12 Наурыз 17:52

Алматының мектеп директорлары Сингапурге барып тәжірибе алмасты

 №47 жалпы білім беретін
Фото: ғаламтордан

 Алматы қалалық Білім басқармасына қарасты №47 жалпы білім беретін мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық мүдде құндылықтарына  негізделген «Ата-ана мәдениеті – балаға үлгі» атты тәрбиелік іс-шара өтті. 

Алматы, NEGE. Оған Медеу ауданындағы 28 мектеп директоры қатысты. Былтыр Алматы қаласы Білім басқармасының жолдауымен мектеп директорлары маусым, тамыз аралығында Сингапур мемлекетіне 10 күндік іссапармен барып, тәжірибие алмасып келді. Осыған орай аудандық мектеп басшылары білім жағынан көш ілгері мемлекеттен алған тәжірибені ортаға салды. Олар сингапурлықтардың оқу тәрбие бағдарламасын басшылыққа ала отырып, ұлттық құндылықтарға бағытталған төрт бағытты біртұтас тәрбие бағдарламасымен ұштастырып, айтулы нәтижеге жете аламыз дейді.

№47 жалпы білім беретін мектеп
ғаламтордан

Осы орайда, №47 жалпы білім беретін мектепте «Отбасы құндылығы – ұлттық тәрбие» атты ұстаздар арасында этно-ұлттық сайыс және «Трансформациялық ойындар арқылы отбасылық құндылықтарды нығайту» тақырыбында тренинг өтті.

Мұндағы мақсат – отбасы мәдениетін қалыптастыру арқылы бала бойына ұлттық құныдылықты сіңіру және педагогтар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың жаңаша әдістерін қолдану. Семинар барысында «Отбасында бала бойына ұлттық құндылықты ойын арқылы қалай сіңіруге болады?» деген мәселе көтеріліп, мәдени мұра мен ұлттық құндылықты қалыптастыруда қандай әдіс-тәсілдерді қолдану керектігі сөз етілді.

«Бүгінде ұлттық құндылықтан ажырап бара жатқанымыз қоғамдық мәселеге айналды. «Баланы өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы. Отбасы – өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, ұлттық құндылыққа баулиды. Отбасы – бала бойына ұлттық құндылықты қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы. Балалар санасына ұлттық құндылыққа деген көзқарас жүйесін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты, даналық, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерді сіңіретін де отбасы. Сондықтан кез келген сатыда тәрбиелі білім беру ата-ана мен ұстазға жүктеледі.

№47 жалпы білім беретін мектеп
ғаламтордан

Мұғалім мен ата-ана баланы «Жақсылық жасау – игі іс» қағидасымен тәрбиелеуі керек. Екінші, «Өмірің мәнді өтуі үшін оны жоспарлай біл» қағидасына баулып, уақытты тиімді пайдалану әдістерін үйрету абзал. Үшінші, «көшбасшылық – жауапкершілікті мойнына алу» қағидасын ұстану. Төртінші, «өзіңді сыйлау арқылы өзгені де құрметтеп, өзіңді құрметтете біл» ұстанымымен тәрбиелеу. Бесінші, ұлттық құндылықты бағалайтын нағыз ұлтжанды азаматты тәрбиелеу. Алтыншы, «Еліне адал қызмет ету парасат жолындағы ізгілікті істер» қағидасын ұстану.

Семинар аясында өткен тренигте ұлттық және отбасылық құндылықтарға, еліміздің құнды жәдігерлері мен батыр тұлғаларының ерлік істері, ел мен жер тарихына және отбасы мүшелерінің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға арналған «Бақыт құшағында» деп аталатын қызықты отбасылық ойын көрсетілді. 

№47 жалпы білім беретін мектеп
ғаламтордан

Сондай-ақ, «қазақ киіз үйін» құрастыру ойынында қазақ үйдің әр бөліктеріне қазақ халқының тұрмысқа қажетті бұйым атауларына қатысты сұрақтар жасырынды. Әрине, қазақ халқының жиын тойы ән-жырсыз өтпеген. Қазақтың ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен ән де айтылды. Одан бөлек қолқа салу, кәде-сый жасау, киіз басу, бес тас ойыны сияқты ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді қайта жаңғыртқан ауқымды деңгейдегі семинар өтті. Өскелең жас ұрпаққа ұлттық құндылықтар – біздің тіршілігіміз, бабаларымыздан қалған асыл мұра екенін түсіндіру арқылы құрметтеуге шақыру маңызды. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қосып, адал қызмет ететін ізденімпаз, ұлтжанды тұлға тәрбиелейтініміз анық.