USD
USD
USD

Алматыдағы блэкаут: Бектенов оңтүстік өңірлерді электр энергиясымен қамтуды күшейтуді тапсырды

Қазақстан 14 тамызда Алматы мен бірқатар өңірлерде болған электр энергиясының жаппай өшуіне қатысты өз позициясын өзгертпеді. Қазақстан тарапы Орталық Азияның энергетикалық жүйесіндегі алғашқы ауытқуды Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың ажыратылуымен байланыстырады.

электр
Фото: NEGE/depositphotos.com

Астана, NEGE. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, 14 тамыз күні сағат 14:37-де Орталық Азияның энергетикалық жүйесінде генерациялайтын жабдық ажыратылған. Қазақстан тарапы бұл жағдайды Тоқтоғұл ГЭС-індегі №1 және №2 гидрогенераторлардың ажыратылуымен байланыстырып отыр. 

«Бүгінде біздегі ақпарат бойынша, іргелес энергетикалық жүйелердің жұмыс режимінің өзгеруі Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағында қуаттың қайта бөлінуіне әкелді. Соның нәтижесінде Қазақстанның солтүстік және оңтүстік энергетикалық аймақтары бөлініп кетті», – деді Ерлан Ақкенженов.

Оның айтуынша, бұдан кейін Алматы энергия торабы мен «Анадырь» қосалқы станциясын қоса алғанда, үш қосалқы станция ажыратылып, кейін үш электр желісі де өшті. Бұл өз кезегінде бірқатар өңірде электр энергиясының ажыратылуына әкелген. Ал KEGOC жүйелік операторы сағат 14:47-ден бастап электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. 

«Сағат 14:47-де біздің жүйелік операторымыз – KEGOC бірқатар өңірді қайта қосу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы шектеулер алынды. Сағат 16:12-де Алматы мен Жетісу облыстарындағы шектеулер де алынды. Осылайша бүкіл оңтүстік энергетикалық аймақ Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесімен қайта синхрондалды», – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр Қырғызстан тарапының ұстанымына да тоқталды. Бұған дейін Қырғызстан Тоқтоғұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың ажыратылғанын мойындағанымен, оны Қазақстандағы жаппай жарық өшуінің тікелей себебі ретінде қарастыруға болмайтынын мәлімдеген болатын. 

Ал Ақкенженовтің айтуынша, түпкілікті шешімді Қазақстандағы одан кейінгі процестерге, соның ішінде Алматы энергия торабының ажыратылуына қатысты мемлекеттік комиссия шығармақ.

Сондай-ақ Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов оңтүстік өңірлерді электр энергиясымен қамтуды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл – өте маңызды стратегиялық бағыт. 

Айта кетейік, 14 тамыз күні Алматы қаласының Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарының тұрғындары жарықсыз қалды. Ал Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында электр жарығы өшіп қалған еді.

Аталмыш жағдайдан кейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мемлекеттік комиссия құрылды. Қазіргі уақытта комиссия оқиғаға қатысты жекелеген мәліметтерді нақтылап жатыр.

Қазір оқып жатыр

Мұнайдың тағдырын кім шешеді? Экономист Үкіметтің болжамына баға берді

Сапарбай Жұбаев

Volkswagen ондаған мың жұмыс орнын қысқартып, 2030 жылға дейін жалақыны өсірмеуді жоспарлаған

 Volkswagen

Тоқаев әскери әзірлік сапасын арттырып, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды талап етті

Тоқаев, Омарбеков, Савельева

«Санитарлар зорлық-зомбылық көрсеткен»: Аягөзде ерекше балаларды қорлаудың жүзден астам фактісі анықталды

Тәрбиеленуші мен санитар