Алматының инфекциялық стационарларында төсек-орын тапшылығы жоқ
Алматының инфекциялық стационарларында төсек-орын тапшылығы жоқ.
Алматы, NEGE. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі, жоғары медициналық колледж директоры Светлана Сұлтанғазиева инфекциялық стационарларында төсек-орын тапшылығы жоқ екендігін хабарлады. Бүгінде төсек-орындардың 59 %-і бос емес, оларда 3872 пациент емделуде, барлығы 6100 төсек-орын бар. Алматыда амбулаториялық ем қабылдап жатқан 6011 науқас бар, оның 1150-і симптомсыз. Қыстың басында қалада 500 науқас амбулаториялық ем алған. Басқаша айтқанда, эпидемиологиялық жағдай ушығып барады. Осыған байланысты медицина қызметкерлері мен санитарлық дәрігерлер кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізуде, қалада әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, полиция қызметкерлерінен тұратын мониторингтік топтар жұмыс істейді.
Сонымен қатар Алматыда Анестезиология және реанимация орталығы құрылды, оның құрамына медициналық университеттердің профессорлық-оқытушылық құрамы кіреді. Ғылыми қызметкерлерден тұратын мобильді топ барлық инфекциялық стационарларға барады, пациенттерді тексеруге көмектеседі, емдеуді түзетеді және дәрігерлерге қашықтан көмек көрсетеді. Спикер қазіргі уақытта тұрғындарға қалада вакциналардың бар-жоғына алаңдаушылық тудырудың қажеттілігі жоқ екенін айтты, барлық егу пункттерінде вакцина жеткілікті. Алматыға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентінің 175 250 дозасы, екінші компонентінің 59 650 дозасы жеткізілді. Егу пунктінің орналасқан жерін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сайтынан, сондай-ақ 3000-505 және 1312 телефондары арқылы білуге болады. Сондай-ақ вакцинациядан кейін температура көтерілген жағдайда осы нөмірлерге қоңырау шалу керек.
Светлана Сұлтанғазиеваның айтуына қарағанда, бүгінгі күні Алматыда 200-ге жуық егу пункті жұмыс істеп жатыр, оның 74-і қалалық емханалар жанынан ашылған, қалғандары мәдениет нысандары, сауда, ойын-сауық орталықтарының, базарлар мен мектептер базасында ашылған. Вакцинация жүргізу үшін барлығы 250 егу пунктін жұмылдыру жоспарланып отыр. Спикердің келтірген мәліметтері бойынша, өткен сенбі (10 сәуір) Алматыда 11 мың адам вакцина салдырған, жексенбі күні (11 сәуір) мегаполистің 6140 тұрғыны екпе алған. Вакцинация басталғалы биылғы жылдың 1 ақпанынан бері коронавирусқа қарсы 75 660 адам екпе алған, оның ішінде екі компонентін 14 800 адам салдырған.