26 Мамыр 11:27
...

«Алтын Орда» базарының бұрынғы басшыларына тағы да іздеу жарияланды

Қанат Алмабек пен Данияр Әбдіғапаров
Фото: Қылмыскерлерді іздеу бөлімі

«Алтын Орда» базарының бұрынғы басшылары Қанат Алмабек пен Данияр Әбдіғапаровқа іздеу жарияланды.

Алматы, NEGE. Олардың іздестіру карточкалары құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы «Қылмыскерлерді іздеу» бөлімінде жарияланған.

«Алмабек Қанат. Іздеуде жүргеніне үш күн болды. Туған күні: 1984 жылғы 10 сәуір, жынысы: ер, Қазақстан Республикасының азаматы, ұлты – қазақ. Іздестіру ісі 2025 жылғы 23 мамырда тіркелген, аймақ – Алматы облысы. Іздестіруді бастаған орган – ҚР ІІМ. Іздеуді жүргізіп жатқан орган – Қарасай ауданының Полиция басқармасы», – деп жазылған іздестіру базасында жарияланған Қанат Алмабекке қатысты карточкада.

Сол бөлімде Әбдіғапаровтың да іздестіру карточкасы жарияланған.

«Әбдіғапаров Данияр Амалбекұлы. Іздеуде жүргеніне үш күн болды. Туған күні: 1982 жылғы 1 наурыз, жынысы: ер, Қазақстан Республикасының азаматы, ұлты – қазақ. Іздестіру ісі 2025 жылғы 23 мамырда тіркелген, аймақ – Алматы облысы. Іздестіруді бастаған орган – ҚР ІІМ. Іздеуді жүргізіп жатқан орган – Қарасай ауданының Полиция басқармасы», – делінген карточкада.

Қанат Алмабек пен Данияр Әбдіғапаров
Фото: Қылмыскерлерді іздеу бөлімі

Екі жыл бұрын Алматы облысының Полиция департаменті оларды, сондай-ақ тағы екі фигурант – Жұмадин Патов пен Айдос Нұрқалиевті халықаралық іздеуге берген болатын. Сол тізімде Қанат Жақаев есімі де болған. Shishkin Like Telegram каналы таратқан мәліметке сәйкес, бұл – қазіргі іздеудегі Қанат Алмабектің бұрынғы тегі. Барлық төрт адам аса ірі көлемдегі, бір топ адаммен алдын ала келісіп жасалған алаяқтық әрекеті үшін күдікке ілінген.

Прокурорлар күдіктілердің «Алтын Орда» базарының бұрынғы басшылығында болғанын атап өтті. Оларды іздестіру базар саудагерлерінің шағымына байланысты басталған. Саудагерлердің айтуынша, олар салынып жатқан павильоннан сауда орындарын алу үшін бұрынғы әкімшілікке ірі көлемде ақша төлеген. Алайда ғимарат толық салынып бітпей, адамдар сауда орындарынан да, ақшаларынан да айырылған. Кейін базарға жаңа басшылық келген.

Қайтадан іздеу жариялаудың себептері әзірге белгісіз. Алайда, бұған дейінгідей, оларды Алматы облысы Қарасай ауданының полициясы іздестіріп жатыр.