтан көлік иесіне қайтарылуы тиіс. Ал ұсталған кезде қолында болған Iphone 14 PRO max телефоны әйелі Роза Каримоваға қайтарылады. Ал сотталушының артқы қалтасынан табылған психотропты зат жойылады», – деді сот шешімін оқыған судья.

«Алтын Орда» базарының бұрынғы басшысы Эрмек Марқабаевты қолдап келгендер қатарында базар саудагерлері, желтоқсаншылар және Марқабаевтың туыс-туғандары бар. Олар сот шешіміне үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді. Сотталушы Марқабаевтың жары әрі қорғаушысы Роза КАРИМОВА күйеуінің кінәсіз екенін дәлелдей алмағанын, әділетсіздік құрбанына айналғанын жеткізді.

«Тергеу амалдары 8 ай жүргізілді. Сот сараптамасы кінәлі емес екенін айтса да, жалған құжат берген. Адвокаттар да кінәсіз екенін дәлелдеді. Соған қарамастан, прокурор 5 жыл сұрады, судья 4 жыл берді. Мұнда ешқандай шындық жоқ. Құрметті президент Қ.Тоқаев, бар үмітім сізде! Ол ешқашан есірткі тұтынған емес. Оған жала жабылды, бәрі қасақана жасалды», – дейді әйелі Роза Каримова.

Ал Эрмек Марқабаевтың ағасы Болат МАРҚАБАЕВТЫҢ айтуынша, бұл жерде басқа адамдардың базарға көз тіккен әрекеті бар.

«Эрмек базардағы монополиямен күресті. Содан кейін оған телефон қоңырауы арқылы қоқан-лоқы көрсетушілер көбейді. Бауырым намаз оқиды, отбасының қамын ойлайтын азамат. Ашық айтқанда, сот сатылғанын түсіндім. Соңғы үмітім ақталмады. Оны ұстау барысында есірткіні шалбарының артқы қалтасына қасақана салғаны – факт. Мұны видеоға түсіріп үлгерген әйелге де қысым көрсетілді. Эрмекке қастандық жасағандар оңбайды», – деді ағасы.

Бір топ адамның атынан сөйлеген желтоқсаншы: «Бүгін әділетті сот болады деп күттік. «Қазақ пен қырғыз бір туған» дейді. Мына сот шешімі сол екі ұлттың арасына сызат түсірді. Сол үшін қырғыз халқынан кешірім сұраймын. Біздің жүйе – ақшаға сатылатын жүйе. Бұл жігіт есірткі тұрмақ, темекі тартпайды. Базарға тәртіп орнатқан Эрмек болатын. Мына сот шешімі үшін ұялып тұрмын», – деді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Шешімге байланысты апелляциялық шағымды 15 тәулік ішінде түсіруге болады.