Әлтаевты президент сайлауына НЕГЕ өткізбеуі мүмкін?
Алдағы өтетін президент сайлауына қатыспаққа ОСК-ге құжаттарын тапсырған үміткерлер қатарында Нұржан Әлтаев та бар еді. Бүгін оның құжаттарын қарау уақытша тоқтатылғаны белгілі болды.
NEGE тілшісі «Мұқалмас» тәуелсіз байқаушылар ұйымының белсендісі, Қарағанды облысы бойынша бөлімінің жетекшісі Майра Төлеубекқызына хабарласты.
– Нұржан Әлтаевтың кандидатурасын алдағы президент сайлауына «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі ұсынды ма?
– Биыл 27 қыркүйекте Астанада «Мұқалмас» тәуелсіз байқаушылар қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы болды. Мақсатымыз – «сайлау қалай өтеді?» және «Мұқалмастан» үміткер ұсынамыз ба?» деген мәселені шешу болды. Сөйтіп, өзара пікірталас соңында арамыздан ешкімді ұсынбаймыз деген тоқтамға келіп, тарқастық.
Бірақ, 6 қазан күні ойламаған жерден «шұғыл түрде Zoom қосымшасы арқылы тағы да сайлауалды пікіралмасу конференциясы өтеді» деген ақпар шықты. Желідегі жиын барысында бірлестігіміздің төрағасы Ақайдар Ысымұлы ҚР колициясы атынан Нұржан Әлтаевты кандидаттыққа ұсыну туралы ұсыныс келіп түскенін жеткізді. Бұған ешкім келісім бермей, бірауыздан қарсылық таныттық.
«Айтқанның аузы жаман» дегендей, сол жерде бірден көбімізді әлгі желіден шығарып тастады. Кейіннен бар-жоғы төрт адамның шешімі бойынша «Мұқалмастан» Нұржан Әлтаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсыну туралы хаттама тапсырылғанын естідік.
Мұның рас-өтірігіне көз жеткізген соң, хаттаманың күшін жойып, негізсіз деп тануды талап етіп, ОСК-ге хат жаздық. Тіпті, бұл мәселе жөнінде прокуратура мен Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына да арыз жаздық. Аймақтағы басшыларымыздың ешбірі Әлтаевты қолдамағандықтан, тапсырылған құжат жалған болып танылады.
– «Мұқалмас» бірлестігі немен айналысады. Мақсаты не?
– «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі – аты айтып тұрғандай, ҚР сайлаулар мен референдум сияқты саяси науқандарға тәуелсіз түрде бақылау жүргізетін ұйым.
– «Мұқалмастың» басшысы аяқ-асты ауысып кетуі Әлтаевтың мәселесімен байланысты ма?
– Иә, әрине. Нұржан Әлтаевтың кандидатурасы санаулы адамның ғана қолдауымен ұсынылған соң, бірлестіктің аймақтағы бөлім басшылары жиылып, жиналыс өткізді. Оған 72 адам қатысты.
Ол жерде шешімін табуға тиіс күн тәртібіндегі төрт мәселе қарастырылды. Соның бірі, жоғарыда айтып өткенімдей, Әлтаевты ұсынуға қатысты толтырылған хаттаманың күшін жою. Төраға Ақайдар Ысымұлына сенімсіздік танытқан соң, орынына балама түрде арамыздағы Ғазиза Әмірбекованы сайладық.
Ал бірлестіктің басқарушы орталығындағы Ақайдар Ысымұлынан бастап, Құрманғазы Айтмырза, Аманғазы Зайтов, Оразымбет Тұрмахан сынды қарияларды қатарымыздан шығарып, олардың орындарына жаңа адамдар қабылдадық.