USD
USD
USD

Алматыдағы жол апаты: қала әкімі бір аптадан кейін көңіл айтып, полицияға тапсырма берді

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында 21 наурызға қараған түні болған жантүршігерлік жол апатынан бір апта өткеннен кейін ғана қала әкімі Дархан Сатыбалды оқиғаға пікір білдіріп, марқұмдардың отбасына көңіл айтты.

Сатыбалды
Фото: Алматы әкімдігі

Астана, NEGE. Дархан Сатыбалды әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкеп соққан жол апаты қала үшін орны толмас қасірет екенін айтты.

«Жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтіп, жүйелі жұмысты жалғастырамыз.

Инфрақұрылымды жетілдіру мен цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасады. Бірақ жол ережесі сақталмаса, тәртіп орнамайды. Осыған байланысты полиция көлікті тұраққа дұрыс қоймаудан бастап өрескел заң бұзушылықтарға дейін қатаң шара қолдануы қажет», – деді Алматы әкімі.

Сондай-ақ ол қаланы аралап, «жұмыс барысын жеке өзі бақылайтынын» атап өтті.

Өз кезегінде Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов баяндамасында «құрғақ статистикаға» тоқталып, қалада 9 мыңнан астам «Сергек» камерасы барын мақтан етіп, жол-көлік оқиғасы бойынша өлім-жітім деңгейі төмен екенін айтты.

Айта кетейік, әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан үш адам қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, апат алдында көше жарысы болған. 

Осы оқиғадан кейін полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол «әрекетсіздік таныту» күдігіне ілінді.

Сондай-ақ қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінен босатылды, оның есімі ресми түрде аталмады. БАҚ мәліметінше, әңгіме Ержан Ұзабаев турасында болып отыр. Бұл ақпаратты NEGE дереккөзі де растады.

 

 

 

Қазір оқып жатыр

Шымкентте TikTok арқылы жүргізуші куәлігін саудалаған ер адам қамауға алынды

Күдікті

Air Astana басшылығына төленетін төлемдер шамамен 6 млрд теңгеге дейін ұлғайған

AirAstana

Зейнетақының 20 пайызын ұстап қалатыны рас па?

Зейнетақы

26 наурыз – Халықаралық Арал күні болуы мүмкін

Саммит