Алматыдағы автобус апаты: Жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады
Әлеуметтік желіде Алматыда автобус жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат пайда болды.
Алматы, NEGE. Автобус жүргізушісі үндеу жолдады. Ол қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, өзінің кінәлі емес екенін жеткізді.
«Біріншіден, қаза болғандардың отбасына көңіл айтамын. Менің тарапымнан ешқандай арам ниет болмағанын айтқым келеді. Мұндайды жауыма да тілемес едім. Өзімді кінәлі деп санамаймын. Ауруханада жатқанымда маған екі тергеуші келді: ер мен әйел. Олар менің жәбірленуші екенімді айтты. Ал қазір ауруханадан шыққан соң, маған ауыр айып тағылғанын білдім. Өзім үй жалдап тұрамын, екі балам бар. Олар үшін аянбай жұмыс істеп келемін, олар маған ешқашан шағымданған емес. Сол кезде соққы болмаса, мен мұндай жағдайға ешқашан жол бермес едім. Әділ шешім шығарылады деп үміттенемін», - деді автобус жүргізушісі.
Қалалық Полиция департаменті қоғамдық көлік жүргізушісінен жәбірленуші ретінде қылмыстық істер аясында жауап алынғанын мәлімдеді.
Бұрын хабарланғандай, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қалалық ПД анықтау Басқармасымен ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі, 351-бабы 3-бөлігі және 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
«Қоғамдық көлік жүргізушісі К. есімді азаматшадан, жәбірленуші ретінде қылмыстық істер аясында жауап алынды.Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады»,- деп хабарлады қалалық полиция департаменті.