Алматылық студенттер ауаны тазартатын құрылғы жасап шығарды
Алматыда 31 мамыр күні Алматы Менеджмент және Лихай университетінің студенттері «Breathe Almaty» атты экологиялық жобаның таныстырылымын өткізді. Жоба барысында студенттер ауа ластану деңгейін анықтайтын «LE-SMILE» ауа мониторын таныстырды. Құрылғыны өздері ойлап тауып, жасаған. Сонымен қатар, Гонконг қаласында жасалған құрылғының нұсқасы бізде де жасалынып жатыр. Студенттер жергілікті өнімдерден құрылғының баламасын жасап шығарды.
Алматы қаласының экологиялық мәселелері күн сайын артып келе жатқандығы көпшілікке мәлім. Аталмыш мәселелерді шешу үшін бірнеше жобалар ұйымдастырылып жатыр. Сондай ауқымды жобалардың бірі- «Breathe Almaty» жобасы. Жобаның негізін қалаушылар – студенттер. Атап айтқанда, Алматы Менеджмент және Лихай университетінің белсенді студенттері бірігіп, экологиялық мәселелерді шешудің жаңа жолдарын көпшілікке ұсынды. Жоба ұйымдастырушысы Мөлдір Сиязбаеваның айтуынша, біз экологиялық мәселелерді бірден шешуге қабілетті емеспіз.
«Біздің жоба – ластанған ауаны тазартуға бағытталған. Қазір біз табиғаттағы тұтастай ауа сапасын арттыруға қабілетті болмасақ та, жабық кеңістіктегі, ғимараттардағы, оқу және жұмыс орындарындағы ауаны тазартуға мүмкіндігіміз бар. Осы тұста командамен ауаның ластану деңгейін анықтайтын құрал «LE-SMILE» ауа мониторын ойлап таптық. Ауаны фильтрден өткізетін Гонконг қаласынан келген құралдың Қазақстандық баламасын жасап шығардық. Бұл құрал екі жақты DYSON фильтрі және арнайы желдеткіштен тұрады.AIRFILTER арқылы ластанған ауа сүзгіштен өткізіп, желдеткіш арқылы таза ауа сыртқа шығады. Осылайша, ғимарат ішіндегі ауа айналымын жақсартамыз»,- дейді жоба ұйымдастырушысы.
Таныстырылым кезінде студенттер құралдарды сынақтан өткізді. Құралды орнатпай тұрып, ғимараттың ауа ластану көрсеткіші 145 баллдық шкаланы көрсетті. Бұл - әдеттегі нормадан әлдеқайда жоғары көрсеткіш. 20 минуттан кейін фильтрдің көмегімен баллдық шкала 92 % төмендеп, 11 баллдық нәтижені көрсетті. Демек, механизм іске асты деген сөз.
«Адамдардың 90%-дан астамы ауаның ластануына қатты алаңдайды. Бірақ респонденттердің 68%-ы бұл мәселені жеке адамдардың шеше алатындығына сенеді. Сол үшін де алаңдаушылықты жойып, іс-әрекетке шақырамыз. Біз ұсынатын іс-шаралар экологиялық мәселелерді шеше алады және оларды орындай алатын адамдардың санын көбейтеді»,- дейді Лихай университетінің студенттері.
Сонымен қатар, ауа ластануының әсері қоғамда кеңінен мойындалғанына қарамастан, жеке іс-әрекет жасауға еркіндік пен сенімнің болмауы кедергі келтіруде деп ойлайды. Осыған қатысты, Лихай университетінің статистика маманы Джесс:
«Дәрменсіздік туралы басым түсінікке қарсы тұра отырып, біз адамдардың трансформациялық әлеуетін аша аламыз, адамдарды өзіміз үшін таза болашаққа ұмтылуға белсенді қатысуға шабыттандырамыз», – дейді.
Лихай университетінің мамандары алдағы бес жылда «BREATHE ALMATY» экологиялық мәселелерді шешу жобасына қызығушылық білдіретіндердің саны артады деп сенеді. Олардың мақсаты – рецензияланған басылымдағы 68%-ды 95%-ға арттыру.
«Адамдардың ойлары жақсы жаққа ауысу арқылы мінез-құлқымыздың өзгеруіне қол жеткізе аламыз. Біз бірге әрбір адам неғұрлым таза және дені сау Алматыны құруда белсенді рөл атқаратын тұрақты болашаққа жол ашамыз. Табиғатқа қамқорлық жасау арқылы адамдардың әрекетке сену қабілетін арттырамыз»,- дейді мамандар.
Айта кететін жайт, «BREATHE ALMATY» экологиялық жобасы – ауаның ластану салдарымен күресуге бағытталған жаңа жобалардың бірі. Таза ауаға бірден қол жеткізу оңай шаруа емес. Дегенмен, жоба мамандары әр үйге ауа күйінің мониторларын және ауа сүзгілерін орнату арқылы ауа ластануымен күресуге алғашқы қадамдар жасай алатындығымызды айтты. Бұл құрылғыларды толығырақ таныстырды.
«LE-SMILE» ауа мониторы
Студенттер «LE-SMILE» ауа мониторының құрылымына тоқталды. Нақты айтқанда, монитор батареясының қызмет ету мерзімі 4-6 сағат аралығында жұмыс істейді. Құрылғының жарамдылық мерзімі – 10 жыл. Panasonic сенсоры мен PM бағасын көрсетуге арналған CanAirlo кодынан тұрады. Құрылғы орналасқан қораптың өлшемдері 55 мм. Өндірістегі бағасы 50,44$ тұрады. Батареяны импорттау қиын болғанымен, нарықтағы бағасы қолжетімді.
«LELI» ауа сүзгісі
Құрылғылардың кезекті таныстырылымында «LELI» ауа сүзгісі туралы да баяндады. «LELI» ауа сүзгісі – таза ауаға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған құрылғы. Назар аударарлық ерекшеліктері мыналар:
DYSON (HEPA) сүзгісінен тұрады;
Сүзгінің қызмет ету мерзімі 3 ай;
Сүзгіні оңай әрі тез ауыстыра аласыз;
Салмағы 529 грамм;
Ұзындығы, ені және биіктігі 20 см-ден аз;
Сүзгінің материалы – картон.
Өндірістегі құны 60 Гонконг доллары – 8 АҚШ долларына бағаланған. Импорттық бағалар жергілікті нарықтарда материалдарды іздеу барысында төмендеуі мүмкін екендігі ескертілді.
Құрылғылардың атқаратын қызметтері бір-біріне ұқсамағанымен, екеуі де ауа тазалығының сапасын арттыруға бағытталған. Ауа мониторы бөлме ішіндегі ауа ластануын баллдық шкаламен көрсетіп, оны түзетуге жұмыс жасаса, ауа сүзгісі бөлмедегі лас ауаны сыртқа шығарып, бөлме ішіндегі ауа айналымының жұмысын жақсартады. Осылайша, күн сайын бөлмедегі, ғимараттағы, жұмыс және оқу орындарындағы ауа тазалығын бақылауда ұстауға болады. Ауаның таза болуы адамдардың өздерін сергек сезінуіне мүмкіндік береді. Құрылғылардың жұмысы жақсы нәтиже береді деген сенімдеміз.
Таныстырылым кезінде Лихай университеттерінің студенттері: «Ең кішкентайынан бастап та бірте-бірте, отбасыдан-отбасыға жақсылық жасауға болады. Жақсылық жасау ешқашан кеш емес!» атты ұстанымдарын көпшілікке ұсынды. Көрермендерді жақсылық жасауға шақырып, қоғам назарын аудартуға бірге жұмыс жасауға шақырды.
Қазір бұл басты мәселелердің қатарында. Себебі, жоба барысында жобаны қаржыландырудың жеткіліксіздігі, коллаборацияның жоқтығы, қоғам назарын аудартудың аздығы туралы да сөз қозғалды. Студенттер құрылғылардың жұмыстарына үгіт – насихат жүргізіп, көпшілік назарын аударта алсақ, құрылғыларды нарыққа сатылымға шығарып, экологияға бағытталған жақсы жұмыстарды атқарамыз деген сенімде. Осы арқылы тек бөлме ішіндегі ауа тазалығын жақсартуға бағытталған жұмыс жалпы табиғаттағы ауаны да қорғауға бағыт алуы мүмкін.
Жобаның негізгі мақсаты – қала ішіндегі ғимараттардың ауа ластану мәселелерін шешу, ауа айналымдарын жақсартуға бағытталған жұмыстарды қоғамға таныстыру еді. Көрермендер арасында қызығушылық танытып, бірге жұмыс жасауға ұсыныс тастағандар да аз емес.
Көрермендерді: «Мамандар «BREATHE ALMATY» нақты өзгерістер нөлден басталатынын мойындайды. Жеке адамдар мен қауымдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейте отырып, біз ұжымдық жауапкершілікті арттырамыз және қарапайым әрекеттерге шабытттандырамыз. Біз әрбір адамның экологиялық проблемаларды шешуге және Алматының дені сау, экологиялық таза болашағына үлес қосуға деген мүмкіндігі бар деп санаймыз», - деген сөздері шабыттандырды.
Таныстырылым соңын мамандар көрсетілген слайдтағы «Үміт, төзімділік және ұзақ мерзімді әсер ету тарихын бірге жазайық. Бірте-бірте біз Алматы үшін жарқын болашақ құра аламыз. Алматы таза ауамен тыныстайды!» деген сөздермен аяқтады.