Алматыдағы сауда орталығынан өрт шықты
Алматыда сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде өрт болды, - деп хабарлайды қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Ақпарат бойынша, 14 ақпанда сағат 8:56-да Алматы ТЖД күштері мен құралдары «Домиллион» сауда және ойын-сауық орталығындағы өрт туралы хабарламаға жоғары шақыру дәрежесімен шыққан.
Өрт сөндірушілер келгенде ғимараттан қатты түтін шығып жатқан. Барлау барысында газ-түтіннен қорғау қызметкерлері қойма жанып жатқанын анықтады, содан кейін өрт оқпандары беріліп, жедел штаб ашылды. Таңғы сағат 9.46-да 40 шаршы метр алаңдағы өрт сөндірілді. Сауда орталығында өрт сөндіретін және түтін жұтатын автомат жүйесі іске қосылды. Осылайша өрттің тарауына жол берілмеді.
Оқиға болған жерге 24 техника мен жеке құрамнан және қаланың өзара іс-қимыл қызметінен 79 адам жұмылды.