Референдум Референдум
6 Наурыз 09:37
...

Almaty Museum of Arts пен Halyk Bank заманауи өнерді дамыту мақсатында меморандумға қол қойды

.
Фото: Роман Егоров

Меморандум аясында Halyk Bank Almaty Museum of Arts кешенінің негізгі көрмелері мен білім беру бағдарламалары және баспа саласына қатысты жобаларына бас серіктес ретінде қолдау көрсетіп, заманауи өнерді дамытуға ат салысады.

Референдум

Аталған іс-шараға музей кешенінің негізін қалаушы, меценат Нұрлан Смағұлов, Halyk Bank Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова және музей директоры Татьяна Ходжаева қатысты.

«Бүгін маңызды күн. Жобаны жасамас бұрын, тіпті музейді ашпай тұрып, музейдің жұмысына немқұрайды қарамайтын серіктес іздедік. Біздің жоспарымыз бен іс-әрекетіміздің бәрі мәдениет пен өнерді дамытуға бағытталған. Halyk Bank осы тұрғыда бас серіктес әрі демеуші болуға келісті. Жетекшілерімен бірге келіссөздер жүргіздік. Екеуара келісімшарт жасалды. Айта кетейін, біздің достығымыз ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Осы жолы да қолға алған жобамыз сәтті жүзеге асады деп сенемін. Өздеріңіз білесіздер, өзге елдерде банктер өнерді бағалайтын, оның дамуына қолдау көрсететін мекемелер болып қалыптасқан. Halyk Bank бізге халықаралық суретшілердің туындыларын Қазақстанға әкелу үшін қаражат бөледі. Сондай-ақ бөлінген қаржы мұражайымыздағы білім беру және мәдени жобаларға да жұмсалады. Айта кетейін, қаражат мұражайды күтіп ұстауға және қызметкерлердің жалақысына, іссапарларға емес, музейді әлемдік деңгейге шығаруға қаражат бөлінетін болмақ», – деді Нұрлан Смағұлов.

.
Роман Егоров


Орталық Азиядағы жетекші қаржы институты және ең ірі заманауи өнер мұражайы елдегі бизнес пен мәдени мекемелер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа моделін жасауды көздейді.

«Соңғы бес жылда білім беру, медицина, мәдениет, өнер және спорт саласындағы әртүрлі әлеуметтік жобаларға тікелей және Halyk қайырымдылық қоры арқылы 62 миллиард теңге бөлдік. Бұл мұражайға алғаш келген кезде ерекше әсер алдым. Сонымен қатар екі ғимараттың көрші орналасқанын да айта кету керек. Алматы өнер музейі тек Алматы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де бетке ұстар нысанға айналып отыр. Музей өкілдері хабарласып, бас демеуші болуды ұсынған кезде, біз бірден келістік. Себебі бұл болашақ пен өсіп келер ұрпаққа құйған инвестиция еді. Адамдардың өнерге қызығушылығы, жастардың келіп, рухани азық алуы бізді қуантады. Halyk Bank үшін осындай ауқымды музейдің негізгі серіктесі болу – үлкен құрмет», – деп түсіндірді Halyk Bank Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова.

.
Роман Егоров

Банк музейдің көрмелерін өткізу, білім беру және баспа жобаларының бас демеушісі болады. Halyk Bank демеушілігінің арқасында «Билл Виола: Әлемдер арасында» көрмесі осы маусымда ашылады. Билл Виола – ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы ең ықпалды суретшілердің бірі. Оның көрмелері MoMA (Нью-Йорк), Tate (Лондон), Guggenheim Bilbao (Бильбао) және Centre Pompidou (Париж) сияқты әлемнің жетекші мұражайларында өтті.

«Біздің өнер музейімізге қош келдіңіздер! Бас серіктесіміз Halyk Bank-пен бірге жобаларымызды бастап кеттік. Солардың бірі – Билл Виола көрмесі. Орталық Азиядағы алғашқы өнер жобасы болмақ. Бұл еліміз үшін айтулы іс-шара деп есептейміз. Жобамыз халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын әлемдік өнер сахнасына қатысады. Көрмеде 15 бейне көрсетіледі деп жоспарлап отырмыз. Олардың көпшілігі тұтас бөлмелерді алып жатыр», – деді Алматы өнер музейінің директоры Татьяна Ходжаева.

Шара аясында суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» көрмесінің екінші бөлімінің ашылу салтанаты өтті. Суретші әр туындасының тарихымен таныстырып, сыр шертті. Көрменің атауы да тарихи-саяси оқиғалармен байланысты қойылған. КСРО-ның ыдырауы мен Қазақстанның құрылуы арасындағы кезеңге қатысы барын түсіндірді.

«Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Бәріңізге алғысымды білдіремін. Мен 1996 жылы АҚШ-та өткен көрмеге қатыстым. Сол кезде еліміз қазіргі заманғы геосаяси мәдени өнер картасында жоқ екенін түсіндім. Осы олқылықтың орнын толтырғым келді. Өз туындыларыма ежелгі танымдық-мәдени дүниелерді қосып келемін. Тәңіршілдік, шаманизм және көшпенді қоғамдағы әйел бейнесін де назардан тыс қалдырмадым. Бостандық пен еркіндіктің артықшылығын көрсеткім келді. Сонымен қатар қолымнан шыққан туындылар еліміздің экологиялық жай-күйін де сипаттайды», – деді Алмагүл Меңлібаев. 

Іс-шара барысында көпшілікті таңғалдырған өнер иесінің жасанды интеллект пен қолмен кестелеуді қолдана отырып, кибертоқыма стилінде жасалған «Көшпенділердің қайта ойлау картасы» мен «Уақыт арқылы текемет» туындылары ерекше әсер қалдырды. Айта кетейік, Алматы өнер музейі мен Halyk Bank арасындағы баспа және білім беру саласындағы серіктестік аясында екі көрме үшін де зерттеу каталогтары дайындалады.  

Референдум